ХХІ ғасырдың дәрігері пациентті емдеуге қатысты ақпараттар ағынымен күнделікті кездесіп отырады. Мысалы, ХХ ғасырдың екінші жартысындағы дәрігер өз тәжірибесінде басты антиботик ретінде тек пенцилиинді қолданса, ал ХХІ ғасырдың дәрігері антиботиктердің бірнеше түрлерін таңдау мен пациентке тиімді көмек көрсету кезінде дұрыс клиникалық шешім қабылдауға ие. Қазіргі таңдағы ақпараттық кеңістік пациенттің диагнозын анықтау мен емдеудің түрлі ұсынымдарынан тұрады және сол ұсынымдардың ішінен тиімдісін таңдау да дәрігерлерге қиындық туғызатыны да рас. Осыған орай, өткен ғасырдың 80-ші жылдары дәрігердің тәжірибелік қызметіне көмек көрсететін клиникалық нұсқаулықтар мен клиникалық хаттамалар енгізіле басталды. Бұл жерде клиникалық нұсқаулықтардың ұсынымдық сипатқа, ал клиникалық хаттамалардың – реттестірушілік сипатқа ие екендігін ескерген жөн. Аталған құжаттардың тек дәрігерлерге ғана емес, аурухана мен емхана, сондай-ақ аталған ұйымдар менеджерлерінің басқарушылық қызметіне, дәрігерлердің тиімді емдеу жүргізуі мен клиника дамуының басымдықтарына да көмегін тигізетіні сөзсіз.
Қазақстан Республикасында тұрғындарға медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру жөнінде жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29 қарашадағы №1113 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясындағы денсаулық сақтауды реформалау бойынша іс-шаралар өткізу клиникалық нұсқаулықтар мен клиникалық хаттамаларды әзірлеу тәртібін белгілеп отыр. Соңғы 20 жылдағы «медициналық қызмет көрсету сапасы ұғымы» едәуір өзгеріске ұшырады. Медициналық көмектің жақсаруы дегенге жалпы көзқарас осы қызметті көрсететін ұжым деңгейінен адамдар командасы деңгейіне дейін, жалпылық деңгейінен жалқылық деңгейіне дейінгі қарқынды даму бағытына айналды. Алғаш рет клиникалық нұсқаулық туралы 2000 жылдың қараша айында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Сараптамалық кеңесінің мәжілісінде сөз болды. Сол мәжілісте сарапшылар Қазақстанда да алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибелеріне негізделген клиникалық нұсқаулықтарды да әзірлеу қажеттілігі туралы сөз қозғады. Дәлелді медицина қағидалары тұрғысында сырқаттарды диагностикалау, емдеу және сауықтыру бойынша ұзақ мерзімді клиникалық нұсқаулықтарды қалыптастыруда ішкі ауруларды, балалар ауруларын, акушериялық және гинекологиялық аурулар, хирургиялық ауруларды қамтыған назологиялар таңдалды. Дәлелді медицина – әрбір науқасты тексеру мен емдеуде қазіргі заманғы жетістіктерді қолдана отырып, халықаралық және отандық стандарттар талаптарын мүлтіксіз орындау. Сондай-ақ қазіргі кезде жан-жақты ақпараттандыру мен компьютерлік технология дамуының негізінде интеграциялар жүруде. Осы орайда, Қазақстан Республикасындағы медициналық қызмет сапасын арттыруда медициналық тәжірибеге дәлелді медицинаны енгізу басым бағыттардың бірі болып табылады. Бұл бағытта дәрігерлерді, ғылыми қызметкерлері, жоо оқытушыларын, клиникалық ординаторлар мен студенттерді дәлелді медицина қағидалары бойынша оқыту жүйелі түрде жүргізілуде. Жалпы алғанда денсаулық сақтау сапасындағы қордаланған мәселелерді түрлі елдердің медициналық көмек сапасын басқару жүйесінде қалыптасқан тәжірибені қолданып шешу халықаралық кеңесшілердің күшімен зерделенуде.
Клиникалық нұсқаулық – тәжірбиелі дәрігерге белгілі клиникалық жағдайларға медициналық көмек көрсету кезінде шешім қабылдауға жәрдемдесетін жүйелі түрде әзірленіп отыратын ереже. Нұсқаулық та хаттама секілді алгоритмдерге негізделеді, бірақ араласулардың әрбір кезеңін толық баяндамайды. Нұсқаулықты әзірлеуге барынша көп уақыт жұмсалғанымен, ол іргелі зерттеу болып табылады. Әзірленетін нұсқаулықтардың басты талабы – дерек көздеріне сілтемелер көрсетілген нақты ұсынымдардың дәлелділік деңгейі. Клиникалық нұсқаулықтағы әрбір арнайы алынған ұсыным қолда бар сенімді дәлелдерге негізделуі тиіс. Клиникалық нұсқаулықтарды әзірлеу мақсаты – дәлелді медицина қағидаларына негізделген медициналық көмек көрсету үдерістерін стандарттау. Клиникалық нұсқаулықтардың негізгі міндеттері:
• Клиникалық тәжірибелерге қазіргі заманғы ғылыми мәліметтерге негізделген стандарттарды енгізу;
• Шешім қабылдау барысын жеңілдету;
• Жұмыс сапасы мен кәсібилік деңгейді бағалауға қызмет ететін негіз болу;
• Денсаулық сақтаудағы шығындардың тиімділігін арттыру;
• Клиницистердің күнделікті қызметі денсаулық сақтау органдары басшыларынан өз қызметіне деген асқан жауапкершілікті талап етеді. Бұл бір жағынан тұрғындарға жаппай қызмет көрсету сапасын арттырумен қатар, клиникалық диагноз шешімін қабылдауға да барынша ықпалды.
Клиникалық нұсқаулық пен клиникалық хаттама пациенттерге медициналық көмeк көрсетуде жалпы танылған әдіснамалық құрал және қазіргі заманғы ең таңдаулы мәліметтерді пайдалана отырып әзірленеді, содан кейін заңнамалық тәртіпте бекітіледі. Хаттамалар Денсаулық сақтау министрілігінде талқылаудан өтіп, бұйрықпен бекемделеді. Біз жоғарыда құжаттардағы ақпараттардың мәліметі пациенттерді емдеуде тәжірибеленуші дәрігерлерге ең қауіпсіз және шығыны аз емдеу әдісі болып табылатынын айтқан болатынбыз. Клиникалық хаттама мен клиникалық нұсқаулық клиникаға жаңа келген жас дәрігердің пациентті емдеудегі бағасыз құнды көмекшісіне айналды. Сондай-ақ, тәжірибелі дәрігерлердің де үздіксіз кәсіби білім беруде сенімді ақпарат көзі болады және қарастыру мен толықтыру қажет болған жағдайларда жаңартылып отырады. Осы жағдайда нұсқаулық немесе хаттама күнделікті клиникалық тәжірибеден туындайтын нақты клиникалық сұрақтарға жауап бере алатын ақпарат көзінің қызметін атқарады. Медициналық көмек көрсетуде қажетті клиникалық хаттамалар және оның негізінде әзірленген алгоритмдер дәрігерлікке дейінгі жедел және шұғыл медициналық көмек көрсетудің өмірлік маңызды шешімі екені анық табылады. Кейде осы құжаттардағы ұсынымдар емдеудің ескі әдістерін қолдануға үйреніп қалған дәрігерлерге күтпеген соққы болды және олар өз тәжірибелерінде клиникалық хаттамаларды пайдалануға немқұрайлық танытады. Алайда, асылында хаттамалар көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға қабілетті және пациенттің бөлімшеде болу мерзімін қысқартады. Сондай-ақ емдеудің ұсынылған әдістерін қолданудағы беделді білім көзі екені ақиқат. Клиникалық хаттама және клиникалық нұсқаулық медициналық көмек көрсетуде базалық құжат және дәрігердің қызметі сапасын сараптау, кейбір даулы мәселелерді шешуде маңызды құрал. Себебі клиникалық хаттамалардағы ұсынымдар нақты яғни өлшенбес сипатқа ие.
Аманғали АҚАНОВ.