Ғылыми семинар биыл тоқсанға келген әдебиеттанушы ғалымдарға, сол ғылымның көкжиегін кеңейтіп, көсегесін көгерткен, бүгінде арамызда жүрген Серік Қирабаев, өкінішке қарай дүниеден өтіп кеткен Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішұлы, Нығмет Ғабдуллин, Мүсілім Базарбаев, Рахманқұл Бердібай сынды тарлан академиктерге арналды. Университет ұстаздары мен студенттер қатысқан алқалы жиында осы тұлғалардың ғылыми еңбектерімен қатар адамгершілік қасиеттері, үлгі тұтар қырлары жан-жақты қамтыла баяндалып, ғылымға үлес қосу мен көптің мүддесі үшін жұмыс істеудің маңыздылығы туралы әсерлі естеліктер айтылды.
Филология ғылымдарының докторы, академик Сейіт Қасқабасов баспасөз өкілдеріне берген сұхбатында өткен ғасырдың 50-жылдары ғылымға келген осы топтың қазіргі қазақ әдебиеттануының өсуіне, кәсіби ғылым ретінде қалыптасуына зор үлес қосқанын атап өтті. «Өткен ғасырдағы саяси оқиғаларды өздеріңіз жақсы білесіздер. Аға буын ғалымдар сотты болды, қуғындалды, жазықсыз жапа шекті. Институттарда қазақ әдебиетінен сабақ беретін ғалымдар қалмаған кездер де бар. Сол кезде осы буын жоқтың орнын толтырып, институттар мен мектептерге арналған оқулықтар жазды, ғылыммен айналысты, шәкірт тәрбиеледі», деді ол.
Жиын барысында баяндама жасаған филология ғылымдарының докторы, академик Дихан Қамзабекұлы сол тұлғалардың күнделікті өмірде көзін көрген, тағылымын алған шәкірт ретінде әрқайсысына сипаттама беріп, бірінің зиялылығын, бірінің шешендігін, тағы бірінің шәкірттері үшін ерекше жан толқытар жақсы қасиеттерін әңгіме өзегіне айналдырды.
Ғылыми семинарда «Зейнолла Қабдолов және қазіргі әдебиет теориясы мәселелері» деген тақырыпта филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Үсен, «Тұрсынбек Кәкішұлы – қазақ әдебиеті сынының тарихын қалыптастырушы» деген тақырыпта филология ғылым дарының докторы, профессор Сағымбай Жұмағұлов, «Рахманқұл Бердібай зерттеуіндегі қазақтың ауыз әдебиеті мәселелері» деген тақырыпта филология ғылымдарының кандидаты, профессор Б.Қорғанбек, «Нығмет Ғабдуллин және қазақ әдебиетіндегі жаңа адамды бейнелеу мәселелері» деген тақырыпта филология ғалымдарының кандидаты, доцент Гүлдария Ержанова сынды ғалымдар баяндама жасап, жоғарыда аттары аталған тұлғалардың ғылыми еңбектері мен адамгершілік келбеттерін жан-жақты сипаттап, студенттер үшін тәлім-тағылымы мол жиынның өтуіне атсалысты.
Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»