Медицина • 13 Қараша, 2017

«Кеспебайдың» «Доширактан» несі кем?

452 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Дәл солай, өзіміздің «Кеспебайдың» нарығымызды жаулап үлгерген тез да­йындалатын Қытай кеспелерінен түк те кемшілігі жоқ. Қайта өзіміздікін еш күмәнсіз ішесіз. Өйткені көрші елде жасалатын түрлі кеспелерге тұздық ретінде неше түрлі қоспа  қосылатынын растайтын видеолар да, қауесеттер де баршылық. 

Айтпақшы, көпшілік «Кеспебайды» әлі кездестірмеген болар. Енді ғана сау­да дүкендеріне жол тартқан тез дайындалатын кеспе Астана іргесіндегі Индустриялық парк­те орналасқан жедел тамақтандыру өнімдерінің жаңа кешенінде әзірленеді. «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» ұйымдастырған баспасөз турында елордалық БАҚ өкілдері кеспенің дайындалу барысымен танысты.

«Кеспебайдың» «Доширактан» несі кем?

Лезде әзір болатын кеспенің жасалу жолы да қарапайым. Тек бір артықшылығы, жұмысты толық озық технология атқарады. Алдымен қамыр иленіп, сосын жазылады. Одан әрі будан өтіп, кептіріледі. Содан соң бөліктерге бөлініп, дәмдеуіштерімен бірге қапталып, қорапқа салынады. Міне, сатылымға дайын. Көзіміз көргендей, кәсіпорындағы бұл процесс жалпы 15-ақ минутқа созылады.

Шаруаны қолға алған –­ «KazBrand» кәсіпорны. ЖШС­ бас директоры Алмаз Зари­пов­тің айтуынша, комбинат ал­ды­­мен кеспе шығаруды бас­та­ды, алдағы уақытта осы өнім тү­рінің ассортиментін ке­ңей­тіп,­ түрлі тұздықтар мен дәм­де­­уіштер өндіруді жоспарлап отыр. Осылайша Қытай, Ресей, Ко­рея мемлекеттерінен ке­летін импортты ығыстырмақ. Конди­терлік өнімдерді де өндіру – кәсіпорын мақсаты. Себебі қа­зір­гі таңда Еуропада шығатын үлкен кондитерлік цехпен ке­лісім жасалған. Олар технологияларымен бөлісіп, бізді құрылғылармен қамтамасыз етуге мүмкіндік жасайды. 

«Бізде кеспенің екі бренді бар: «Кеспебай» және «Bastoo». «Кес­пебай» – отандық бағытқа арналған, бағасы шетелдік өнім­дерге қарағанда арзанырақ. «Bas­too» – экспортқа шығаруға жос­парланған өнім. Енді осы тауарларымызбен Қазақстан нарығын жаулауға әзірміз. Қалай жаулаймыз? Біріншіден, біз бірегей рецепт әзірледік. Екіншіден, өнім­нің бағасы бәсекеге қабілетті бо­лады», дейді ЖШС директоры. Кеспе кәсіпорыннан 97 тең­геге шығады екен. Ал сауда орын­дарындағы бағасы шамамен 130-135 теңгенің көлемінде бола­ды. Таза салмағы – 90 грамм, қос­паларымен – 100 грамм. 

Кәсіпорын басшысының айтуынша, өнімнің құрамында еш­қандай химиялық, зиянды қоспа жоқ, 100 пайыз табиғи өнім. «Елімізде бұған дейін отан­дық тез дайындалатын кес­пелер шығарылмаған. Базар сөре­лерінде тек шетелдік өнімдер толып тұр. Қазақстанда өнімді дайындауға қажетті ұн да, тұз да, тағы басқа қоспалар да жеткілікті. Сондықтан неге өзіміздің отан­дық өнімді шығармасқа деген ой келді? Осы жылы 5 айдың ішін­де мамандарды жинап, оқыт­тық. Сөйтіп тамыз айынан бас­тап жұмысқа кірістік. Ай са­йын­ 3-6 миллионға дейін кеспе шы­ғарсақ, осы көрсеткішті жылы­на 30-60 миллионға дейін жеткі­зуді көздеп отырмыз», деген Ал­маз Зарипов кеспенің сапасы та­за, денсаулыққа зияны жоқ еке­нін айтты. Жақында өнім Қазақстанның барлық сауда дүң­гіршектеріне шығарылады. Осы айдың соңында алғашқы 3 млн дана кеспе сауда айналымына бағытталмақ. 

Кәсіпорын директоры­ ке­ле­­шек­те тәулік бойы жұмыс істей­тіндерін айтты. Дегенмен, қазір білікті мамандар тапшылығынан жұмыс тек бір ауысымда ғана атқа­рылуда. «Бізге жұмысқа ор­на­ласқысы келгендердің бар­лығын қабылдаймыз. Орташа жалақы 120-180 мың теңгені құ­райды. Қазіргі таңда 27 бос орын бар», дейді ол. Мекемеге ин­женерлер, технологтар, операторлар, қаптағышпен айналысатын қызметкерлер қажет екен. Сондай-ақ олар тәжірибесі жоқ мамандарды да оқытуға да­йын.

«KazBrand» кәсіпорнына «ҚазАгроҚаржы» АҚ желісі бо­йынша 900 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған. АҚ кредиттеу және лизинг басқармасының директоры Бауыржан Сәбитовтің айтуынша, бұл жоба 2014 жылдан бері қаржыландырылып келеді. Биылғы наурызда пайда­лануға енгізілді. Сондай-ақ жұм­салған қаржының жалпы көле­мі 1 млрд 233 млн теңге болса, соның 981 млн теңгесін «Қаз­АгроҚаржы» мекемесі құй­ған. «Жобаны қаржыландыр­мас­ бұрын біз оның тартым­ды­лығына, тиімділігіне мән бе­­­­ре­­­міз. Экономикалық қана емес, технологиялық әлеуетін де­ ­сараптаймыз. Бұл – өңдеуші кә­­сіпорын. Ұн – отандық, дәм­деуіштері әзірге шетелден жет­кізіледі. Көп ұзамай оны да өзі­мізде шығарамыз. Биыл рес­публика бойынша қайта өңдеу картасы жасақталды. Оған 435 кәсіпорын енді. «KazBrand» компаниясы соның құрамында», деді Б.Сәбитов.

Мамандардың сөздерінен ұққанымыздай, болашақта жедел дайындалатын тағам түрлері кеңейе түспек. Тек Қазақстанда жасалған өнімді таңдау – тұты­нушының құзырында.

Асхат РАЙҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»