АҚШ президентінің Азия-Тынық мұхиты өңіріне сапары барысында әлемдік қоғамдастыққа ортақ өткір мәселелер қарастырылады деп күтілген болатын. Оның ішінде Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы мен ядролық сынақтары да бар. Осы жылдың сәуір айында Қытай төрағасы Си Цзиньпин өзінің АҚШ-қа барған сапарында Д.Трампты Қытайға сапармен келуге шақырған болатын. Сарапшылар Д.Трамптың Азия мемлекеттеріне осы сапары АҚШ-тың одақтастары және серіктестерімен байланысты реттеп, АҚШ-тың аймақтағы көшбасшылыққа ұмтылысын нығайта түседі дегенді айтады.
Құрама Штаттар басшысы алдымен Жапонияға ат басын тіреді. АҚШ президенті мен Жапония премьер-министрі Синдзо Абэмен кездесуден кейінгі ақпараттар бойынша, Трамп АҚШ-та өндірілген әскери мақсаттағы қару-жарақтарды сатып алу ниетін білдірген. Бұл қару-жарақтар Солтүстік Кореяның биылғы жылы Жапон аралдарының үстімен ұшып өткен зымырандарын атып түсіруге қауқарлы екен. Президент пен премьер-министрдің өткізген баспасөз мәслихатында аталғандай, Жапонияның АҚШ-тың әскери техникаларын сатып алуы екі жаққа да тиімді. Себебі бұл Жапонияның қауіпсіздігін қорғауды қамтамсыз етеді.
Ал Жапония премьер-министрі америкалық қаруларды сатып алуды арттырудың жолын қарастыратындарын, қолданыста тұрған қазіргі қорғаныс жүйелерін жақсартуға мүдделі екендерін айта келіп, озық үлгідегі ауыр әскери техникаларды сатып алу жоспарларының бар екенін атап өтті. Сонымен қатар ол Жапонияның әскери әлеуетін цифрлы әрі сапалық тұрғыдан нығайтуға күш салатынын да жеткізді. Америкалық және жапониялық делегация екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын тереңдетуге де мән берген.
Осы тұста Солтүстік Кореяның ядролық қаруына байланысты АҚШ өкілінің де пікірін келтірейік. «КХДР-дың проблемасын шешу аяқталып қалды. Солтүстік Корея бүкіл әлемге қауіп төндіріп отыр. Барлық елдер осы қатерге қарсы тұруы қажет. Президент осыған шақырып отыр», деп мәлімдеді АҚШ президентінің қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Герберт Макмастер журналистерге. Сондай-ақ, Дональд Трамптың Азияға сапарының мақсаты Корей түбіндегі халықаралық қауіпсіздікті нығайту екенін де атап өткен.
Қарашаның ортасында өтетін АТЭЫ саммитінде Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп кездеседі деген ақпарат тарады. Ресей басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, президенттер аса өткір мәселелер жөнінде пікір алмасады. Оның ішінде Корей түбегіндегі проблема да бар. Д.Трамптың сөзіне тоқтала келіп, ол АҚШ басшысының КХДР-мен жағдайды жақсартуға ықыласты екені байқалатынын атады. Мына мәселеге де тоқтала кетсек дейміз. Қытайлық туроператорлар Солтүстік Корея астанасы Пхеньянға туристер апаруды уақытша тоқтатқан. Мұндай шектеуге АҚШ президенті Д. Трамптың Қытайға сапармен келуі себеп болса керек.
Туризм Солтүстік Корея үшін аз ғана табыс көзінің бірі саналды. Бұл мемлекетке келетін туристердің 80 пайыздан астамын қытайлықтар құрайды. КХДР-ға халықаралық санкция салынғаннан бері олардың көмір, теңіз өнімдерін, тоқыма бұйымдарын экспорттауы едәуір азайған. Бұған дейін болжағандай, Д.Трамп Қытайға сапары барысында Қытай билігін Ким Чен Ын режіміне қысымды күшейтуге шақырған сияқты. Кейбір дереккөздер бойынша, Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің АҚШ президентімен кездесуіндегі басты мәселенің бірі – Пхеньянның ядролық бағдарламасы болған.
Осының алдында Д.Трамп Солтүстік Корея билігі келіссөзге отырып, ядролық қару жасаудан бас тартуы тиіс деп мәлімдеген болатын. Оның үстіне ол дүние жүзінің елдерін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қабылдаған қарарды орындауға және Солтүстік Кореямен сауда-экономикалық қатынастар жасауды тоқтатуға шақырған еді. «Барлық мемлекеттер БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құжатын орындауы тиіс, Солтүстік Кореямен сауда және бизнес жүргізуді толық тоқтатуы қажет», деген еді Д.Трамп Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Инмен кездесуден кейінгі бірлескен баспасөз мәслихатында. Сонымен бірге ол «елдер әскери қимылдан басқа барлық құралды пайдалана отырып, Солтүстік Корея проблемасының шешілуіне жұмыс істеуі керек», – деп атап өтті.
АҚШ президентінің бұл мәлімдемелеріне Ким Чен Ын бастаған Солтүстік Корея билігі құлақ асатындай сыңай танытпады. Бұл сапарға Солтүстік Кореянын ең жоғары басшысының бірі Ким Жоң Ун да ерекше назар аударып отыр. Өйткені Д.Трамп алдымен Жапонияға барды, одан кейін Оңтүстік Кореяға, кейін Қытай еліне барды. Аталған осы үш мемлекет те Қытайдың ірі сауда серіктестері. Бұған қоса бұл елдер Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасына қарсылық танытып келеді. Екіншіден, АҚШ президентінің сапары оның Азия мемлекеттеріне жасаған сапарының сәтті немесе сәтсіз болуымен тікелей байланысты. Осы сапарда, тіпті ол Солтүстік Кореяға қарсы қысымды арттырып, күш қолдануды ұсынуы да мүмкін. Ал Азияның елдері осындай ұсынысты қолдай ма, жоқ, қолдамай ма? Бүгінде ешкімнің ядролық соғыс өртін көргісі келіп отырған жоқ. Оның зардабы қандай екендігін Қазақстан халқы жақсы біледі.
Ал сәрсенбі күні Қытайға мемлекеттік сапармен келген АҚШ президенті Дональд Трамп ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Мемлекет басшыларының кездесуі Бейжіңдегі «Жабық қала» сарайының «Гугун» музей кешенінде өткен. Қытайдың орталық теледидарының хабарлауынша, кездесуге президенттердің зайыптары да қатысқан. Кейін белгілі болғанындай, тараптар екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамытумен қатар, Корей түбегіндегі проблемаларды реттеуге де ерекше назар аударған.
«Біз шұғыл іс-әрекет жасауымыз қажет. Қытай өзгелерге қарағанда, бұл проблема бойынша шұғыл және тиімді іс-әрекет етеді деп үміттенемін», деп мәлімдеген Д.Трамп С.Цзиньпинмен кездесуде. АҚШ президенті, сондай-ақ Қытай басшысын аталған проблемамен мықтап айналысуға шақырған. Бұған қоса ол Ресей президенті Владимир Путиннен де осы мәселенің шешілуіне көмектесуді өтінген.
Жалпы, АҚШ президентінің «өктем сөйлеуі» алғашқы күндердегідей емес, бәсеңдеп қалған сияқты. Мәселен, ол Оңтүстік Корея парламентінде сөйлеген сөзінде КХДР басшысы Ким Чен Ынге АҚШ-тың «төзімділігімен ойнамауға» кеңес бере келіп, Пхеньян иеленгісі келіп отырған ядролық қару Солтүстік Кореяның қауіпсіздігін нығайта алмайтынын, ол елдің өзіне үлкен қауіп төндіретінін мәлімдеген болатын. «Бізді сынай бермеңдер», дегенді де қосып қойған еді. Дегенмен, президент егер Пхеньян баллистикалық зымыран жасау және оны сынауын тоқтатып, ядролық кешендерін тексеруге келіссе, онда Солтүстік Кореяның болашағы жарқын болатынына уәде берген-ді.
Соңғы ақпараттарға қарағанда, сенбі күні Вьетнамның Данонг қаласында АҚШ президенті Д.Трамп пен Ресей президенті В.Путин кездескен. Кездесуде тараптар Сирия бойынша бірлескен мәлімдемені мақұлдаған. Онда президенттер Сирияның тәуелсіздігіне және аумақтың тұтастығына ниетті екендіктерін білдіріп, жанжалды БҰҰ-ның қолдауымен Женева процесі аясында саяси жолмен реттеу қажеттігі аталған.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»