Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аяғын тәй-тәй басып келе жатқан мемлекетіміздің қай саласына болмасын оңай тимегені рас. Денсаулық сақтау саласы да бұл қиындықты айналып өте алмады. Ол кезеңдерден бері де бірнеше қайта құруларды бастан өткердік. Соның барлығы да егемен еліміздің медицина саласын дамытудың қадамдары болатын. Әсіресе, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған бағдарламасы аясында көптеген істер атқарылды. Мысалы, 2006 жылы аудандық орталық ауруханаға жаңа үлгідегі ғимарат берілсе, 2007 жылы аудандық емхана күніне 250 сырқат қабылдайтын, соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталған жаңа 2 қабатты ғимаратқа ие болды.
Аудан бойынша құрамына 10 дәрігерлік амбулатория, 25 медициналық пункт кіретін аудандық емхана, аудандық орталық аурухана, туберкулезге қарсы аурухана, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы, темір жол санитарлық қадағалау басқармасының бөлімі, обаға қарсы күрес стансасы, сонымен қатар «Ақниет» стоматологиялық емханасы, бірнеше стоматологиялық бөлмелер мен дәріханалар халыққа қызмет көрсетеді. Қазір аудандық емханада 54 дәрігер 176 медбике абыроймен қызмет етуде. Соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар орналасқан физиотерапиялық, оториноларинологиялық, хирургиялық, офтальмологиялық, профпатологиялық, эндоскопиялық, рентгенологиялық, лабораториялық бөлмелер жұмыс істейді. Емхананың материалдық-техникалық базасының және қызметкерлердің қызмет сапасының өз деңгейінде екенінің дәлелі емдеу мекемесінің былтыр 4 жыл мерзімге аккредитациядан өтуі.
Өткен жылы Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізіліп, медициналық көмек сапасын арттыру, қаржылық жүйені жетілдіру басты назарда ұсталды. Аталған жүйе негізінде электронды жатқызу бюросы порталы жұмысын бастап, қазір толыққанды қызмет етуде. Соңғы 5-6 жыл көлемінде белгілі бір жастағы адамдарды тұрақты түрде скринингтік тексеруден, яғни медициналық қараудан өткізудеміз. Бұл тексерулер көптеген ауруларды ерте сатысында анықтап, емделуге мүмкіндік береді. Биылдан бастап балалардың арасында кездесетін науқастарды интегралды емдеу әдістері кеңінен қолданыла бастады.
Бүгінгі таңда емхана ғимаратындағы дәрігерлер бөлмесі толықтай компьютерлендірілген, барлық компьютер орталық желіге қосылып, интернетпен қамтамасыз етілген. Электронды ақпарат алмасуға толық жағдай жасалған. 2010 жылы ақылы қызметтен түскен қаражатқа жедел жәрдем, күндізгі стационарға арналған ғимарат және санитарлық автокөліктерге гараж құрылысы салынып пайдалануға берілді. Бұл үнемі жоғарыға қарап қол жая бермей ішкі мүмкіндікті пайдалана отырып, саланы дамытудың бір ғана көрінісі. «Қызметкерге жағдай жаса, сосын жұмыс сұра» – біздің ұстанатын басты қағидамыз. Осы негізде зиянды факторлармен жұмыс істейтін қызметкерлерге күніне 0,5 литр сүт, алқаптық принципте жұмыс істейтін дәрігерлерге ай сайын 1000 бірлік актив беріледі. Емхана ғимаратының іші-сырты толықтай бейнебақылаумен қамтамасыз етілген, бұл да қазіргі заман талабы.
Аудандық емхана құрамына кіретін дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық пункттер де жыл сайын материалдық-техникалық жағдайы жақсарып бой түзеп келеді. Соңғы жылдары Біршоғыр, Аққайтым дәрігерлік амбулаторияларының құрылысы жаңадан салынса, Бозой, Айшуақ, Тоғыз, Толағай, ДА-лары, Қаратоғай, Жылтыр МП күрделі жөндеуден өтті. Биыл құны 14 млн. теңгеге Есет ауылы медициналық пунктінің құрылысы жүргізілуде. Бозой, Айшуақ, Байқадам, Аққайтым, Мөңке би, Қауылжыр дәрігерлік амбулаторияларында санитарлық автокөлік тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуде.
Өткен жылы біздің аудандық емхана шаруашылық жүргізу құқындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын болып қайта құрылды. Бұл мекеменің қазіргі заманға сәйкес дамуының кезекті бір сатысы болды. Аудан көлемінде жергілікті қазба байлықтарды өндіру үшін әртараптан келіп жұмыс істеп жатқан отандық, шетелдік компаниялар осы кезге дейін өз қызметкерлерін медициналық байқаудан облыс орталықтарында өткізіп келсе, енді бұл компаниялармен сенімді серіктестік орнап, келісім-шарт негізінде олардың қызметкерлеріне медициналық қызмет көрсетуді жолға қойдық.
Мекеменің мұндай жүйеге көшуі қызметтің сапасы мен көлеміне қарай үстемеақы төлеуге мүмкіндік берді. 2007 жылмен салыстырғанда биыл дәрігерлер мен медбикелердің еңбекақысы екі есе өсті.
Тәуелсіз мемлекетіміздің басты байлығы – адам денсаулығы екенін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтып қана қоймай, халықтың дені сау болуы үшін тұрақты жағдай туғызып келеді. Сондықтан ел медицинасының бұдан әрі де қарыштап дамитынына сенім мол.
Жексен КӨПТІЛЕУОВ, Шалқар аудандық емханасының бас дәрігері, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі.
Ақтөбе облысы.