14 Қараша, 2017

Жемқорлықпен күресте озық тәсілдерді орнықтырсақ

711 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл өмірде не жаман? Бұл сұрақ­қа талай адам бас қатырып, тура жау­­а­бын көп іздеген. Сөйтіп ол жау­­аптардың бәрін қорытындылай кел­­генде, ақыры бұл өмірдегі ең жа­­ман нәрсе біреудің нәпақасын жеу екендігі айқындалыпты.  Неге де­­сеңіз, біреудің нәпақасын жеу адам етіне ауыз салғаннан да жаман көрінеді. Ал біздің елімізде өз­­ге­­лердің нәпақасын, несібесін сы­бай­­­ласып жеп жатқандар қаншама.

Жемқорлықпен күресте озық тәсілдерді орнықтырсақ

Өйткені арам ақшаның дәмін бір татқан адам тағы алғысы, жегісі келіп тұрады екен. Мұны арам ақшаның дәмін татып көрген адамдар жақсы білетін шығар. Біреудің біреуді кемсіту, парақорлыққа салыну, біреудің нәпақасын жеу Ислам дінінде де жамандыққа саналады. Сондықтан Ислам діні мына өмірдегі адами тірліктің берекесін кетірер мұндай жаман әдеттерден аулақ болуды ұстанады. Ислам дінінің бұған қаншалықты мән беретінін кез келген адам түсінеді және Пайғамбарымыздың бұл мәселеде айтқан ескертулері мен тыйымдарына назар аударған адам жемқорлыққа жолай қоймайды.

Алайда ақын Ақтан Керейұлы айтқандай, «Төресін ғаділ бермеген, Парақор болған би жаман» деген секілді, сыбайлас жемқорлыққа салынып өзгенің нанын жымқырып жей­тіндер арамызда бар. Елді өр­кендетуге, халықтың тұрмысын тү­з­еуге, ұрпақтың болашағын жақ­сар­ту­ға арналған мемлекеттің қаржысын сы­байласып қалтаға басатындар бұл әрекетінен жаман боламыз деп ойламайды. Жағдайларының жақсара беретіндігін өздері де, халық та көріп отыр. Және бір артықшылықтары «Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» дегендей, қазынаның қақ­пағына да емін-еркін қолы жете­тін­дер солар болып келеді.

Бірақ жамандық қашанда жақ­сы­лыққа әкелмейтіндігі белгілі. Біз­дің елімізде сыбайлас жемқор­лықпен күрес тәуелсіздігіміздің алғашқы күн­дерінен бастап-ақ жолға қойылды. Жас мемлекетіміз бұрынғы кеңестік елдер арасында алғашқылардың бірі болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң қабылдап, сыбайлас жемқорлық кө­ріністеріне қарсы тұратын арнайы мемлекеттік орган құрды. Оның ел үшін де, мемлекет үшін де зияны зор екендігі баса айтылды. Бәрінен бұрын мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретіндігі алаңдатпай қой­мады. Сон­дықтан да сыбайлас жем­қор­лық­пен аяусыз күрес жүргізу үшін, мәселен, пара алғаны және бергені үшін он бес жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айыру жазасы қа­растырылды. Жемқорларға шартты түрде мерзімінен бұрын босату қолданылмайды, рақымшылық жасауға тыйым салынған. Яғни жаза мер­зімін толық өтейді. Сыбайлас жем­қорлық жасаған шенеуніктер мем­лекеттік лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айырылады.

Жемқорлық аса қауіпті және адам санасын тез улайтын болғандықтан, бүкіл әлем елдері оның жолын бөгеу үшін күрес жүргізіп жатыр. Әрине біздің елде де жоғарыдағыдай шаралар қолданылуда. Бірақ ол аздық етіп отыр. Сондықтан бүгінде барынша қолға алынған цифрландыру ісін жемқорлықпен ұтымды кү­рес жүргізуге пайдаланған жөн дей­міз. Өйткені осы цифрландыру арқылы мемлекеттік қызметшілер ара­сында жеке байланыс азайып, мемлекеттік органдардың қызметі ашық болады деген үміт бар. Сонда сыбай­лас жемқорлықтың себептері мен алғы көзі жойылып, сыбайлас жем­қорлықты тудыратын шарттарын шектеуге мүмкіндік туар еді. Бұл жағ­дайда осы іске тұтас қоғамды да тар­ту үлкен көмек болмақ. Мемлекет бас­шысы атап өткендей, «Сыбайлас жем­қорлықпен күрестің тиімділігі бар қоғамның белсене атсалысуына байланысты» екендігі белгілі. Оның үстіне 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның басты мақсаты да әр адамды жемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» қағидасын қалыптастыруға тарту болып табылады.

Ендеше «патриоттық сезім, Отанға адал қызмет ету, әділдік, заңның үс­темдігі және сыбайлас жемқорлыққа де­ген шынайы қарсылық кез келген ісі­мізде нақты ұстанымымыз болуы ти­іс» деген сенім қашанда біздің са­намызға алдымен орнығуы керек. Осы­лайша ой-санамызды ояту ар­қы­лы күшімізді біріктіріп, сыбайлас жем­қорлыққа тосқауыл қоя аламыз-ау деген үміт отын жағамыз. Сөйтіп өмір­­дегі ең басты жамандықтан же­рі­не­ріміз де хақ.

Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»