Өзінің бастау бұлағын осыдан мыңдаған жылдар бұрын Платон академиясы, Аристотель лицейі, Александрия мұражайы сияқты Еуропа жоғары оқу орындарының құрылуынан бастайтын университеттік білім берудің іргетасы Қазақстанда ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қалана бастады. Алғашқы жиырма жылға жуық уақыт ішінде еліміздегі жоғары оқу орындарының саны 12-ге жетті. Соның бірі корей халқын Қиыр Шығыстан жер аудару туралы КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің 1937 жылғы 21 тамыздағы қаулысы бойынша Қызылорда қаласына көшірілген Қиыр Шығыс Корей педагогикалық институтының негізінде құрылған Қызылорда педагогикалық институты болатын. Бүгінгі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің іргетасы осылайша қаланды. Көршілес Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарында жоғары білімді мұғалімдер даярлайтын оқу орындары болмағандықтан, Сыр өңірінде педагогикалық жоғары оқу орнының ашылуы сол кезеңде тарихи маңызы зор оқиға еді.
Құрылғанына 80 жыл толып отырған Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті бабалардан мирас болып ғасырлар қойнауынан жеткен білім мен ғылымның бүгінгі мұрагері десек болатындай. Осы жылдар ішінде университет мамандар даярлауда өзіндік дәстүрі қалыптасқан іргелі жоғары оқу орнына айналды. Білім ордасының түлектері еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада қызмет атқаруда. Олардың арасында Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, өнер және мәдениет майталмандары, ғылым мен спорт саңлақтары бар.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекеге қабілеттілігімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажет алғышарттар қатарында.
Сол себепті «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы», деп атап өткен болатын. Осындай ерекше талап еліміздің жоғары оқу орындарына үлкен жауапкершілік жүктеп отырғаны белгілі. Ол – Елбасымыз айтып өткендей, ғасыр талабына сай мамандар даярлап, парасатты тұлға тәрбиелеу.
Әлемдік бәсекеге қабілеттілік қандай да бір елдің сапалы білімімен және ғылыми жетістіктерімен бағаланады. Осы ретте Сыр өңіріндегі білім мен ғылым ордасының оқытушы-профессорлар құрамы да нәтижелі еңбек етуде.
Үздіксіз білім беруді жүзеге асыру мақсатында университетте көп сатылы оқыту жүйесі қалыптасқан. Бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша білім беру қызметі 2017-2021 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспарының алты бағыты бойынша жүзеге асырылуда. Университет негізінен Қызылорда облысына және Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-батыс өңірлеріне мамандар даярлауды жүзеге асыратын болғандықтан стратегиялық даму жоспарында жергілікті жерге қажетті мамандар сұранысы мен Қызылорда облысының индустриялық-инновациялық даму жағдайы ескерілген.
Аймақтың білім, мұнай-газ ісі, құрылыс, электр энергетикасы, ауыл шаруашылығы және басқа салаларын қажетті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында 2013 жылдан бастап жыл сайын Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен облыс әкімінің білім гранттары бөлініп келеді. Биылғы оқу жылының өзінде 145 білім гранты бөлініп, оған отбасы жағдайы төмен, білім көрсеткіші жоғары талапкерлер ие болды.
2016-2017 оқу жылында «Құрылыс» және «Құрылыс материалдары, бұйымдары мен құрастырмаларының өндірісі» мамандықтары бойынша докторлық диссертациялық кеңес жұмысын бастады. Қызылорда облысының индустриялық-инновациялық дамуын ескере отырып, 2016-2017 оқу жылынан бастап «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы», «Органикалық заттардың химиялық технологиясы», «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері» мамандықтары бойынша бакалаврлар даярлау қолға алынды.
Қазіргі кезде университет бакалавриаттың – 60, магистратураның – 30, PhD докторантураның 9 мамандығы бойынша мамандар даярлайды. Іргелі ұжымда 30 ғылым докторы, 240 ғылым кандидаты, 15 философия докторы, 195 магистр қызмет атқарады.
Соңғы бес жыл көлемінде университет ғалымдары өнертабысқа 75 патент алды, 54 монография, 5432 ғылыми мақалалар жариялады, оның ішінде 590 ғылыми мақала халықаралық рецензияланатын басылымдарда жарық көрді.
Білім және ғылым министрлігінің 2018-2020 жылдарға арнап жариялаған ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру конкурсына университет ғалымдары 37 жоба ұсынды. Оның 6 табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, 2 энергетика және машина жасау, 3 ақпараттық-телекоммуникациялық және ғарыштық технологиялар, 3 өмір және денсаулық туралы, 17 «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері, 6 агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуы және ауылшаруашылық өнімдерінің қауіпсіздігі бағыттары бойынша. Бұл ғалымдарымыздың елімізде бекітілген ғылым дамуының басым бағыттары бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізетінінің айқын көрінісі.
Университеттегі жас ғалымдардың арасында нәтижелі еңбек етіп жүргендері де аз емес. «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертхана жетекшісі, химия ғылымдарының кандидаты Н.Аппазовтың «Инновациялық технология бойынша мұнай құрамды қалдықтарды өңдеу» тақырыбындағы жобасы «Ғылым қоры» АҚ-тың 2017 жылға арнап жариялаған «Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру» конкурсының жеңімпазы атанды.
Агробиологиялық және қолданбалы зерттеулер ғылыми орталығы экологиялық таза өнім алу технологияларын жетілдірумен, сондай-ақ орындалған ғылыми-зерттеулерді өндіріске енгізумен айналысады. Бұл жерде «Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы» ҒЗИ, «Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин» ҒЗИ-мен және «Пчан Бақша шаруашылығы» ҒЗИ-мен (ҚХР) бірлесіп «Отандық және шетелдік селекцияның көкөніс-бақша дақылдарының сұрыптары мен гибридтерін экологиялық сұрыптық сынау»; «Қылқан жапырақты және сәндік ағаштарды аудандастыру» тақырыптары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары ұйымдастырылды.
Қазіргі заман талабы – үштілді білім беру. Әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға да қойылатын басты талап осы. 2012 жылдан бастап университетте бакалавриаттың 16 мамандығы бойынша көптілді білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Президент Н.Ә.Назарбаевтың «5 институттық реформасын іске асырудың 100 нақты қадамы» Ұлт жоспарының 79-қадамына сәйкес мамандардың бәсекеге қабілеттігін жетілдіру, оқытушы-профессор құрамының әлеуетін арттыру мақсатында 2015-2016 оқу жылында 9 ай мерзімде 310 адам, оның ішінде 111 оқытушы, 18 докторант, 149 магистрант, 32 студент «Eurospeak» халықаралық мектебінің ағылшын тілін үйренудің тереңдетілген курсынан өтті. Курстарды Ұлыбританиядан келген лингвист-оқытушы Грэм Банкрофт және АҚШ-тан келген филолог-оқытушы Роуэн Вагнер жүргізді. ЖОО-да үштілді білім беру бағдарламасы мамандықтарының жұмыс оқу жоспарларындағы пәндердің 50%-ы мемлекеттік тілде, 20%-ы орыс тілінде, 30%-ы ағылшын тілінде оқытылады.
Қазақ тілін өркениет талабына сай жаңғырту – өмірдің өзі ұсынып отырған қажеттілік. Жан-жақты ойланып жасалған әліпби ғана қазақ тілін дамытып, қолданыс аясын кеңейтіп, әлем тілдерінің қатарына қосады. Бүгінгі күні әлем елдерінің басым көпшілігі латын әліпбиін қолданады. Яғни, жаңа әліпби бізге алдыңғы қатарлы ғылым мен озық білімнің мол қазынасын игеруге жол ашады. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың кемеңгер шешіміне үн қосып, қолдау білдіру әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы деп білеміз. Бұл тұрғыда университет ғалымдары бұқаралық ақпарат құралдарында өзінің ой-пікірлерін білдіріп, ғылыми тұжырымдарын ортаға салуда.
Өткен 2016-2017 оқу жылында университеттің 31 мамандығының 104 студенті республикалық студенттік пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. «Мұнай- газ ісі», «әлеуметтік жұмыс», «химия» мамандықтарының студенттері алдыңғы жүлделі орындар иеленді.
Облыс аумағындағы мәдени, әдеби, тарихи мұраларды зерделеу және отандық тарихтың өзекті мәселелеріне арналған зерттеулер жүргізу міндеттерін университетте «Қорқыттану және өлке тарихы» ҒЗИ, «Археология және этнография» және «Мұстафа Шоқайтану» ғылыми-зерттеу орталықтары, «Елбасы жән Тәуелсіз Қазақстан» оқу-көрме залы және «Мәңгілік Ел» орталығы орындайды. Бұл тұрғыда «Археология және этнография» орталығының жетістіктері елеулі болып отыр. Орталық қызметкерлері Ресей ғылым академиясының Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институты және Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтымен бірлесіп Сырдария өзенінің төменгі жағындағы ортағасырлық қалашықтарға археологиялық қазбаларды жалғастыруда және Қызылорда облысы аумағында орналасқан мәдени-тарихи объектілерге ғылыми сараптама және төлқұжаттандыру жұмыстарын жүргізуде.
Ішкі академиялық ұтқырлық бағдарламасы Қазақстанның 20-дан астам жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы келісімшарт негізінде жүзеге асырылады. Профессор-оқытушылар мен білім алушылардың сыртқы академиялық ұтқырлығы халықаралық Tempus, Erasmus Mundus, Erasmus Mundus Partnership және басқа да бағдарламалар арқылы жүргізіледі. Айта кету керек, сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасын университеттің оқу және ғылыми үдерісінде жүзеге асыру үшін шетелдік ғалымдар шақырылуда.
Алға қойған мақсаттарымыздың ең маңыздысы өңірдің ақпараттық технология саласын дамыту мен осы сала мамандарын даярлау болып саналады. Осыған жету үшін «КазРоботикс» қазақстандық роботты техника федерациясымен робот саласы бойынша бірлесіп мамандар даярлау мақсатында меморандумға қол қойылды. Қазіргі таңда бейінді кафедралар студенттеріне «Роботты техника» бағыты бойынша курстар жүргізілуде.
Университетте «E-Univer» автоматтандырылған жүйесі жұмыс жасайды. Компьютерлік бағдарламалармен қамтамасыз ету бөлімі мамандары жасаған бұл жүйеде ректорат, құрылым басшыларының блогтары; деканат, кафедра, оқытушы, студент, талапкер ақпараттық жүйелері; электронды кітапхана, электронды құжат айналымы; ашық білім беру ресурстары және мемлекеттік онлайн қызмет көрсету жұмыстары толық қамтылған. Барлық құрылымдық бөлімдердің қызметі мен олардың мәліметтер қоры толығымен автоматтандырылған. 2017 жылдың 11 тамызында Сүлеймен Демирель университетімен бірлескен CISCO академиясы ашылды.
Барлық оқу ғимараттары мен студенттік жатақханаларда Wi-Fi желісі орнатылған. Компьютерлік техникалық парктегі 1100 компьютердің барлығы жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосылған. Бүгінгі күні университеттің 64 мамандандырылған зертханалары бар, оларда оқу және ғылыми жұмыстарға арналған қондырғылар мен жабдықтар орнатылған, 3 цифрлы тілдік зертхана, компьютерлік жобалау орталығы жұмыс істейді.
Университетте Қызылорда облысының, жалпы ғылым мен техниканың басым даму бағыттары бойынша, сондай-ақ оқу орнында жұмыс істеп тұрған ғылыми мектептері мен бағыттарын кадрлар әлеуетімен қамтамасыз ету үшін теориялық зерттеулер, сынамалық және қолданбалы жұмыстар жүргізуге қажетті жоғары білікті ғылыми-педагогикалық мамандар даярлауда мақсатты жұмыстар жүргізіледі.
Тәрбие және мәдени-көпшілік жұмыстары рухани құндылықтарымызды бойына сіңірген, өзінің жеке білімдік және шығармашылық әлеуетін елдің игілігіне ойдағыдай іске асыра алатын жоғары білікті мамандар даярлауға бағытталған.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесіндегі білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», деп адам өміріндегі білімнің маңызын айтып көрсеткен болатын. Бүгінде 80 жылдық мерейлі мерекесін атап өтіп отырған университет ұжымының басты мақсаты да «құндылықтар жүйесіндегі білімді бәрінен биік қоятын» жас маманды тәрбиелеу.
Қылышбай БИСЕНОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ректорының міндетін атқарушы