Қоғам • 01 Мамыр, 2024

Домбыраны серік еткен Дильноза

517 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде қазақтың бағына бұйырған ұланғайыр атырапта түрлі этнос өкілдері де бірлік туын биік көтеріп келеді. Қилы заман қиындығын еңсеріп, осы топыраққа табан тірегендер жергілікті жұрттың жайсаң мінезін ерекше екшейді. Қиырдан қазақ даласына тарихи себеппен тұрақтағандардың ортаға сіңісіп кетуіне де ұлтымызға біткен ұлы қасиет сеп болған.

Домбыраны серік еткен Дильноза

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елімізде орыс (15,1%) этносынан кейін көп қоныстанғандар – өзбектер (3,2%). Әр этнос өкілдерінің арасында ұлтымыздың ұлттық құндылықтарына аса қызығушылықпен қарап, құрмет тұтатындар орасан. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз ДильнозаТаджиметова да осы қатарда. Түркістан облысы, Сауран ауданының тұрғыны бүлдіршін кезінен қазақтың дәстүр-жоралғысын жетік білуге ынтық болған. Қазақ халықының құндылықтарына құмартып өскен бұрымды домбыра шертуді 15 күнде үйреніп алған.

«Жұмабек Ташенов атындағы мектебімізде ақылы домбыра үйірмесіне барып жүргеніме сәуір айында бір жыл толды. Домбыраны қолға алуыма ұстазым Ұлжалғас Әбілдахан әсер етті. Ұстаз алғаш рет домбырасын ұстап кіріп келгенде керемет әсерге бөлендім. Апайымның сол кездегі бейнесі тарихтағы өнерлі тұлғаларды көз алдыма келтірді. Көздің жауын алатын бүрмелі көйлек, оюмен өрнектеліп, моншақтармен әдіптелген қазақтың ұлттық киімінде, ұлттық аспап домбырамен дәстүрлі әнді шырқай білгенім, бір жыл бұрын осының бәрін үйренуге бел байлағаным мен үшін маңызды мәртебе», дейді Дильноза Зарифқызы.

аа

(Дильноза Таджиметова ұстазы Ұлжалғас Әбілдаханмен)

Дильноза домбыра үйірмесіне үйір болған бір жылда алты дәстүрлі қазақ әнін үйреніп алған. Ол қазақтың сазы, әні кең даласындай, дархан көңіліндей терең екенін толғайды.

«Домбыра құнды, киелі - аспап. Үкілі домбыра үйге сән беріп қана қоймай, береке кіргізеді», деп сипаттағанда сүйсініп қалдық.

АА

Кейіпкеріміз түрлі дәстүрлі ән байқауларында бақ сынап, шеберлігін шыңдап жүр. Өткен жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйытқы болған «Мың бала» жобасында Дильноза барлық кезеңді артқа қалдырып, республикалық мәреде де бірінші болды. Осы сайыста «Сүгірдің термесін» шырқаған Дильноза көпшіліктің де көңілінен шықты.

- «Мың бала» жобасының қорытынды сатысында вокал, домбыра, қобыздағы орындаушылар «Өнерлі өрге жүзер» аталымында сынға түстік. 35 өңірлік жеңімпаздар марапатталды. Бас қалада өткен осы тартысты бәсекеден кейін мен жоғары оқуды музыка бағытында  жалғастырамын деп шештім. Болашақта дәстүрлі ән үйрететін ұстаз болғым келеді. Әсем қала бізді шабыттандырды», деді ДильнозаТаджиметова.

рр

пп

Сондай-ақ Дильнозаны ұстаздары айтыс өнеріне де баулып жүр екен. Қазақты өнер арқылы сүйген ол суырып салып айтуды терең меңгерген халықтың ортасында отырып, оны меңгермей, уақытты бос өткізуге болмайтынын айтты.