Қазақстан • 14 Қараша, 2017

Жеңіс Кәкенұлы: Ес білгеннен суретші болуды армандадым

1555 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Абай атындағы ҚазПИ-дің көркем-сурет графика факультетінің түлегі Жеңіс Кәкенұлы бүгінде еліміздегі белгілі суретшілердің бірінен саналады. Қылқалам шеберінің қолынан шыққан туындылары шетел асып, АҚШ, Германия, Түркиядағы көрмелерге қойылған. Картиналары бірқатар беделді музейлер мен жеке қорларда сақтаулы тұр. Біз онымен әңгімелесу барысында сурет өнерінің былайғы жұртқа беймәлім сырларына үңілуге тырыстық.

Жеңіс Кәкенұлы: Ес білгеннен суретші болуды армандадым

– Жеңіс Кәкенұлы, шебер­ха­наңыз­да дәл бүгін не жазып отырсыз? Көңі­ліңіздің көк­жие­гін мазалаған мақ­сат­қа жетуге бір табан жақын­да­дыңыз ба?

– Міне, Астанаға қоныс аудар­ға­ныма 20 жылдай уа­­қыт­ болған екен. Содан бе­рі­ күн­де көргеніміз – қала кө­рі­ніс­­­­тері. Жазы-қысы, көк­тем-күзі. Жауын-шашыны, бораны, ап­та­бы-ақырабы деген­дей. Өскені-өнгені, көз алдымызда зо­райғаны. Енді сол көріністер менің бол­­мысыма сіңіп, шеберханама кіріп сурет­ке айналып жатқан жайы бар. «Қала көрі­ністері» сериясын жазып жүрмін.

Мақсат туралы айтсақ, ол өзі кезең-ке­зеңімен келетін нәр­­се көрінеді. Біре­уіне шық­саң – екіншісі көлбейді. Үшін­шісіне «уһ» деп шықсаң одан әрідегі қол бұлғайды. ...Солай, әзірше мақсат көкжиегім әлі жеткізер түрі жоқ. Оның өзі жеткізбегені де жақсы шығар? Мақ­сатқа жетіп оның төбесіне ту тігіп, «мен болдым» десем, онда суретші ретінде де тоқтап, тоқырап қалатын шығармын?

– Сіздің тау самалына маң­­дай тос­қан өршілдігіңіз «Сәй­гүлік семантика­сында» айқын байқалып, онымен қа­бысып жатады. Тіпті жыл­қылар та­қырыбының өзіне ғана жүзден аса жұ­мыс арнадыңыз. Қамбар атаның қадір-қасиетін қоғамдағы бүгінгі ұр­пақтың бойына қаншалықты сіңірдім деп ойлайсыз?

– Ұлттық құндылықтар дейміз ғой, ер­тегілер, мақал-мәтелдер, әдет-ғұрып, менталитет, ән-күй сияқты. Мен­ қазақтың сол ұлттық құнды­лықтарының ішіне жыл­қы жануарын да кіргізген болар едім. Өйт­кені арғыдағы сақтар, бағзыдағы түркілерге бармай-ақ қояйын, берідегі Қазақ хан­дығын құрған Керей мен Жә­ні­бек бабаларымыздан тартып, кешегі қан қасап жасаған қызылдар дәуіріне дейін бізді арқасына мінгізіп алып келген, басқа емес, Қамбар ата тұқы­мы. Сондықтан мен жаз­ған картиналардың да орайы «Сәйгүліктер семантикасымен» ұштасып, өріліп көрермен ал­дына жетуде.

Адамның қуанышы-шатты­ғымен қо­сып аттардың азабын­ да жазғым келді, адам ке­йіп­ті, адам образды қылып. Биік­ бір әндей етіп, Адам мен Жылқы тандемін жазсам деймін, Исатай батыр мен Ақтабан аттай тұтастырып. Құлагер мен Ақанның арасындай, қыл өткізбей, Кенежирен мен Жұматай Жақыпбаевтай жақын етіп. Уақыт жеткізсе, Тәңір жазса.

– Ата-анадан қалған мұ­ра­ла­ры­мыз­ды көздің қара­­шығындай сақ­тау қанымыз­ға сіңген, оны жасыру мүм­­кін емес. Үйіңізде ата-анаңыздың қол­дарынан шыққан немесе ар­ғы ата-баба­ларыңыздан бе­рі көненің көзіндей болып ке­ле жатқан қымбат санала­тын өнер туындылары бар ма?

– Біз шаңырақ көтергендегі ше­шемнің тігіп берген төр көрпесі әлі күнге көз алды­мызда, төрімізде жатыр. Көздің жауын алатын, сондай сәнді көрпе. Біздің үйге келген су­рет­шілер сол құрақ көрпеден көз ала алмай, «ойпыр-ай мы­нан­дай шедеврге отырудың өзі обал ғой» деп тұрғаны. Үйі­міздегі мүліктің ең басы, дүниеміздің қымбаты сол, анам тігіп берген құрақ көрпе.

– Ата-анамыздың өнерін айтқан кез­­де арғы тамырымыз ұлттық өне­рімізден айналып өте алмаймыз. Ұлт­тық өнерімізді ұрпақтан-ұр­паққа мұра етіп жеткізген, оған себепкер болған ұс­­та-шеберлер туралы қан­шалықты бі­ле­сіз. Нағыз ұста-шебер дегенде кім­дер­­ді ауызға аламыз?

– Әріге бармай-ақ, кешегі дүниеден өт­кен Дәркенбай Шоқпаровты, ол кісінің қия­­мет еңбекқорлығын айтар едім. Сосын бүгінде көз алдымызда жүрген Бе­рік Әлі­бай, Сержан Баширов, Асыл­мардан Қадырбаев, Ес­тай Дәубаевты, аға­йынды Құл­мановтарды қосамын. Әсі­ресе, осы шеберлердің арасы­нан Сержан Башировтай заман­дасымыздың орны мен үшін ерекше. Ол – баяғыдан келе жат­қан зергерлік-ұсталық өнер­ді игеріп, тереңін зерттеп, құ­пиясын меңгеріп қоймай, осы заманға не керегін біліп қана қоймай, болашаққа немен бару­ды жақсы білген нағыз шебер дер едім.

Халқымыздың зергерлік өне­рін сонау биіктен қарап, үне­мі назарымда ұстап отыр­мағандықтан, көз алдым­дағы шеберлер туралы һәм Сержан туралы ғана айтып отырмын. Ал ол сияқты, еліміздің түкпір-түкпірінде мен білмейтін шеберлер мол болуы бек мүмкін.

– «Ақ зер» кітабын жазды­ңыз. Сурет­шілердің өмірі мен шы­ғарма­шылығына арналған бұл кітап өз оқыр­мандарына жет­ті ме? Оның жал­ғасы бола ма?

– Суретшілер туралы жур­­налист, жазушылардың жаз­ғанын оқып жүрміз. Ол кісілер қанша жақсы жазса да, бүтін­дей беріліп жазса да бәрібір сырттай жа­за­ды. Бейнелеу өнерін ішінен сыртқа қарай лықсыта жазатын, дәмін, тұзын, сырын түсініп, жұлын тұтасынан өткеріп, түсініп емес, сезініп жазған мүлде бө­лек. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген сөз бар ғой, мольберт пен палитраны ажырата білмейтін адамдардың сурет өнері туралы жазып отырғанда қарным ашқандығынан ақырында қо­лыма қалам алып жазып кет­тім. Бұл да маған Құдай та­ғаланың берген тағы бір мүм­кіндігі екен.

 «Ақ зер» кітабым оқырман кеміп кеткен мына заманда кең көсіліп, мол тиражбен шықты деп айта алмаймын. Бірақ сол аз ғана тираждың өзін, бір өзі – бір топ адамды елестететін, сөзді-өнерді түсінетін адам­дардың қолдарында кеткені мен үшін мерей. Кітаптың Шымкент қаласында тұра­тын Бегіман Ысқақ атты қариядай, Атыраудағы атақ­ты Илья Жақановтай, Тұз­ды­бастау дейтін ауыл­дан Серік Нұрлыбаев, Қапшағай қа­ласынан үнемі хабарласып тұратын Пернегүл Оспан­қызындай кемел оқыр­манда­рымның оқып шыққаны үшін өзімді бақытты санай­мын. Сондай-ақ Төлен Әб­дік,­ Серік Ақсұңқарұлы, Ай­гүл­ Кемелбай, Асылзат Арыс­­танбек тұрпатты қалам иеле­рінің, Мүсілім Әмзе сияқты музы­ка маманының, Айнабек Оспа­нов, Қайырбай Зәкіров, Сей­сенхан Махамбетов, Құр­манғазы Ақашев, Зей­нел­хан Мұхамеджанов, Әділ­­ғали Баяндин сынды­ сурет­шілерімнің «Ақ зерді» үтір-нүктесіне дейін қалдырмай оқып шыққаны мақтаныш.

Жалғасына келсек, «Қазақ бейнелеу өнерінің әлемдік дең­гейдегі алатын орны қандай?» деген сұрақ төңірегінде өнер­танушылармен ақылдаса отырып «Ақ зердің» келесі кітабын жазсам деген ойым бар, Тәңір жеткізсе.

– Шынын айтыңызшы, сурет­ өне­рінен отбасылық бюджетке ай­тар­лық­тай пайда бар ма, жұмыс­тарыңыз көп ­сатыла ма? Сатылса қым­­­бат па, ар­­зан ба?

– Мен ес білгелі сурет­ші болсам деп армандадым. Шү­кір, адаспай суретшілік жолына түстім. Әуелі газет-жур­налдарға суретші болып барсам, кейіннен кітап баспасына жет­с­ем, осы күнге дейін от­ба­сымды, бала-шағамды сурет салуға кеткен еңбектің нәти­жесімен асырап келеді екенмін.

Ал енді салынған карти­налардың бағасы салыстырмалы. Деңгейіне, сю­жетіне, көлеміне, салыну жетістігіне байланысты түрлі бағада өтеді. Отбасы қорынан артылғаны туған-туысқа, кө­мекке мұқ­таж жандарға ақырындап же­­тіп жатқан жағдайы бар. Сурет­шілік сапарында жүріп, бір күн де ас-судан, мү­ліктен та­рық­­қан кезіміз болған жоқ.­ Құдайдың суретші етіп жарат­қанына мың шүкір.

– Әңгімеңізге рахмет.

Жанұзақ МҮСӘПІР,
Қазақстан Журналистер және Суретшілер одақтарының мүшесі,
Мәдениет қайраткері