Қазақстан • 14 Қараша, 2017

Мейрамбек Беспаевқа арнап жазылған хатқа үнқосу

654 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қаламгер Қали Сәрсенбайдың әнші Мейрамбек Беспаевқа  арнап «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған ашық хатына (№210, 1 қараша, 9-бет) оқырман тарапынан үнқосулар көптеп келіп жатыр. Соның бірін бүгін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Мейрамбек Беспаевқа арнап жазылған хатқа үнқосу

Қадірлі Қали мырза! Сіздің Мей­рам­бекке жазған ашық хатыңыз оқы­ған әр адамның жүрегіне жылылық ұя­лат­ты. Өйткені інілердің өресіне мән бе­ріп, қамқор болар ағалар шықпаса «аға­ларым аман болсыншы» деп тілейтін іні­лер қайдан шығады? Хатыңызда ке­сек-кесек ойлар, салиқалы сын да ай­тылған. Жапондардың жастарын мы­салға алғаныңыз да жарасымды. Осы орайда ұлттық мүддені биік ұстап, ұлт­тық сананы сақтауда жапон қоғамы не­ге басқадан озық, ал біз неге рухани құлдырап барамыз деген сұрақ төңі­регінде ойланайықшы. Кім кінәлі? Кез келген жапон отбасына қарасақ,  әр үй салт-дәстүр мен ұлттық ұстанымын бұдан неше мың жыл бұрынғы ата-бабасы жасап берген қалпында сақтап отыр. Жапондардың отырып-тұруы мен өндірістегі іс-әрекеттеріне дейін ата-баба салған ізден айнымай жалғасуда. Сөйте тұра, олар бүгінгі прогрестің алдын ешкімге бермейді. Спутник ұшы­руға қатысатын жапон инженері аштан өліп бара жатса да бұдан мың жыл бұ­рынғы ата дәстүрін, инженериядағы ұлт­тық ережелерді берік ұстанады. Иә, жа­понның техника жүйесі де ұлттық ереже­лерге негізделген.  Ондай елдің жастары, әрине, ұлтының қамын бірінші орынға қоя­тыны белгілі. 

Жапонның әр әйелі дүкенге кіргенде ше­телдік заттарға көз салмайды. Қандай бол­са да өз елінде өндірілген затты таң­дайды. Сондағысы «мен төлейтін сома аз­ғантай болса да ел экономикасына үлес қос­сын» деген ұлтжандылықтан туған бе­ріктік.

Жапонның баласы кімге үйленсе де, ту­ған баласы таза қанды жапонға айналады, қай жерде жүрсе де ана тілінде сөйлейді. 127 миллион халқы бар бұл мемлекетте екі жапонның ағылшынша сөйлегенін көрмейсің. Ал бізде ше? Ұлттық тіліміздің қоғамдағы күйі қандай? Осы деңгейде қарасақ,  сіздің інілерге айтып тұрғаныңыз «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай қиқаңдаса да мейлі, сендер жастар, артқы дөңгелектердің қозғалыс симметриясы көз қуантарлық, дұрыс болғанын қадағалаңдар» дегендей елестейді. Қали мырза, бұл мүмкін бе?  

Империя бұғауынан босаған 1990- жылдан бергі жаққа қарайықшы. Ислам дінін жаппай насихаттау кезінде «VІІ ғасырда арабтар келіп, шаш пен тырнақ алуды үйретіп, қазақты мұсылман қылды» деген сөздер насихат түрінде жағалай айтылды. Сол кезеңде араб тілін үйретуге келген мамандар: сендердің мемлекеттік мейрамдарыңды біз мойындамаймыз, намаз оқымайтынның бәрі кәпір, деген сөзді айтты. Сондай дәрістерге қатысқан қыздардың бірсыпырасы өз әке-шешесінен «харам» деп  безініп, мешіттерде түнеп жүрді. Талайы намаз оқитындардың дәрет-суын жылытып беріп, аяғын жуатын  күй кешті. Ұлттық санасы сергек, рухани діңі берік ел жастарын аз­ғын­дауға жібермес болар.

Басқа халықтарда мұндай бей-бере­кет­тік болды ма? Осы республиканы ме­­кен­дейтін аз санды халықтар бар ғой. Со­ның қайсысының жастары көрінгеннің ті­ліне еріп, ұлттық келбетінен айныды?  Қайсысына қарасаң да ұлттық ұста­ны­мын берік сақтап, ілгерілеп барады. Бар­лығы ұлттық намысқа тіреледі ғой. Басқаны былай қойғанда, біздегі жер-су атауларының өзін «кірме сөз» деп, том-том кітап етіп шығарды. Айналадағы бас­қа халықтардан өз ұлтын аласартып, бө­теннің ырқына жыққанды сіз көрдіңіз бе?     

Қали мырза! Есті ел қандай атауда бол­са да тарихи орындарын, отырған ие­ліктерін қаз-қалпында сақтайды. Біз бол­сақ тұрақсызбыз. Осы  заманда өмір сүр­ген жеке тұлғалардың есімін «мәңгілік етеміз» деген алашапқындық жеріміздегі тарихи атаулардың талайын көз алдыңда жо­ғалтқызды. Ол тұлғалар есімдерін мәң­гілік етіп, еңбектері арқылы бекітіп қой­ды ғой.  Ешқайсысы бүгінгі бізден «тарихи жер атауын алып тастап, мені қойыңдар» деп сұраған жоқ. Ана тілдегі сөздік қорды «кірме сөз» деп тергілеу де, жер-су, елді ме­кен атауларына өзгеріс енгізу де тарихи сауатсыздықтан, бі­лім­сіз­діктен.   

Кейінгі жастар ұлттық дәстүрді берік сақ­тау үшін алдыңғы толқын үлкендердің ісі үлгі болуға тиіс. Жапон отбасы қызмет ба­бымен шетелге шыққанда өз елінен бір сынық зат болса да «самурайдың бел­гісі» деп өзімен бірге ала жүреді де, сырт­тағыларға соны мақтана көрсетеді. Сол бір ескі зат кішігірім нәрсе болса да,  жапон үшін қасиетті бойтұмар. Жапон үйіне кір­сең татамиден бастап, көне заманғы тұрмыстық көрініс сақталған. Бізде ше? Қазақтың оюлы текеметі, көркем  сыр­мағы, күмістелген шынықабы, қара кебе­жесі мен сырлы жүкаяғы қазір кімнің үйін­де бар? Маған осы Қазақстаннан әде­мілеп текемет, киіз басатын шеберді та­уып бере аласыз ба? Табу қиын.

Жапониядағы сияқты ұлттық мұра­лар­ды әспеттеп, қасиетін қадірлеу біз­де жоқ екенін мойындауымыз керек. 90-­жыл­дары ауылдан қалаға көшіп барған қа­зақ­тардың «артта қалған болмайық» деп бүкіл қазақи заттарды лақтырып тас­тағанын көргенбіз. «Қалалық болуға» тал­пынған бір келіншектің әп-әдемі теке­метті подъездің алдындағы темірге іліп тастап, баласымен тілі келмесе де орысша шүлдірлескенін көріп едік. Сол текемет жауын-шашынның астында бірнеше ай тұрып, шіріді. Текеметтің орнын палас басты. Қараса көздің жауын алатын кестелі тұскиіздің орнына қалың тұсқағаздар жапсырылды. Сөйтіп біз «артта қалған бо­лудан» оңай құтылдық.

Рухани қылмысты тілге тиек еттіңіз. Өте орынды. Бірақ сол рухани қылмысты жа­сап жатқан кім? Кейінгі буынға рухани қылмысты жасамауды үйрететін алдыңғы ағалары емес пе? Парасатты, саналы азамат азғындыққа жол бермейді. Бір қазақтың бір қазақты менсінбеуі –азғындықтың бір белгісі. Жапонның ең бай бизнесмені қалай киінсе, вагон жөндейтін жұмысшысы да солай киінеді. Дамыған, рухани жетілген елде бай мен кедейдің айырмасы жоқ. Мінген автокөлігі, тұтынған затына қарап ауқатты я кедей екенін айыра алмайсың. Бизнесмен барған шетелдің демалыс орнына қарапайым жұмысшысы да барып жатыр.    

Жапон қоғамында менмендік, мақтан­шақтық, қызғаныш, бөспесөздік деген жоқ. Әр жапон бір ізбен жүреді. Өзінің іс-­әрекетін күнде таразылайды. Бұл елде бас­шыға жолығып сөйлесу, онымен кездескен жерде тілдесу оңай. Біздегі қазақ бастыққа кіру қиынның қиыны. Мен сізге алдын-ала хабарласып, өтініш айтып, келісіміңізді алып, рұқсатыңызды сұрамай кабинетіңізге баратын болсам, хатшы қыз есікке жолатпасы анық. Бюрократия жойылмайынша рухани даму болмайды. Біздегі қай бастыққа қарасаң да өзін менмен ұстайды. Жай кісіден өзін артық көретіні байқалып қалады. Ал кез келген қарапайым жан оның кемшілігін көріп тұрғанын сезбейді. Жастарда «елім» деген ұлтжандылық сезімі берік болу үшін аға буын бюрократиядан арылып, кішіпейілділікті меңгеру қажет.

Жастарға «сендер мынадай болың­дар» деуден гөрі, аға буынның әр өкі­лі өзімізге сынмен қарап, ойлануды үй­ре­нейік. Жоғары буынды ойсыздық бас­са, жастарды берекесіздік билейді. Бос мақтаныш, даңғазалық меңдесе, ат­қа­рылған істе нәтиже болмайды. Жапон­дар қанша ғасыр бойында небір тарихи кезеңді бастан өткерсе де ұлттық өне­рінің тұнығын лайламай сақтап келе жат­қан санаулы ұлттың бірі екені белгілі. Жас өнерпаздарынан бастап сахнадағы саң­лақтарына дейін байырғы заманғы өне­ріне сызат түспеуі үшін барын салады. Ұлт руханиятының жағдайы дегенде әр қазақ ұлттық сананың тазалығына мән беруі керек емес пе? Бұл дегеніміз, әр­қай­сымыз өз ісіміздің түзу болуын қа­дағаласақ, бұл бүгінде жағалай жайлап алған жағымпаздық пен бөспеліктен жиренуден басталса...

Мағрипа  ШӨЖЕҒҰЛҚЫЗЫ,
физика-математика ғылымдарының кандидаты