Аймақтар • 14 Қараша, 2017

Қарағандыда QR-кодты маңдайшалар орнатылды

765 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды көшелері күннен-күнге абаттанып, ажарланып келеді. Таяуда ғана оның көше­лерінде жаңа QR-коды бар маңдай­шалар орнатыла баста­ғандығы осы сөзіміздің айқын дәлелі. Ондағы кодты оқу арқылы тұрғындар пош­та индексін, сонымен қатар атал­мыш мекенжайда қандай ғима­раттар орналасқанын біле алады.

Қарағандыда QR-кодты маңдайшалар орнатылды

Жаңа аншлагтар қорап тәрізді жасалған, онда көше атауы мен үй­дің нөмірі жазылған. Олардың бар­­лығы жарықтандырылған. Маң­­дайшалардың біразы күн батарея­сынан қуаттандырылады, ал қал­ғаны электр жүйелеріне қосылған.

Жаңа маңдайшалар тек тұр­ғын үйлерде ғана емес, сон­дай-ақ мемлекеттік мекемелерде, шағын және орта бизнес нысандарында да орнатылады. Бүгінде Ә.Әлиханов көшесі бойындағы ғимараттарға оларды орнату жұ­мыстары аяқталған.

– Қазыбек би ауданында жалпы со­масы 35 000 000 теңгеге барлы­ғы осындай 1 521 маңдайша орна­ты­латын болады, – дейді Қара­ған­ды облысы әкімдігінің жоспарлау және абаттандыру бөлімінің же­тек­шісі Ербол Нукич. – Әзірге мұн­дай аншлагтар тек Астанада ғана бар. Енді Қарағандыда болады.

Жаңа нұсқаулықтарда QR-коды бар, оны смартфонның көме­гі­­мен оқуға болады. Ол арқы­лы сіз сайт­тағы парақшаға кіресіз, ол жер­де ғимараттың пошталық индексі көрсетілген. Сонымен қатар онда бірнеше бөлім бар, бола­­шақта оларда ғимаратқа кім­дер қызмет көрсететіні: ПИК, элек­т­рик­тер, сантехниктер туралы мәлі­меттер орналастырыла­ды. Сол жерден аталмыш үйге қай ме­ке­мелердің қызмет көрсе­теті­нін білуге болады: емхана, балаб­ақ­ша, мектеп және т.б. Бұл ақпарат­тарды сәулет бөлімімен келіскеннен соң ПИК өкілдері толтырып отырады.

Болашақта Октябрь ауданында да дәл осындай 2 326 жаңа маңдайша орнатылмақ. Олардың 2090-ы тұрғын үйлерде, 236-сы мемлекетік мекемелер мен шағын және орта бизнес нысандарында орнатылады. Ол үшін 17 465 000 теңге жұмсалмақ.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы