Кикбоксингтен ересектер арасындағы әлем чемпионаты 3-12 қараша аралығында К1, full-contact, low-kick әдістері бойынша Будапештте (Венгрия) өтті. Чемпионатқа әлемнің 70 мемлекетінен спортшылар келген.
Будапештке бас бапкер Қайрат Смағұлов пен аға жаттықтырушы Сансызбай Ибраевтың жетекшілігімен барған Қазақстан құрамасының сапында 34 спортшы болды. Қазақстандық спортшылар 3 түрлі әдіс бойынша өнер көрсеткен.
Нәтижесінде бірінші орынды Саят Тұрысбеков (71 кг, фулл-контакт), Жандос Назарбеков (57 кг, К1) және Нұрсұлтан Хасанов (67 кг, фулл-контакт) жеңіп алды. 2 орынды Ерлан Шағбан (54 кг, фулл-контакт), Абзал Дүсіпов (60 кг, фулл-контакт), Арнал Қанапьянов (57 кг, фулл-контакт); Дидар Төлебаев (63,5 кг, фулл-контакт) және Айдын Абдрахманов (91 кг, фулл-контакт) алды.
Үшінші орынға Досымбай Азамат (54 кг, К1), Мәди Тоқтаров (74 кг, пойнт-файтинг), Сәлімгерей Жанәлі (51 кг, фулл-контакт), Ғалымжан Қанаев (81 кг, фулл-контакт), Ақерке Наурызбаева (56 кг, фулл-контакт), Шыңғысхан Тілемісов (63,5 кг, К1), Шыңғыс Ысқақов (86 кг, К1), Ізім Ізбақи (+91 кг, фулл-контакт) лайықты деп танылды.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 3 алтын, 5 күміс және 8 қола медаль жеңіп алды.