Үкімет • 14 Қараша, 2017

Үкімет басшысы: Электрондық сауда-саттықты дамытқанда тұтынушылардың құқығын ұмытпау керек

291 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін электрондық сауда-саттықты дамыту мәселесін қарау қорытындысы бойынша ҚР Үкіметі отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев тұтынушылардың құқықтарын қорғауды және бизнесті онлайн сауда-саттыққа ынталандыру бойынша тәсілдерді қарастыратын заңнаманы жетілдіру шараларын қабылдауды тапсырды.

Үкімет басшысы: Электрондық сауда-саттықты дамытқанда тұтынушылардың құқығын ұмытпау керек

Ұлттық экономиканың бірінші вице-министрі Руслан Дәленов электрондық коммерцияны тиімді дамыту мақсатында Электрондық сауда-саттықты дамыту бойынша 2018-2020 жылдарға арналған Жол картасы әзірленгенін және бекітілгенін баяндады. «Интернет-дүкен» түсінігін, сондай-ақ сатушылар мен делдалдардың интернет-дүкендер құру мәселелерін регламенттейтін нормаларды қарастыратын «Сауда қызметін реттеу туралы» заңға түзетулер жасалды.

Сондай-ақ, мобильді төлемдердің жеңілдетілген тетігін енгізуді ынталандыру, мобильді төлемдерге комиссияны төмендету бойынша ұсыныстар, электрондық шот-фактураны пайдалануға толық көшуді қамтамасыз ету мәселелері пысықталуда.

Жол картасында сондай-ақ UNCTAD көрсеткіштерін арттыру бойынша іс-шаралар қарастырылған. Мәлім болғандай, өткен жылы Қазақстан 88-ші, ал 2017 жылы — 51-ші орынға ие болды.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов электрондық коммерцияны дамыту бойынша қабылданған шаралар туралы баяндады.  

Мәселені қарастыру қорытындысы бойынша Премьер-Министр электрондық сауда-саттықты дамыту үшін елімізде біраз жұмыс атқарылып жатқанын, салық жеңілдіктері берілетінін, сәйкес Жол картасы әзірленгенін, алайда сонымен бірге тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы ұмытпау керек екенін атап өтті.

Осыған байланысты ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірге тұтынушылардың құқықтарын қорғауды және бизнесті онлайн сауда-саттыққа ынталандыру бойынша тәсілдерді қарастыратын заңнаманы жетілдіру шараларын қабылдау тапсырылды.   

Инвестициялар және даму, ұлттық экономика министрліктеріне электрондық коммерцияның жеделдетілген дамуына бағытталған өзіндік өндіріс тауарлары, жұмыстар және қызмет көрсетулер тізімін кеңейту мәселелерін пысықтау тапсырылды.