Павлодардан шыққан 16 жолаушы Баянауылға жеңіл авиацияға жататын екі моторлы 18 орындық ұшақпен ұшып келді. Әуе кемесі 40 минутта жетті.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, рейске жергілікті әуе бағыттарында ұшу орындауда тәжірибесі бар «Жезқазған Эйр» компаниясы қызмет көрсеткен.
«Біз Павлодар-Баянауыл бағыты бойынша бірінші рет ұшып отырмыз. Ұшу сәтті аяқталды. Баянауыл аэродромы қонақтарды күтуге толық дайын деп ойлаймын», - деді ұшақ капитаны Сергей Терехов.
Айта кетейік, маусым айының ортасында 25 жылдық үзілістен кейін Баянауыл аэродромына Павлодардан ұшқан ұшақ алғаш рет қонған болатын. Баянауыл аэродромында қызмет көрсететін ұшақтар Қарағанды авиациялық оқу-жаттығу орталығынан әкелінді. Жолақтардың сапасын екі орындық ұшақтар тексеріп көрді. Әуе кемесінің командирі Валерий Сибагатулин жолақтар сапасының кез-келген екі, төрт, алты және сегіз орындық борттардың қонуына мүмкіндігі жететінін атап өтті.