Аймақтар • 14 Қараша, 2017

Қостанайда қан тапсыру акциясы басталды

585 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қайырымдылық акциясына алдымен облыстық ішкі істер департаменті жол-патрульдық полициясы, Қостанай қалалық ішкі істер басқармасы полицейлері белсенділік таныттты.

Қостанайда қан тапсыру акциясы басталды

Кеше елуден астам адам қан құю орталығына келіп, қан тапсырды. Негізі қан тапсыру акциясы Жол-көлік оқиғасы құрбандарын еске алу күніне арналды. 2005 жылы белгіленген бұл халықаралық шара жыл сайын  қараша айының үшінші жексенбісінде аталып өтеді, ол биыл 19 қарашаға тұспа тұс келіп тұр. Мұндай шараға полицейлердің бірінші рет қатысуы емес, тәртіп сақшыларының бірсыпырасында  донор куәлігі, белгілері де бар.  Облыстық қан құю орталығының менеджері Антонина Мышковецтің айтуынша, қостанайлық полицейлер арасында донор болуға тілек білдіретіндер көп. Мысалы, бір күнде қан тапсыруға 70 полицей келген, олардың  елуден астамы қан тапсырған, қалғаны келесі күні келуге келіскен. 

«Жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендерді донорлық қандар  ажалдан сақтап қалады. Ал жолда  мұндай ауыр оқиғаларды өздері көріп жүрген полицейлер қан тапсырудан ешқашан бас тартпайды», дейді полиция майоры Елена Магасумова.

Акцияға қатысқандардың әрқайсысы бұл күні бір құты йогурт, 567 теңге және екі күн демалыс алды.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»