Аймақтар • 14 Қараша, 2017

Хамит Тоқтамышевтің қабіріне ескерткіш белгі қойылады

499 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алашорда үкіметінің әскери қайраткері, Алаш милициясын ұйымдастыруға зор үлес қосқан, Өскеменде құрылған Алаш автономиясының әскери оқу орнына жетекшілік жасаған Хамит Тоқтамышевтің қабірі қоршалып, басына тас қойылады. 

Хамит Тоқтамышевтің қабіріне ескерткіш белгі қойылады

Мұндай жағымды жаңалықты бүгін Өскеменде ақпараттық орталықта өткен брифингте Көкпекті ауданының әкімі Рамиль Сағандықов жеткізді. Омбы жерінде дүние есігін ашқан алаштың арда ұлы 1920 жылы Көкпекті ауылының маңында қызылдардың қолынан мезгілсіз қаза тапқаны белгілі.

Белгілі айтыскер ақын, зерттеуші Қалихан Алтынбаев өзінің «Көкпекті» атты кітабында Хамит Тоқтамышев атылғаннан кейін көкпектілік ақсақалдар «мұсылманша жерлейміз» деп қызылдардан оның денесін сұрап алып, жуындырып, әскери киімімен бірге Дәуіт хазірет деген кісінің аяғына жерлегенін жазған-ды.

Жуырда бүгінде Ұлан ауданының Айыртау ауылында тұратын спорт ардагері Мұқан Ағзамовпен кездесіп қалып, сөзден сөз шығып, айтыскер ақын жазып отырған Дәуіт хазіреттің ол кісінің төртінші атасы екенін естіп, алаш әскерінің жетекшісіне қатысты бір деректің ұшығының шыққанына қуанған едік. Дәуіт хазірет кезінде Көкпекті округінің (ол уақытта округке Жаңа Семейден бастап, Күршімге дейінгі аумақтың бәрі қараған) имамы қызметін атқарып, 1910 жылы дүниеден өтіпті. Мұқан Ағзамов бабасының басына биыл 19 мамырда ескерткіш тақта қойдырыпты. Төртінші атасының бейітіндегі ескі араб тілімен тасқа жазылған жазуды ешкім оқи алмаған соң тәжіктің молдасын әкеліп оқытыпты.

«Көкпекті ауылының іргесіндегі ескі бейіттерді осыдан оншақты жыл бұрын Рәмзи Беспаев деген сол кездегі аудан әкімі қоршатыпты. Шамамен жарты гектардай аумақты алып жатыр. Қаулап қалың шөп өсіп кеткен. Қай жерде бейіт барын анықтау да қиын. Қалихан Алтынбаев жазбасына сүйене отырып Хамит Тоқтамышевтің жатқан жерін қоршап, басына белгі қойылғаны жөн-ақ. Осы істі жеделдетіп қолға алғанымыз ләзім», - дейді спорт ардагері.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»