Бокс • 15 Қараша, 2017

Мырзағали Айтжанов: Мықтыларға ғана таңдау жасалады

379 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Чемпионат аяқталды. Мық­тылар іріктелді. Жаңа чемпиондар белгілі болды. Қазақстан боксындағы тағы бір жаңалық, АІВА тарапынан біздің қазылардың жұмысына баға беретін, қажет десе қабыл­дан­ған шешімді бұзуға құзіреті бар «үш жұлдызды» қос төреші келді. Ел ішілік біріншілікке азан­нан салсаң төске озған Қай­рат Ералиев пен Василий Левит бастаған қасқа мен жайсаң қа­тысқан жоқ. Әлем чемпионы, Азиядағы барлық атақты бір бойына жинап алған, Рио-де-Жанейро Олимпиадасында шетел сарапшылары таңдай қағып жоғары баға берген Жәнібек Әлім­ханұлы неге өндірдей жас боксшыға жеңіліп қалды?

Мырзағали Айтжанов: Мықтыларға ғана таңдау жасалады

Алда Азия халықтары ара­сын­­дағы Олимпия ойындарына бала­натын Азия ойындары бар. Осы чемпионатта олжа сал­ғандар құ­ра­мадан ойып тұрып орын ала ма?! 

Бұл біздің ғана емес жан­күйер­лердің де сауалы. Бас бапкер Мырзағали Айтжановқа осы сұрақ­тарды қойдық.

– Ерлер арасындағы чемпио­нат өте жоғары деңгейде өтті, – дейді Мырзағали Құланұлы. – Барлық облыстар жақсы да­йын­дықпен келген. Тіпті, боксшылары жүлделі орынға ілікпеген облыстарда да алға қарай талпыну барын жарыс барысында байқадым.

Рас, әлем чемпионатына қа­тыс­қан 6 бірдей мықты боксшы­мыз ел ішілік біріншілікке қа­тыс­қан жоқ. Бұл мен ғана қабыл­даған шешім емес дәрігерлердің есеп беруімен осылай болды.

Әлем чемпионатына қа­ты­судан бөлек іріктеу кезеңі бар. Жолдама алу үшін жан алып, жан берісетін айқасқа түсесің. Одан кейін әлем чемпионатында жүлдеге жету үшін 4-5 жекпе-жек өткізуге тура келеді. Ол айта салғанға ғана оңай.

Мысалы, Василий Левиттің әлем чемпионаты кезінде қолы сынды. Абылайхан Жүсіповтің қолында жарықшақ бар. Қай­рат Ералиев пен Жомарт Ер­жанның денсаулығында кінәрат болса да, шаршы алаң­ға шықты. Кейін ота жасалды. Қамшыбек Қоңқабаевтың омырт­қасында жарық бар, белін ала алмай қиналды. Осының бә­рі тынымсыз жаттығу, шектен тыс ағзаға күш салудың салдары. Жігіттер қазақ елінің намысы үшін шаршы алаңда барын салып, енді алған жарақаттарын емдеп жатыр. Сондықтан оларды кінәламас бұрын ақиқатты біліп алу керек. Әлем чемпионаты мен ел біріншілігінің арасы әрі кетсе екі ай. Осы мерзімде сын­ған қол, омыртқа жарығы орны­на келмейді. Дәрігерлердің ше­шімімен толық емделуге рұқсат бердік.

– Бірақ бұл олардың құра­­ма­дағы орны сақталып қала­ды дегенді білдірмейтін шығар. Мәсе­лен, Асланбек Шым­бер­генов 69 кило салмақта ел чемпионы болды. Ең үздік бокс­шы атанды. Бұл салмақта Абылай­хан Жүсіпов бар. Қанағат Мара­лов та есем кетті деп еңсесі түс­пей­тін­дігі айқын. Рио Олимпиа­да­сының жеңімпазы Данияр Елеу­сінов те белін бекем буып отыр. Бұл бір салмақтағы ғана жағ­дай.

– Дұрыс байқағансыз. Құ­дай­ға шүкір деп айтайық, қазір құ­рамада бір-бірінің орнын ауыс­тыра алатын, шебер­лік дең­гейі қарайлас 3-4 боксшыдан бар. 81 кило сал­мақтағы Әділ­бек Ниязым­бетов әлемдегі ең мықты бокс­шылардың бірі. Дүниежүзін­дегі күштілер Әділ­бекпен санасады.

Осы чемпионатта Әділбек шаппай бәйге алды деп айта ал­маймын. Жартылай финалда өрім­дей жас Бек Нұрмағамбетов даңқты боксшыға лайықты ұрыс салды. Әділбек шебер­лі­гі­нің арқасында жеңіске жет­ті. Тап осы салмақта 1998 жыл­ы дүниеге келген Бекзат Нұрдәу­летов пен Михаил Коханчик маған жақсы әсер қалдырды. Айт­қан­дай, үшеуі де құрдас. Осы жастар енді бір-екі жыл­да Ниязымбетовпен тере­зесі тең өнер көрсететін болады.

– 60 кило салмақта За­кир Са­фиуллин мен Берік Әбді­рах­манов ақтық сынға шығып, Берік жеңіске жетті. Екеуі де отыздан асты...

– Түсіндім. Халықаралық тәртіп бойынша боксшы күш-қуаты жетіп тұрса 40 жасқа дейін шаршы алаңда болады. Берік пен Закирдің отыздан асса да бәрінен мықты болуы жақсы дайындықтарында, асқан шеберліктерінде. Жасы отыздан асты деп оларды құрамадан шеттете алмаймыз. Жастар осыларға қарап бой түзеуі керек. Дегенмен, жастардың жаңа шоғыры көрініп келеді.

Атап айтсақ, Бек Нұрма­ғам­­бетов, Бекзат Нұрдәулетов, Санатәлі Төлтаев, Айқынбай Шал­қар, Айболды Дәуренұлы, Төлеш Абай бастаған жас, талантты боксшылар жетіліп қалды. Осы жас жігіттердің алды Олимпия ойындарына қаты­сып, жүлде аларына өз басым сенемін. Бірақ, жақсы дайын­дық, темірдей тәртіп керек. Әлем чемпионы Жәнібек Әлім­хан­ұлының 19 жастағы Михаил Ко­ханчиктен жеңіліп қалуы оның осалдығынан емес. Шынын айтқанда, Жәнібек бокстас­қан жоқ. Басқа бір есебі, себеп­тер болды. Керек болып жатса, толық анықталғаннан кейін айтармыз.

– Шымкенттегі чемпионат құрамадағы орынды шегелеп бермейтіндігін аңғартты. Алда Азия ойындары. Құрама мүшелері қашан айқындалады?

– Әр салмақта 4 мықты бокс­шыдан есептегенде 40 бокс­шыға таңдау түседі. Қаң­тар, ақпан айларында ірі ха­лық­аралық жарыс­тар бар. Осы жарыс­тарға кезек-кезегімен жібере­міз. Шілдеде Қа­зақстан Прези­дентінің Кубогі жалауын көте­реді. Осы жарыс­тан соң әр сал­мақтағы жігіт­тердің табы­сын есептеп отырып, бапкер­лер кеңесі шешім қабылдайды. Бі­рінші нөмерлер бекітіледі. Азия ойындарына жіберіледі. Бізде біреудің өзі жақсы, біреудің сөзі жақсы жоқ, таңдау тек мықтыға түседі.

– Ел чемпионатында төре­шілер әрі-сәрі қылды. Тепе-тең өткен айқаста шешім өзгеріп, жеңімпаздар ауыстырылды. Бұл боксшыларға ғана емес, жанкүйерлерге де ауыр тиді.

– Иә, рас, төрешілердің жұ­мы­­сына өз басым қанағат­тан­­ған жоқ­пын. Көбі жас, тәжіри­бе­лері жетің­кіремейді. Бокс­шы әділ бағасын алу керек. Ала­қолдылықтың, келісіп баға берудің заманы өтті. Қазақстан Бокс федерациясы осы бағытта жақсы жұмыстар жасап жатыр. АІВА-дан әділқазылар шақыртылды. Оның сыртында төрешілердің тазалығын Бокс федерациясы президентінің қос бірдей вице-президенті, бапкерлер кеңесі бақылай алады.

Соңғы жылдары Қазақстан боксы әлемдік додаларда жаңа биік­терге көтеріле бастады. Спорт­­шыларға барлық жағдай жа­салған. Осы үшін Тимур Ас­қарұлы Құ­лыбаевқа құрметіміз шексіз.

Біздің мақсат – Қазақстан боксының биігінен аласармау, жаңа табыстарға жетіп, елі­міздің даңқын асыру. Осы жолда жұмыс жасаймыз.

– Рахмет.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы