Тілдің дыбысталуы, оқылуы, таңбалануы деген секілді қағидаттарын ескеретін болсақ, дәл қазір тарих таразысында тұрған мәселе – тіліміздің таңбалануы. Әлеуметтік желілерде «әбігерге» түсіп жатқан қандастарымыздың кейбір теріс пікірлеріне жығыла бергенде, біз заманауи мүмкіндіктен бас тартқан болар едік.
Неге дейсіз ғой? Жауабын беруге тырысып көрейік. Латын графикасы – ХХІ ғасырдағы ғылым мен техниканың тілі. Экономикалық үнқатысулар тілі. Инновациялық жаңалықтар тасқыны латын тілінде түйінделіп жатқанын бағамдаған ұлт ұлы мүмкіндіктен бас тартпауы керек деп ойлаймын.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының түпкі мақсатын түсінген әрбір отандасымыз жаңғырудың жазудан басталатынын түйсінуі керек. Өйткені, біз өркениет көшіндегі озық отыздықтың ортасынан ойып орын алуымыз үшін ғалам тұтынған графиканың таңбалануын таңдап отырмыз.
Кез келген жаңа жобаны қабылдау барысында өмірі асығыс шешім қабылдап көрмеген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы жолы да тарихи таңдаудың соншалықты маңызды екенін түйсініп, елге түсіндіріп, мемлекетіміздің болашағына бейжай қарамайтын Көшбасшы екендігін дәлелдеді. Тұтас қоғам іштен тынып, алуан пікір туындап тұрған тұста елдің ертеңі үшін ең маңызды шешім қабылдап, Жарлыққа қол қойды.
Жалпы, латын графикасын қоғамдық жүйе жаппай қабылдауы керек. Орыс тілді аудиторияға (білім беру мекемелері, оқу орындары, мемлекеттік органдар т.б) да латын әліпбиінің тарихи қажеттілігін тудырмайынша, мемлекеттік тілдің көсегесі көгермейді. Қазақстан Республикасының азаматы ретіндегі менің ұсынысым – осы.
Иә, Елбасы Жарлығы тарихи қадам болғанын, рухани кеңістігіміздің ұлы шексіздік екенін дәлелдегенін ескере отырып, қабылданған шешімге қолдау көрсетуге тиіспіз. «Көш жүре түзеледі» демекші, латын графикасына бізден бұрын көшкен елдердің тәжірибесін зерделеп, қателігін қайталамауымыз керек. Әлгіндей кемшін тұстар ортақ мүддеге ой қосып, ынтымақ танытқан жағдайда ғана оңалатын дүние екенін ескеруіміз шарт.
Қалай болған күнде де, қабылданған бұл нұсқа лингвист ғалымдар мен сарапшылардың талқысынан өтті ғой. Қолайлылық пен мүмкіндіктің барлығы ескерілді деген ойдамыз.
Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі