Оған қала басшылығы, зиялы қауым өкілдері, студенттер мен жастар тұлғаның жақындары қатысып, арнайы жасақталған тұрақты экспозицияның ашылуын тамашалады. Орал Байғонысұлының жеке заттарының ішінде Парламентте және әр жылдары түскен фото суреттері, пайдаланылған кітаптары, екі қаламсабы ерекше назар аударады.
«Еліміз Тәуелсіздігінің елең-алаңынан бастап, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ұйымдастыру-бақылау және кадр саясаты басқармасының Мемлекеттік инспекторы, Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары, Парламент Мәжілісі төрағасы болып, мемлекеттік жауапты қызметтер атқарған Орал Байғонысұлы Қазақстандағы басқару және заң шығару ісіне мол үлес қосты. Ол кісінің адамгершілік тұлғасы да жастарға үлгі болып қала береді» деді Арқалық қаласының әкімі Амантай Балғарин.
Салтанатқа жиналғандарға Орал Мұхаметжановтың досы Хамитбек Махмұтұлы ірі мемлекет қайраткері туралы естеліктер, жұбайы Шолпан, ұлы Еркін Оралұлы өнегелі істі өскелең ұрпаққа үлгі еткен ел азаматтарына алғыс айтты.
Орал Мұхаметжановқа арналған шара Арқалықтағы Ы.Алтынсарин атындағы мемлекеттік педагогикалық институтта жалғасып, «Елін сүйген азамат» атты еске алу кеші өтті. Онда Қала әкімінің орынбасары Түбекбай Әубәкіров сөз сөйлеп, қалалық мәслихаттың хатшысы Гүлбану Елтебаева біртуар тұлғаның өмірі мен қызметі жайлы баяндама жасады. Еңбек ардагерлері Серікбай Тапаев, Қайырден Жиенбаев, ҚР Мәдениет қайраткері Жұмағали Өмірбек, Қаратай Нұрмановтар естеліктерін айтты.
Еліне тұтқа болған асыл перзенттің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында қалалық білім бөлімінің ұйытқы болуымен өткізілген мектепшілік «Орал Мұхамеджанов – мемлекет қайраткері» тақырыбындағы шығармашылық жұмыстар (шығарма, реферат) байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Нәзира Жәрімбет
«Егемен Қазақстан»
Қостанай