Қосшы елді мекенінің бүйіріндегі аумағы алты гектарды алып жатқан «Алтын таға» базары облыста алғашқылардың бірі болып «Соғымға дайындыққа» қатысуға келісім беріпті. Тек сауда сөрелері ғана емес, сонымен қатар қасапхана, шұжық цехы және тоңазытқыш камерасы бар базар бүгінгі таңда аяғынан нық тұрып келеді. Мұнда мемлекеттік ветеринарлық зертхана да жұмыс істейді. Сондай-ақ көкөніс пен жеміс-жидек сақтайтын қоймасы, мал бордақылауға арналған 15 мал қорасы да бар. Енді елорда тұрғындары ветеринарлық тексерістен өткен соғымды төмен бағамен сатып ала алады. Базар басшысы әрі құрылтайшы Айдар Нығметов осыдан екі жыл бұрын базарды сатып алудағы себебін бизнестерін әртараптандырумен байланыстырды. Бұл жерде, сойысқа негізінен қазақтың ақбас сиыры бордақылануда. Жаңа жылға дейін толық қуатына көшетін базарда 120 жұмыс орны құрылып, жеке шаруа қожалықтарымен кооперативтену мәселесі де күн тәртібіне шығарылып отыр.
Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпан облысқа қарасты 17 аудан Астана қаласының азық-түлік белдеуі аумағына кіретіндігін айтады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес нақты жобалар қолға алыныпты. Атап айтқанда, 2017 жылы құны 10,5 миллиард теңгелік 12 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда соның 7-уі толық іске қосылса, қалған 5-уі жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Соның бірі – Целиноград ауданында ешкі өсірумен байланысты жоба. Емдік қасиеті бар ешкі сүті үлкен сұранысқа ие екен.
Жоба бойынша іске қосылған кәсіпорындар өз өнімдерін тұтынушы сұранысы бойынша сүрленген ет немесе ысталған ет, шұжық, сүт пен сүт өнімдері күйінде ұсынады. Мәселен, жоғарыда айтылған «Алтын таға» базар кешені «Соғымға дайындық» жобасы бойынша 200 жылқы, мыңға тарта ірі қара мал және 3 мыңдай қой бордақылап, қажет болса, өз өнімдерін кез келген күйде тұтынушысына жеткізіп бере алады екен. Базар басшысы Иран мен Қытайға өз өнімдерін экспорттауды көздеп отырғанымен де бөлісе кетті. Қорғас халықаралық сауда орталығына апта сайын 1,5-2 тонна шұжық жеткізуге дайын екен.
Бұл орайда қолжетімді бағаға сапалы өнім ұсыну мақсатында Ақмола облысы елордада «Ақмол» сауда желісін ашуды көздеп отыр. Биылғы жылдың соңына қарай Астананың шағын аудандарында 3 сауда нүктесі ашылса, келесі жылдың соңына дейін олардың қатарын жиырмаға жеткізу жоспарлануда.
Астана қаласының ет және ет өнімдеріне деген сұранысы жылына 78 мың тоннаны, ал сүт және сүт өнімдеріне 300 мың тоннаны құрайды екен. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының мәліметіне қарағанда, жыл соңына дейін Астана қаласына 25 мың тонна ет және 102 мың тонна сүт пен сүт өнімдері жеткізілетін болады. Бұл аталған өнімдерге деген қажеттіліктің 33-34 пайызы ғана. Ал 2021 жылға қарай оны 48 пайызға жеткізу жоспарланған.
Тіпті жеңсік ас саналатын қоян еті де астаналықтардың сұранысын қанағаттандырып отыр екен. Өзіміз арнайы барып көрген «Астана Микро» асыл тұқымды шаруашылық» ЖШС Ресейден, одан қалса Оңтүстік Қазақстан облысынан қоян әкеліп, санын көбейтіп отыр. Қазір мұнда «Кеңестік шиншилла», «Күміс», «Ақ алып» тұқымды қояндардың саны 1520-ға жетіпті. Мүмкіндік болса екі есеге дейін көбейту жоспарда бар көрінеді. Аталған серіктестіктің бас мал дәрігері Мейрам Әбішевтің «Ірі қара малдікімен салыстырғанда, қоян еті қымбаттау. Тұрақты тұтынушыларымыз арқылы ғана пайда тауып отырмыз. Олардың арасында Астана қаласындағы бірқатар мейрамханалар мен дәмханалар, сауда орындары және дүкендер бар», деді ол. Жалпы, жыл сайын 4 тоннадан астам қоян еті өндіріледі екен.
Астананың азық-түлік белдеуі бағдарламасы аясында биыл пайдалануға берілген «Аян» сауда таңбасымен өнім шығаратын макарон фабрикасына да бас сұқтық. Аталған кәсіпорын тәулігіне 200 тонна ұн өңдей алады. Сонымен қатар жарманың 11 түрін шығарады. Италиялық желімен жабдықталған фабрика жоғары сапалы өнімдерін Астана қаласы мен Қарағанды облысының Осакаров ауданына жеткізіп тұратын болады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы