Дəл бүгін швед футболшыларына қандай мақтау айтсаң да жарасады. Табандылық танытты. Азулы қарсыластарынан абдырап қалған жоқ. Намысты екен. Жігерлерін жанып тұрғанын көздерінен көруге болады. Жанкештіліктерінің арқасында жеңіске жетті. Италия құрамасы ше?
Қос ойыннан кейінгі қорытындымыз: бүгінгі Италия құрамасы қауқарсыз. Ақылсыз. Айласыз. Антифутбол. Пирло сияқты ақылмен ойнайтын арландары жоқ. Тотти ше? Теңбіл допты түзу тебетін тарлан еді, шіркін. Балалығы басым болса да Болоттели бір ойынның тағдырын бір өзі шешетін. Мінезі болғанымен, Манолодан не пайда? Икемсіз Иммобилие де түк бітіре алмады. Бонуччи барын салмады.
Бас бапкерді кінəлаймыз ба? Топ клубтарды тізгіндеп көрмеген, тəжірбиесіз Джан Пьеро Вентуроға сенім білдірген Италия футбол басшыларын айыптаймыз ба?
Біздіңше, мəселе тереңде жатыр. Cоңғы жылдары "скуадра адзурра" футболын жайлаған жемқорлықта сияқты. Ішкі біріншіліктегі бəсекесіздікте қосыңыз. Бүгінгі Италия футболындағы темірдей тəртіпттің жоқтығына келіп тірелетіндей ме?
Бізге Италия құрамасының жігерсіздігін емес, атақты Буффонның көз жасын көру ауыр тиді. Обал болды. Италияның бойтұмарына айналған қақпашының еңіреп жылағаны жүрегімізді елжіретті. Джиджи дəл осылай ұлттық құрамамен қоштасуға лайық емес еді. Аты аңызға айналған қақпашы карьерасындағы алтыншы әлем біріншілігіне қатысып, жаһандық рекорд орнатып, армансыз кетуге əбден лайық болатын. Буффонмен бірге Италия футболының тұтас бір дәуірі кетіп барады. Қош бол, ДжиДжи!
Еркебұлан Жомарт