«Қазақстанның географиялық орналасуы мен көлік инфрақұрылымы айына жаңа түсімнің 1,5 млн тоннасын тасымалдау көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл 1 млн тонна астық пен 300 мың тонна ұнды құрайды», дейді О.Құлақов. Оның мәліметінше, түсімнің жақсы сапалық және сандық көрсеткіштері астық пен ұн экспорты құрылымының өзгеруіне ықпал еткен. Италия, Түркия, Иран, Ауғанстан тәрізді алыс елдерге экспорт артқан. Бұл өз кезегінде алысқа тасымалдаудың артуына және астық тасымалы тұтынушылық паркі мен жабық вагондардың көбеюіне себепші болыпты. «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ-ның басшысы елімізде астықты контейнермен экспортқа шығару жолға қойылатынын мәлімдеді.
«Біз астық тасымалдаудың жаңа технологияларын енгізу бағытында да жұмыс жүргізудеміз. Мәселен, қазан айында «Құрық-Алят-Ахалкалаки-Карс-Мерсин» жаңа бағытында контейнермен астық тасымалдаудың бірегей жобасын жүзеге асырдық. Келешекте бұл бағытта ай сайын 10 мың тоннаға дейін астық тасымалдау жоспарлануда», деді О.Құлақов. Негізі, Қазақстан ұнының ауқымды бөлігі Ауғанстанға жөнелтіледі. Ол бағыттағы логистика жеткізу жылдамдығының өте төмендігімен және Ауғанстанның Хайратон, Акин және Тургунди қабылдау стансаларындағы жүкті түсіру мүмкіндігінің әлсіздігімен сипатталады. Себебі ауған тарапында вагондағы жүкті түсіру автоматтандырылмаған екен. Жүк түсіретін стансаларда тауарлар іркілісі жиі орын алатын көрінеді.
Оралхан Райханұлы Каспий арқылы тасымал әлеуетінің барынша жоғары өсімін қамтамасыз ету үшін порт инфрақұрылымын дамыту қолға алынып жатқанына тоқталды. «Ақтау портын солтүстікке қарай кеңейту жобасы аяқталды. Құрық портында темір жол және паром кешені пайдалануға берілді және келесі жылдың басында оның екінші фазасы логистикалық инфрақұрылымы мен кедендік қызмет көрсету аймағы бар автомобильдік паром кешенінің құрылысы аяқталатын болады», деді ол. Компания басшысының айтуынша, тиісті шаруалар атқарылған соң астық тасымалы келесі жылы 26 миллион тоннаға дейін артатын болады. Сонымен қатар меншікті құрғақ жүк таситын паромды флот құрылып, бес жылдың ішінде кемелер саны жиырмаға жетпек.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»