Аймақтар • 15 Қараша, 2017

Жайық өзеніндегі тіреусіз көпір құрылысы 2018 жылы аяқталады

628 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Махамбет ауданында салынып жатқан көпір жаңа көлік дəлізін құруға жəне облыс орталығын кептелістен азайтуға мүмкіндік береді. Құрылыс барысын  облыс əкімі Нұрлан Ноғаев тексерді.

Жайық өзеніндегі тіреусіз көпір құрылысы 2018 жылы аяқталады

Жайық өзені арқылы өтетін жаңа көпір 180 тонна жүк көтереді, ұзындығы - 860 метр, ені - 13 метр. Кірме жолдың жалпы ұзындығы - 8,5 шақырым. Көпір бірегей құрылым бойынша - толықтай бетоннан, тірексіз жасалған.

Қазір нысанға автокөлік жолы салынған. Құрылыс алаңында жұмыс тиімді болу үшін мобильді бетон зауыты орнатылды. Жүретін жол екі жолақтан тұрады, көпір бойында жаяу жүргіншілер жолы қарастырылған.

Аймақ басшысы жаңа көпір құрылысы өңірдегі шағын жəне орта бизнестің дамуына серпін беріп, автокөліктерге жаңа көлік дəлізін ашатынын атап айтты. Көпір құрылысы 2018 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.

Нұрлан Ноғаев сонымен бірге ескі Сарайшық қаласының аумағында жүріп жатқан жағаны бекіту жұмыстарын да барып көрді.

Қорғаныс бөгеті құрылысы 2016 жылы басталды, 2018 жылы аяқталады. Бөгет биіктігі 3 метр, ұзындығы - 1500 метр. Бұл бөгет көне қала орнын су тасқынынан қорғайды. Екі нысанды аралаған облыс əкімі Нұрлан Ноғаев жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

Бақытгүл Бабаш,

«Егемен Қазақстан»