ЭКСПО-2017 • 15 Қараша, 2017

ЭКСПО-ның мұрасы тиімді пайдаланылады

659 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада Қазақстанның дипломатиялық корпусына арналған «ЭКСПО-2017 мұрасы» атты дөңгелек үстел өтті. Жиынға Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басшысы Қайрат Келімбетов, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев және БҰҰ Даму бағдарламасы кеңсесінің өкілдері қатысты.

ЭКСПО-ның мұрасы тиімді пайдаланылады

Алғаш болып баяндама жасаған Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахманов «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аяқталғаннан кейін оның орнындағы ғимараттарды тиімді пайдалану жұмыстары басталып кеткенін атап өтті.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «ЭКСПО-2017» көрмесінің жабылу салтанатында «Астана» халықаралық қаржы орталығы, халықаралық Астана хаб, жасыл технология орталығы, IT-стартаптарға арналған әлемдік алаң шетелдік әріптестеріміздің назарына ұсынылатынын мәлімдеген болатын. Қазіргі таңда Қазақстандағы жауапты министрліктер мен ұйымдар «ЭКСПО-2017» шарасының мұрасын тиімді жүргізу жұмыстарына кірісіп кетті», деді Қ.Әбдірахманов.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының басшысы Қ.Келімбетов қонақтарға мекеменің жұмыс барысын түсіндіріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, «Астана» ХҚО жұмысын үйлестіру Мемлекет басшысы Н.Назарбаев анықтап берген «100 нақты қадам» ұлт жоспарын орындау аясында жасалып жатыр. Аталған бағдарда айтылған бес реформаның үшеуі тікелей «Астана» ХҚО жұмысына қатысы бар.

«Астанада құрылатын қаржылық орталық ағылшындардың ортақ құқықтық заңының негіздері мен ережелеріне бағынады. Биылғы наурызда Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Астанада қаржы саласына арналған арнайы алаң құрылмақ. Осыған сәйкес, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап «Астана» қаржы орталығының жұмысын бастап кетуге әзірміз», деді орталық басшысы.

Қ.Келімбетовтің пайымдауынша, «Астана» ХҚО-ның Nasdaq және Шанхай биржасымен бірлесе жұмыс істеуі орталықтың аймақтағы бірегей қаржы алаңына айналуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Қ.Келімбетов инвестициялық дауларды шешуге арналған мекеме құрылатынын мәлімдеді. Өз кезегінде, бұл мекеме Қазақстанға инвестиция салуға және олардың құқығын қорғау мәселесі толғандырғандар үшін пайдалы.

Сонымен қатар, Қ.Келімбетов «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмыс бағдарымен бөлісті. Бірінші, капитал нарығын дамыту жоспарда бар. Бұған қоса, елде жекешелендіру жұмыстары одан әрі жалғаса береді. Келесі жылдан бастап «Самұрық-Қазына» секілді ұлттық компаниялар жекешелендіру бағдарламасына кіріседі. Жоспар бойынша, бұл шаралар келер жылдың екінші жарты жылдығында «Астана» ХҚО аясында жүзеге асады. Сондай-ақ, Қ.Келімбетов активтерді басқару, Ислам банкі жүйесі, қаржылық технологияларды дамыту жоспарға енетінін атап өтті.

Энергетика министрі Қ.Бозымбаев «ЭКСПО-2017» мұрасын жасыл технологияға айналдыру жөнінде әңгімелеп берді. Оның айтуынша, Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) мен Энергетика министрлігі арасындағы келісімге сай Қазақстанда бірқатар маңызды жобалар жүзеге асты.

«ЕҚДБ таяу жылдары Қазақстанға 200 миллион еуро көлемінде инвестиция салуды көздеп отыр. Жаңғырмалы энергия көздерін дамыту жөнінде Энергетика министрлігі мен Eni International және General Electric компаниялары арасында меморандумға қол қойылды. Аталған құжатқа сай, елімізде озық технологияларды пайдалана отырып қуаты 50 мегаватт жел электр стансасын салуға мүмкіндік бар. ЕҚДБ тарапы мен «Samuryk Kazyna-United Green» компаниясы Қызылорда облысында қуаты 50 мегаваттты күн электр стансасын салу жөнінде өзара мандаттық хат алмасты. Сондай-ақ, қуаты 100 мегаваттық «Astana Expo-2017» жел паркін салу туралы «Қазақстан Даму банкі», «ЦАТЭК Green Energy» және «БРК-Лизинг» компаниялары арасында қаржыландыруға ниет білдірген келісім жасалды», деді Қ.Бозымбаев.

Ақпарат және коммуникация министрі Д.Абаев IT-стартаптарға арналған Astana Hub халықаралық технологиялық парк құру жөніндегі үкімет жұмысын таныстырды. Министрдің айтуынша, стартаптың экожүйесін дамыту және құру жөнінде, әлемнің түкпір-түкпіріндегі стартапшыларды елімізге тарту мақсатында қазақстандық жұмыс жоспары әзірленді.

 «Технологиялық парк «Астана» халықаралық қаржы орталығы аймағында тіркелгендіктен, корпоративті табыс салығы мен жеке табыс салығы бойынша жеңілдіктерге ие болады. Технологиялық паркке «ЭКСПО-2017» аумағында 10 000 шаршы метр көлеміндегі павильон бөлінді. Қазіргі таңда онда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», деді Д.Абаев.

Технологиялық паркте жұмыс істейтіндерге бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, стартап-топтарға «ЭКСПО-2017» ауданынан жалдамалы тұрғын үйлер ұсынылады. Шетелдіктерге арналған виза жүйесін де жеңілдету жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде, 46 елдің өкілдері  бір ай көлемінде еркін визалық жүйенің пайдасын көреді.

Дөңгелек үстел соңында БҰҰ Даму бағдарламасы кеңсесінің өкілдері мен Қазақстандағы шет мемлекеттердің елшілері өздерін мазалап жүрген сұрақтарын қойып, мардымды жауап алды.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»