Қазақстан • 16 Қараша, 2017

Көрсетілген көмекке ризашылық білдірді

433 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасының атына «Кәусәр-Бұлақ» әлеуметтік көмек көрсету орталығы» қоғамдық бірлестігінен және еліміздің бірқатар өңірінің тұрғындарынан хаттар келіп түсті. Бұл хаттарда ипотекалық тұрғын үй қарыздарына орай мемлекеттік қайта қаржыландыру бағдарламасы арқылы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетілгені үшін Мемлекет басшысына ризашылық білдірілген, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Көрсетілген көмекке ризашылық білдірді

Еске сала кетейік, 2015 жылғы 11 ақпанда Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында азаматтардың ипотекалық қарыздарын қайта реттеу жөнінде тапсырма берген болатын. Соған сәйкес, Үкімет пен Ұлттық банк тарапынан 130 миллиард теңге бөлініп, бүгінде 22 мыңға жуық азамат өз бас­паналарын сақтап қалуға мүмкіндік алды. Осы мәселенің оң шешімін тауып, іске асуына орай еліміздің бірнеше өңірінен хат жазған азаматтар Мемлекет басшысына зор ризашылықтарын жеткізген.

Атап айтқанда, Алматы қала­сының тұрғыны Бақыт Уақасова Ел­басына мемлекеттік бағдарлама аясында ипотекалық несие бойынша белгіленген пайызды азайтып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына көмек көрсеткені үшін алғыс білдірген. Ал Шымкент қаласынан Әлия Қадырқұлова: «Сіз ипотека арқылы сатып алынған жалғыз бас­пананы тартып алмау, несиені қайта қаржыландыру, мүмкіндігі шектеулі адамдарға жеңілдіктер жасау туралы тапсырма беріп, қарапайым халықтың ризашылығына бөлендіңіз. Әрі қарай да халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, қамқор болатыныңызға сенімдімін», деп жазған.

Алматы облысының Қарасай ауданындағы Іргелі ауылының тұр­ғыны Мәрзия Оспанова: «Ипо­тека арқылы алған баспанамыз­ды отбасымызда сақтап қалуға мүм­кіндік туғызғаныңыз үшін ризашы­лы­ғымызды жеткізгіміз келеді. Хал­қыңыздың жағдайын жасап, қиыншылықта қолұшын бергеніңіз үшін алғысымыз шексіз», деген ыстық ықыласын жолдаған.

Хат иелері Нұрсұлтан Назарбаевқа зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр, сондай-ақ еліміздің өсіп-өркендеуі жолындағы еңбегіне мол табыс тілеген. Мемлекет басшысы өз атына келіп түскен хаттармен мұқият танысып, жылы лебіздерін білдірген азаматтардың барлығына алғыс айтты.