Англияның Жоғарғы соты БТА банктің Әблязов пен бұрынғы басшыларына қатысты аталған банктің талап-арызын қарау барысында Полу Кифреотисті сотты сыйламағаны үшін 1 жыл 9 ай түрмеге жабу туралы шешім қабылдады.
Пол Кифреотис Әблязовтің негізгі сыбайластарының бірі және ол Кипрде Әблязовтің оффшорлық компания жүйесін басқарған. Бұған қоса Кифреотис пен оның қызметкерлері ондаған оффшорлық компаниялардың негізгі акционерлері, бенифицарлары және директорлары болып табылады. Олар осы компаниялар арқылы БТА банктің ұрланған қаржыларын басқа банктерге аударып отырған.
Кифреотис 300 млн. доллар сомасындағы құнды қағаздардың ұрлануына байланысты шығындарды талап етіп отырған БТА банкке қарасты компанияларға, Әблязовке, Солодченкоға және басқа да адамдарға қатысты БТА банктің арызына жауап беруші болып табылады. Осы талап-арызға сәйкес, Англияның жоғарғы соты Кифреотистен өзінің активтері, сондай-ақ ақшалай қаржының қайда аударылғандығы туралы ақпараттарды ашық айтуды талап етті. Кифреотис сотқа жалған ақпарат бергендігін мойындады. Оның мәлімдеуінше, ол жауап беруші кейбір адамдардың тарапынан қысым көрген.
Бұған қоса, банк Кифреотистің Әблязов пен оның қайынағасы Шалабаевтан 4,5 млн. фунт төлеуді талап еткендігі туралы хатты сотқа тапсырды.
Кифреотис – Британияның азаматы, Кипрде тұрады. Банк осы шешімнің Кипрде мойындалуы жөніндегі мүмкін болған шараларды қарастыруда. Сондай-ақ Кифреотисті «сотты сыйламағаны үшін кінәлі» деп табу жөнінде Кипрде осы елдің заңы бойынша жеке процесс басталмақ.
Кифреотисті түрмеге қамау туралы үкімнің шығарылуы – осы іске қатысты үшінші оқиға. Өйткені Англияның Жоғарғы соты бұған дейін БТА банктің талап-арызы бойынша Шалабаев пен Степановқа қатысты дәл осындай үкім шығарған болатын. Әблязов пен оның заңгерлері сот процесін тоқтату немесе мезгілін созу мақсатында мүмкін болған барлық қадамдарға баруда. Дегенмен Әблязовті сотты сыйламағаны үшін жауапқа тарту процесі 2011 жылы 28 қарашада басталады.
«Егемен-ақпарат».