04 Қараша, 2011

Бір мақсат, ортақ мүдде тоғысы

460 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Түрік Республикасында Ауған­стан мәселесіне арналған халықаралық Ыстамбұл кон­фе­ренциясы өтті. Бұл жиынға Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрі Ержан Қазы­ханов қатысып қайтты. Қазақстанның әлемдік қоғам­дас­тықтың алаңдаушылығын ту­ғы­зып отырған күрделі мәсе­ле­лер­ді шешудің оңтайлы жол­да­рын қарастыруы мезгіл өткен сайын соны сипат ала түсуде. Ал әлемді алаңдатқан проблема­лар­дың бірі Ауғанстан проблемасы екені белгілі. Бұл ретте, Ыс­там­бұл төрінде ұйымдастырылған ха­лықаралық конференция Қа­зақ­станның ғана емес, осы мә­селеге тікелей мүдделілік таны­тып отырған елдердің басын қо­сып, көптің көкейінде жүрген түйт­кілдерді тарқатуға бағыт­тал­ды. Осылайша, келелі жиынға жи­налған халықаралық қауіпсіз­дік­ке ықпалдас және донор мемлекеттер делегациялары, аймақ­тық елдер өкілдері Ауғанстанда тұрақтылық орнату және ор­нық­тыру мақсатын көздеген бірлескен іс-әрекеттерді және осы елдің аймақтық-экономикалық және сая­си ынтымақтастыққа қатысу жол­дарын талқылады. 30-ға жуық елдің өкілдері қа­тысқан конференция басталмас бұ­рын делегаттар Түрік Респуб­ли­касының Сыртқы істер министрі Ахмет Давутоғлымен және Ауғанстан Ислам Республи­ка­сы­ның Сыртқы істер министрі Зал­май Расулмен кездесті. Бұдан кейін Түрік Республикасының Пре­зиденті Абдулла Гүлдің өзі ашқан Ыстамбұл конференциясы жұ­мысын бастап, онда Сыртқы істер министрлері, жиынға қаты­сушылар баяндама жасады. Конференция аясында сөз ал­ған Қазақстан Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов алапат табиғат апаты салдарынан орын алған қайғылы жағдайға бай­ла­ныс­­ты Түркия тарапына көңіл айт­ты. Бұдан кейін Сыртқы істер министрі қонақжайлығы мен кон­ференцияны жоғары деңгейде ұй­ым­­дас­тыра білгені үшін Түркия үкі­метіне ризашылығын жеткізді. Осы орайда ол Түркия үкіметінің Ауған­стан­дағы бейбіт өмірді қал­пына келтіру бағы­тын­дағы баста­малары жоғары ба­ғалауды қажет етеді, бұл өз кезегінде бауырлас елдің ауған жұртшылығының ба­қуат­ты өміріне, мемлекеттің бо­ла­шақтағы да­муы мен гүлденуіне септігін тигізеді деген ойын ор­та­ға салды. Сондай-ақ, ол Қазақ­стан­ның Ауғанстан мәселесі бой­ынша қалыс қалып отырмағанын, керісінше, шиеленіскен түйт­кіл­дер­ді тарқа­туға, бұл мақсаттағы іс-шараларды оң­тайландыруға өзі тара­пынан күш-жігер таны­тып, айтар­лық­тай үлес қосқанын, мұ­ның, әсіресе, еліміздің ЕҚЫҰ-ға төр­ағалығы кезінде айқын көрін­генін атап өтті. Біз – жетекші ұйымның ауған мә­се­ле­сін шешудегі рөлінің жо­ға­рылауына мүдделі елміз. Астана өзінің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде ауған мәселесіне айрық­ша мойын бұрғаны белгілі. Біз Ауғанстан проблемасын шешудегі Ұй­ым­ның рөлін арттыруға қа­зір де мүд­де­лілік танытып отыр­мыз. Осы орайда, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның Азиядағы әріптес­те­рі­мен ынтымақтастық орнату бағытындағы Өзара байланыс то­бының төрағасы ретіндегі атқа­рып отырған жұ­­мыстарын бөле айтуға болады. Ау­ған­­стан мәсе­ле­сі сондай-ақ, биылғы жыл­дың мау­сым айынан бастап Ислам Ын­тымақтастығы Ұйымының Сырт­қы істер министрлері кеңесіне төрағалық тізгінін ұстаған біздің еліміз үшін айрық­ша маңызға ие, деді Е.Қазыханов. Ұйымға мүше 57 елді болашақта да осы елге кө­мек қолын созуға шақы­ра­тын ар­найы қарарға қосымша ұсы­ныс­тар енгізілген болатын. Бұл ұсы­ныстар Астанада 30 маусым күні өткен министрлер отырысында қабылданды. Ал бұл өз кезегінде Кабулда Ислам Ынты­мақ­тастығы Ұйымының Тұрақты миссиясы те­тігінің іске қосылуын қам­та­ма­сыз ету­ге мүмкіндік берді. Біз бү­гін ауған хал­қы мен оның үкі­метіне олардың «қа­уіп­сіз бола­шақ­тың тетігін қалау» жо­лын­­дағы шынайы күш-жігері мен ние­тіне қолдау көрсетуді жал­ғас­ты­ра беруіміз керек. Сон­дық­тан, 10 жыл ішінде атқарылған жұмыс­тардың алғаш­қы қо­рытындысын шы­ға­ратын кез келді. Осы орайда, «Ауғанстан Ислам Республикасының бұдан кейінгі тұрақты мемлекеттік және қоғамдық дамуына жағдай жа­сайтын бірлескен іс шаралар шо­ғырын анықтап алуымыз керек», деді Сыртқы істер министрі. Ха­­лықаралық жиын аясында Қа­зақ­стан­ның Ауғанстан мәселелерін бір жү­йе­ге келтіру бағытындағы басты ұста­ным­дары да алға тар­тылды. Мәселен, еліміздің осы ел бойынша ұстанып отыр­ған басты және міндетті деп са­най­тын ұс­та­нымдары мынаған саяды: біріншіден, Ауғанстанның өз ішіндегі бітімгершілік турасындағы ке­ңей­тілген үнқатысуды жалғас­ты­ру, екіншіден, ел­дің қалыпты ішкі саяси өмірін қалып­тас­тыруға жағдай жасау, халықаралық қо­ғам­дастыққа мүше елдердің Ауған­стан­ның экономикасын қайта қал­пына келтіру бағытында өзара келісілген ынты­мақтастығы мен іс-қимылын жандан­ды­ру және төр­тіншіден, Ауғанстанды аймақтық дамуға қатыстыру. Қазіргі таңда Қазақстан – Ауған­станның мемлекет ретінде қайта дамуы мәселелеріне ерекше көңiл бөліп, оң ниеттестік та­нытып келе жатқан бірден бір ел. Осыған байланысты Елбасының бастамасымен ауғандық 1 мың сту­дент­тің еліміздің оқу орын­да­рын­да білім алу бағдарламасы жү­зеге асырылып отыр. Бұл бағ­дарлама 2010-2018 жыл­дар ара­лы­ғын көздейді. Аталған шараға Қазақстан Үкіметі мемлекеттік бюд­жеттен 50 млн. АҚШ дол­ла­ры көле­мін­де қаражат бөлген. Ауғандық студент­тердің 153 адамнан тұратын алғашқы тобы Қазақстанның білім беру ор­та­лықтарында оқуларын өткен жыл­дың қыркүйек айында бастады. Қазақстан-Ауғанстан арасын­дағы екі­жақты үкіметаралық ко­мис­сиясының сауда-экономи­ка­лық ынтымақтастық ба­ғытын­да­ғы жұмыстары да жүйелі жолға қойылып келеді. Бірнеше жыл бойына Қазақстан Ауғанстанға тұрақты түрде гуманитарлық кө­мек көрсетіп отыр. Болашақта да бұл үдеріс өз жалғасын табатын болады. Ауғанстан мәселесіне ар­нал­ған Ыстамбұл конференциясы ба­рысында осындай ойлар ай­тыл­ды. Бұған қоса, Қазақстан БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл­шаруашылық ұйымының және Дү­ниежүзілік азық-түлік бағдар­ла­ма­сы­ның мүмкіндіктерін белсендірек пайдалану қажет деген ұстанымын да қол­дай­ды. Бұл Ау­ғанстанды күнделікті пай­да­ла­на­тын тауарлармен жүйелі қам­та­масыз етуге жол ашатыны анық. «Осы орайда, біз Қазақстанның би­дайын, ұнын және азық-түлік өнімдерін сатып алуды ұсы­на­мыз. Биылғы жылы қазақстандық фермерлердің бидайдан 25 миллион тоннаны құрайтын рекорд­тық өнім алғаны белгілі болар», деді Е.Қазыханов өз сөзінде. 2007 жылы Қазақстан Ұлттық жәр­меңкесі мен іскерлік топтар­дың кездесулері ұйымдастыры­лып, нәтижесінде бизнес құры­лым­дардың өкілдері 85 млн. АҚШ долларын құрайтын келі­сім-шарттарға қол қойды. С­о­ны­мен қатар, Самаган ауданында мектеп (160 мың долл.), Бамиан ауданында емхана салу (570 мың долл.) және Құндыз-Талукан жо­лын жөндеу (1,65 мың долл.) мақ­сатында АИР Қаржы ми­нистр­лігінің шотына 2008 жылы шілде айында 2,38 млн. долл. ауда­рылды. Сондай-ақ, 2008 жылы еліміз Ауғанстанға гуманитарлық жәр­дем ретінде 2 мың тонна азықтық бидай, 2009 жылы 1,3 мың тонна құр­ғақ сүт, 2010 жылы 6 мың тонна күріш, ал 2011 жылы 5 мың тонна күріш жар­масын жіберген еді. Қазақстан эконо­ми­ка­лық ынтымақтастық бағыты ая­сында энергетика саласындағы өңірлік халықаралық жобаларды да қолдайды. Біз халықаралық қоғамдас­тық­қа мүше елдер және Ауған­станның өзі БҰҰ-ның шекаралық біртұтастықты құрметтеу және елдің ішкі өміріне араласпау жө­ніндегі қағидаларын қуат­тай­ды деген ойдамыз, деді Ержан Қа­зы­ханов жиын кезінде. Халықаралық конференция шең­берінде Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов АҚШ Мем­лекеттік хатшы­сы­ның орын­ба­сары У.Бернспен, ГФР Сыртқы істер министрі Г.Вестервеллемен, Ауғанстан Сыртқы істер министрі З.Расулмен, Түркіменстан Сырт­қы істер министрі Р.Мередовпен және ЕҚЫҰ Бас хат­шысы Л.Заньермен, сондай-ақ, ИЫҰ Бас хатшысы Э.Ихсаноғлымен екі­жақ­ты кездесулер өткізді. Бұл кез­десулер ая­сында аталған елдермен жақын бола­шақтағы ын­ты­мақтастықтың мүмкін­дік­тері әңгіме өзегіне айналды. Халықаралық Ыстамбұл кон­фе­ренциясы барысында Түркия­ның Сырт­қы істер министрі Ахмет Давутоғлы кездескен қиын­дық­ты бір мемлекеттің еңсеруі мүмкін еместігін, осы орайда, «Ауған үдерісіндегі» қым-қиғаш мәсе­ле­лерді оңтайландыру және елді «қауіп­сіз аймаққа» айнал­дыру үшін шекаралас және Батыс елдерінің өзара жұмылуына мән берілу қажеттігіне ай­рықша тоқ­талған еді. Демек, Қазақстан да мұндай маңызды миссиядан шет қала алмайды. Оған биылғы жыл­дың 15 қарашасы күні Астанада өтетін Ау­ғанстан бойынша халықаралық Өзара байланыс тобының кезекті отырысын айтсақ та жеткілікті болар. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ. Астана – Ыстамбұл –  Астана.
Соңғы жаңалықтар