16 Қараша, 2017

Бағдарлама байыпты орындалуда

320 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыруға республикалық бюджеттен 120,1 млрд теңге бөлінді. Оның 88,3 млрд тең­гесі өңірлерге аударылған. 10 айдың қоры­тындысы бойынша қаржының 79,2 млрд теңгесі игерілген.

Бағдарлама байыпты орындалуда

Бүгінде бұл тиісті со­маның 89,7 пайызын құрап отыр. Бұл ту­ралы Орталық коммуникациялар қызмет­інде өткен баспасөз мәслихатында баян­дама жасаған Инвестициялар және да­му министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов мәлімдеді. 

«8,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,5 пайызға артық. Бағдарламаның жылдық жоспарына орай тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемі 87 пайызға орындалды. Барлығы 69,9 мың баспана салынды», деп атап өтті М.Жайымбетов. 

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының айтуынша, қазір тұрғын үйлерді пайдалануға беру еліміздің 15 өңірінде қарқынды жүргізіліп келеді. Бұлардың ішінде көш басында тұрған Маңғыстау (464,2 мың шм), Алматы (387,3 мың шм), Қызылорда (381,3 мың шм) және Атырау (373,6 мың шм) облыстары. Аталған аймақтар жеке тұрғын үйлерді пайдалануға беру бойынша да алда келеді.

«Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша биыл әкімдіктерге 25 млрд теңге бөлінді. 20,4 млрд теңге аударылды, 93,7 пайыз немесе 19,1 млрд теңге игерілді. Нәтижесінде, 6 мыңға жуық пәтердің құрылысы басталды. Оның жартысы биыл тапсырылатын болады. Бұл бағыт баспана сатып алуға мүмкіндіктері жоқ әлеуметтік әлсіз топтарды арендалық бас­панамен қамтамасыз етуге арналған. Оларға мемлекет арендалық пәтер береді. Бұл сатып алу құқығынсыз берілетін тегін баспана. Әлеуметтік тұрғын үйдің төлемі 1 шаршы метріне шамамен 100 теңгеден келеді», деді комитет төрағасы. 

Оның сөзінше, екінші бағыт жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға арналған. Бүгінде 60 мың жер учаскесіне желілер тартылып жатыр. Жалпы, жыл сайын аталған жұмыстарды жүргізу үшін 80 млрд теңге бөлу көзделген. Бұдан бөлек, қазір еліміздің 6 облысының орталығында бірыңғай сәулет стилінде 1975 жеке үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін оның 362-сі қолданысқа беріледі деп күтілуде (Ақтөбе, Қостанай, Алматы, СҚО). Сондай-ақ 10 айдың қорытындысы бойынша жоспарланған 15 мың кредиттік пәтердің 8770-і пайдалануға берілген.

Құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру жұмыстары да белсенді жүргізілуде. «Нұрлы жер» бағдар­ламасы аясында 152 млрд теңге сомасында құрылыс салушыларға субсидияланған кредит беру және 2018-2019 жылдары 600 мың шм тұрғын үйдің құрылысын қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

«Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы қазір өңірлерде екінші деңгейдегі 5 банк халыққа жаңа тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген ипотека беруді жүргізіп жатыр. Бүгінде банктер 7,9 млрд теңгенің 797 өтінішін қабылдады. Оның ішінде 747 өтініш мақұлданып,7,4 млрд теңгенің келісімі жасалған.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»