Ел газетінің болашақ ұрпақтың білімін еселеп, көзқарасын қалыптастыруда ықпалы үлкен. Осы орайда «Егемен Қазақстан» газетінің ұзақ жылдар бойы өңірдегі меншікті тілшісі болып қызмет атқарған ардагер журналист Мақұлбек Рысдәулетпен бірге аталған гимназияға арнайы ат басын бұрдық. Гимназия директоры Фарида Шортанбекова әуелі білім ошағымен таныстырды. Мәселен, гимназияның жұмысына қанағаттанған ата-аналар білім ошағындағы 24 кабинетті 1,5 миллион теңгеге толық ақпараттық технологиямен жабдықтап беріпті. Сондай-ақ 11 «А» сыныбының ағылшын тілі сабағының бір тобымен де кездесіп, сұхбаттасудың сәті түсті. Осы сыныпта оқитын Камила Зулфухарова өткен оқу жылында FLEX халықаралық байқауының нәтижесі бойынша АҚШ-та білім алып келіпті. Сонымен қатар Нұрай Момбекова да биылғы оқу жылында аталған мемлекетте білім алуда.
Мұнда 1991 жылдан бері Бауыржан Момышұлы мұражайы жұмыс істейді. Мұражайда «Батырға тағзым», «Азамат. Қаламгер. Қаһарман», «Ұлы Отан соғысы кезінде пайдаланылған заттар, наградалар мен әскери киімдер экспонаттары», «Бауыржан туындылары», «Бауыржан – 100 жаста» және «Тәуелсіздікке – 25 жыл» деп аталатын бөлімдер бар. Батырдың көзі болған құнды жәдігерлерді мұнда батырдың келіні Зейнеп Ахметова тапсырған екен.
Педагогикалық ұжыммен кездесу барысында қаламгер-журналист М.Рысдәулет бас газеттің бүгінгі бағыты туралы пікірін білдірді. «Ғасырлық тарихы бар ата басылым – қазақ руханиятының қара шаңырағы. Мұнда Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин сияқты Алаш арыстарынан бастап, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сияқты әйгілі жазушыларға дейін қызмет атқарған. Бүгінгі таңда бас газетіміз ел оқитын, халықтың рухани сұранысын қанағаттандыратын дүниелерді көптеп беруімен ерекшеленеді. Мәселен, «Көкейкесті», «Мәселенің мәнісі» айдарлары халықтық мәселелерді көтерсе, «Өңір өмірі» айдары өңірлердің тыныс-тіршілігін бейнелейді. Ал ұстаздарға арналған «Тәлім» беті еліміздің әр қиырындағы ұстаздардың ойларын, жұмыс тәжірибесі мен идеяларын жариялайды», деп атап өтті. Сондай-ақ гимназия директоры Ф.Шортанбекова ұстаздарға арналған «Тәлім» беті үшін редакция басшылығына ризашылығын білдірді. «Ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздардың еңбегі ерекше. Ұстаздық – ұлы міндет. Сондықтан да ұстаздардың ұлағатты ойларын, сабақ өту тәсілін, білім саласындағы пікірлерін жариялаған бас басылымның оқырманы көп. Ең бастысы бұл еліміздің әр қиырындағы ұстаздардың бір-бірімен тәжірибе алмасуы үшін өте қажет дүние», деді Ф.Шортанбекова.
Сонымен қатар математика пәнінің мұғалімі Мұрат Қаспақов, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қарлығаш Ерғарақызы және география пәнінің мұғалімі Рахымжан Алманбетов білім берудің жаңа жүйесі және газеттің жаңартылған мазмұны жөнінде өз ойларын айтты.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы