Аймақтар • 16 Қараша, 2017

Бір күнде ашылған қос сарай

629 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Күн санап өсіп келе жатқан Талдықорған қаласында бір күнде екі бірдей кешен іске қосылды. Алғашқысы – Салтанат сарайы. Жастардың неке қию салтанатын, түрлі басқосу, жиындар өткізуге, халықаралық келісімшарттар жасауға лайықталып жасалған сәулетті орынның ашылу салтанаты да ерекше болды деуге тұрады. Алғашқы неке қиылып, алтын және лағыл тойлары тойланды.

Бір күнде ашылған қос сарай

– Жастарымыз жаңа өмірге осындай әсем сарайда қадам бассын деген ниетпен Салтанат сарайын тұрғызып отырмыз. Бұл істі қолға алмас бұрын Елбасының рұқсатын сұрап, батасын алған едім. Облысымызда әлі талай зәу­лім ғимараттар салынады. Келер жы­лы театрдың жаңа ғимаратын, жүзу бассейнін ашамыз. Мұның игілігін хал­қымыз, жастарымыз көреді. Ал бү­гінгі бас қосып отырған жастарға ба­қыт ті­лей­мін, әрдайым бір-біріңді сый­лап, қол­дап, қорғап жүріңдер. Сонда бәрі жақ­сы болады. Бүгін алтын, лағыл тойларын өткізуге келген жұптардың жолын берсін деймін. Қосақтарыңмен қоса ағарып, көп балалы болып, қазақтың санын көбейте беріңдер. Қарияларымызға әрдайым жастарымызға үлгі-өнеге болып, немере-шөберелеріңіздің қызы­ғын көріңіздер демекпін, – деп тіле­гін арнаған облыс әкімі Амандық Баталов­тың құттықтауынан кейін, Салтанат сарайының тұсаукесерімен бірге некесі қиылған жастарға неке куәлігі тапсырылды. 

Екіншісі – 4,5 мың шаршы метрді алып жатқан Көрме кешені. Құрылысына бюджеттен 1,3 млрд теңге қаржы жұмсалыпты. Сыртқы көрінісі алыстан көз тартатын нысанға жұмсалған отандық және шетелдік материалдардың сапасы да жоғары деңгейде. Облыс орта­лы­ғының шырайын кіргізіп, ажарын аша түсетін құрылыс алдағы күнде қала тұрғындары мен қонақтарының ең көп атбасын бұрар орталығына айналады деген сенім бар. 
Лентасы қиылып, есігі ашылған салтанатты жиынды өңір басшысы Амандық Баталов құттықтау сөзімен бастады:

– Облыстағы экономика, ауыл шаруа­шы­лығы, медицина, білім, мәдениет, тағы да басқа саладағы озық технология­лар мен дүниелерді, өнер туындыларын халыққа көрсету, насихаттау, сол ар­қы­лы болашақ ұрпаққа сара жол салу мақ­сатында бой көтерген ғимараттың та­бысты бастамаларға жол ашатынына се­нім­дімін. Мұнда қалалық, облыстық, рес­публикалық, тіпті халықаралық ша­раларды да өткізуге болады. Осы ғи­маратты ашу арқылы көрме қызметінің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашумен қатар, өзімізде өндірілетін тауарлар мен қызметтерді кешен қабырғасында көпшілікке ұсыну арқылы өңіріміздің инвестициялық тартымдылығын да еселей аламыз. Қаламыз мұндай Көрме павильонымен мақтана алатынына сенімдімін, – деді әкім.

Сәулетті ғимараттың құрылысын жүр­­гізген – «Стройсервис-97» ЖШС. Ғи­марат қаланың кіреберісінде орналас­қан­дықтан, қалаға келушілерге ә дегеннен жақсы әсер қалдыру жағына баса назар аударылған. Көрме кешенін аралап шыққан басшылық тарапы сәулетті кө­рі­нісіне де, құрылыстың сапасына да жо­ғары баға берді. 

Бұл ғимаратқа алдағы уақытта облыс­тық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, «Бизнес-мектеп», бизнес-инкубатор сияқты мекемелер орналасады. Бұл мекемелер әу бастағы жоспарға сәйкес Жетісу өңірін көркейту, қала халқын кәсіптендіру жолында жұмыс істейтін болады. Нысанның ашылу салтанатында ұйымдастырылған алғашқы көрмеге Талдықорғандағы «Қайнар-АКБ» ЖШС, «Ажар» тігін фабрикасы, Халық банкі мен Сбербанк ұжымдары бастаған кәсіпорындар шығаратын һәм тұтынатын тауарлар қойылды. Мұндай көрмелер ендігі уақытта жиі-жиі ұйымдастырылып тұратын болады. Себебі өңірдің көркейіп, дамуына ықпалын тигізетін қандай бастама да елдің назарынан тыс қалмауға тиіс.

Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы