Аймақтар • 16 Қараша, 2017

Тайпақта туған дәрігерлер туған жеріне аттанды

305 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Туған жерге тағзым» акциясы аясында Орал және Атырау қалаларында қызмет етіп жүрген бір топ білікті дәрігер Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданына қарасты Тайпақ ауылына аттанды. Олар 15-16 қараша күндері ауыл тұрғындарымен жүздесіп, аудандық ауруханада науқастарға медициналық көмек көрсетеді.

Тайпақта туған дәрігерлер туған жеріне аттанды

«Ақ халатты абзал жан» жерлестер форумына бұрын Тайпақта дүниеге келген немесе қызмет еткен 32 білікті маман қатысып отыр. Олардың бесеуі көршілес Атырау облысынан келіпті. Дәрігерлермен бірге Орал қаласынан алыстағы ауылға жылжымалы флюрография және мамография автокешендері де жол тартты.

- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында ұлт денсаулығын нығайту мәселесін қозғаған болатын. Халық денсаулығы «Қазақстан-2030» стратегиялық жолдауында да айқын көтерілген. Сондықтан шалғай ауылдарда медициналық қызмет сапасы мен оның қолжетімділігін арттыру мақсатында облысымыздың алдыңғы қатарлы білікті дәрігерлері Тайпақ ауылына аттанғалы отыр. Олар тұрғындардың хал-жағдайын тексеріп, консультация береді. Ауыл халқы маман дәрігерлерді іздеп қалаға сабылмай, өз ауылында жүріп денсаулығын түзеуге, мүмкіндік алады. Мұндай шара болашақта басқа ауылдарда да жалғасын табады, - деді Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының емдеу ісі бойынша орынбасары Гүлнәр Әбдірахманова.

Ақжайық ауданында халыққа 1 орталық аудандық аурухана, 1 ауылдық аурухана, 11 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік акушерлік пункт, 29 медициналық пункт медициналық қызмет көрсетеді. Ақжайық аудандық орталық ауруханасы 1974 жылы салынып, 2016 жылы аудандық аурухана «Жұмыспен қамыту 2020» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен. Ауруханада 120 кереуеттік 2 стационар: хирургиялық бөлім, травматологиялық бөлім, гинекологиялық бөлім, емдеу бөлімі, балалар бөлімі, патологиялық бөлім, перзентхана, жұқпалы аурулар бөлімі, кордиологиялық реаблитация, неврологиялық реабилитация қызмет көрсетеді.

Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі хабарлағандай, 2018 жылы стационарда мейрбикелік және палиативтік көмек көрсететін кереуеттік ашу жоспарлануда. Аудандық аурухана жоғары медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Аудан бойынша 62 дәрігердің 17-і, 294 орта буын медицина қызметкерінің 155-сі санатқа ие. Сонымен қатар 13 дәрігер, 25 орта буын қызметкері, 3 психолог маман біліктілігін арттыру курстарына қатысып, білімін жетілдірген. Биыл 7 дәрігер суицид превенциясы бойынша біліктілігін арттырудан өткен.

Қазыбек Құттымұратұлы,

"Егемен Қазақстан"

Орал қаласы