Бұл шараны көктемгі, күзгі шақырылым кездерінде тұрақты түрде өткізу - дәстүрлі үрдіске айналды. Шара барысында 5573 әскери бөлімінің басшылығы мен Астана қаласы Қорғаныс істер жөніндегі департаменті күзгі шақырылым бойынша 50 азаматты салтанатты түрде шығарып салды. Астана қаласы және Ақмола облысынан шақырылып отырған болашақ сарбаздар Ұлттық ұланның Алматы қаласында орналасқан 5571 әскери бөлімінде Отан алдындағы міндеттерін өтейтін болады.
Шақырылуышалар ғана емес, олардың ата-ана, туған-туыстары, мектеп оқушылары қатысқан жиында өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу бағытында кешенді жұмыстар ұйымдастырылды. Оқушылар мен қонақтарға, болашақ Отан қорғаушыларға әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындығы, тұрмыс-тіршілігі, әскердің қару-жарақ және техникасы таныстырылды. Сонымен қатар, қонақтарға мерзімді әскери қызметшілердің атқаратын негізгі міндеттерін баяндайтын фильм көрсетілді, құрмет қарауыл ротасының қабілет-өнері паш етілді.
Әскери бөлімнің мәдени орталығында сарбаздар «Елімнің сақшылары», «Сарбаздар», «Ана» және «Қала күзетінде» сынды әндер шырқап, көпшілік назарына концерттік бағдарлама ұсынды.
Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Ғани Артықов Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде қызмет ету – әр азаматтың міндеті, ал Отан қорғау – қастерлі борыш екенін айтты. Ол сондай-ақ, осындай дені сау, жауапты перзент тәрбиелегені үшін ата-аналарға алғыс білдіріп, болашақ сарбаздарға қиындығы мол әскери қызметте табыс, абырой, сәттілік тіледі.
Шақырылушылар күнін өткізудегі басты мақсат – жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуді, Ұлттық ұлан қатарындағы әскери қызметті ашық көрсетуді, құқықтық тәртіп әскерінің қоғам алдындағы беделін арттыру болатын.
- Мен Астана қаласынан әскерге кеткелі отырмын, кеудемді мақтаныш сезімі кернеп тұр. Неге десеңіз, мен сәл күнде ұландық атанып, елімді ғана емес, өз тегімнің де абыройын қорғамақпын. Әскери адам әр істе жауапты, қырағы әрі төзімді бола білу керек деп есептеймін. Сондықтан да, өз құрбыларыма абыройлы қызмет етуін тілеймін. Алдымызда күтіп тұрған үлкен өмір мектебі бізді шыңдап, нағыз азаматқа айналдырсын, – деді болашақ жауынгер Нұржан Ерменов.
Мектептен енді ғана түлеп ұшып, шаттыққа бөленіп, уайымсыз қыдырып жүрген бозбалаларды алда жауапты өмір, жаңа жолдастар, үлкен міндеттер күтіп тұр. Еліміздің әр тарапынан келген жаңа достарымен бір сапта ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасының тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады.