Медицина • 17 Қараша, 2017

Қысқы маусымға дайындық қалай?

1959 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елімізде жылыту маусымы жеті айға жуықтайтын өңірлер бар екенін ескерсек, «кәрі құданың» қаһарына төтеп беру жан-жақты дайындықты қажет ететіні белгілі. Олай болса, қысқа әзірлік барысы қалай? Жергілікті әкімдіктер, тиісті министрліктер қыстың қамын жазда ойлас­тырды ма? 

Қысқы маусымға дайындық қалай?

Жарылған жылу қазандықтары мен желілер, суық мектепте бүрсең қаққан оқушылар, қар басып қалған жолдар, тоңған жұрттың жанайқайы сынды жыл сайынғы жыр биыл тағы жаңғырмай ма?

Алдымен Алматы мен Аста­наның жай-күйін айтып кетейік. Алматылықтар қазанның қара суығына сәл тоңғанымен, жылу көп ұзамай берілген-ді. «Алматы жылу жүйелері» ЖШС-нің хабарлауынша, мегаполис халқын жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ететін 32 шақырымға тарта құбыр жазда толық жөнделіпті. Бұл Алматы үшін рекордтық көрсеткіш. Маусымаралық кезеңде осынша ұзын құбырды ауыстыру Кеңес Одағының кезінде де болмаған көрінеді. Қырық жылға тарта уақытта тозығы жеткен құбырлардың жаңарғанының арқасында биыл апатты жағдайлар азайып, жылуды пәтерлерге дейінгі «жолда жоғалту» төмендеуге тиіс. 

Астананың коммуналдық қызметінің қала басшысы Әсет Исекешевке берген есебіне сүйенсек, шаһар қысқа толық дайын. Балабақша, мектеп, денсаулық сақтау және мәдениет мекемелері 100 пайызға әзір. Жазда 2 жылу стансасы жөндеуден өткізілген, қалаға бір жылда тұтынатын көмір толық жеткізілген. Тіпті 25 мың тонна көмір артығымен алыныпты. Жыл сайын тұрғындардың өтінішіне орай әкімдік жеке сектордың кейбірін көмірмен қамтитын дәстүр бар. Сол дәстүр бойынша зейнеткерлерге, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмір беріледі. 

Қыстың қаһары ең күшті сезілетін, жыл сайын жыры таусылмайтын Шығыс Қазақстанда аяз-боран бас­талмай жатып бір проблеманың шеті шыққан-ды. Халыққа көмір жеткізумен айналысатын «ВЭУС» ЖШС отынның жеткізілмей қалғанын, оған тағы да тасымалдаушылар кінәлі екенін айтып дабыл қаққан еді. 

– Қарашада көмір тапшылығы Өскеменде ғана емес, барлық жерде болды,– деген болатын мекеме басшысы Иван Тимофеев.– Тауар пойыздары мүлде тоқтап қалды деуге болмас, бірақ әзер жеткізіп жатыр. 

Алайда, іле-шала Өскемен қаласы әкімдігі оны жоққа шығарды. Көмір базаларда коммерциялық баға бойынша да, жеңілдікпен де сатылып жатыр, тапшылық жоқ. «ҚТЖ» ҰК» АҚ тиісті бөлімшесінің хабарлауынша, вагон жеткілікті, тасымал тоқтап қалған жоқ, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі. 

Облыстың тиісті басқармасының хабарлауынша, биыл тұрғын үйлер мен әлеуметтік-мәдени нысандарды жылыту маусымына дайындау жоспарға сай жүргізілген. 

– Семейдегі «Теплокоммунэнерго» МКК компаниясына жөндеу-әзірлік жұмыстарына облыстық бюджеттен 162 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар толық аяқталды. Кәсіп­орынға қажетті қатты отын көлемі 358 мың тонна, ол 21 тамыздан бері күн сайын жеткізілуде,– дейді басқарма басшысы Алмас Арсламбаев. 

Жалпы, жергілікті әкімдіктердің алдағы алты ай қысқа дайындықтары жаман емес сыңайлы. Жеткізілген отын, жөнделген ЖЭС, ауыстырылған жылу желілері... бәрі жоспарға сай атқарылған. Бірақ, «кәрі құда» қатал мінез көрсеткенде жағдайдың қалай өрбитінін ешкім болжай алмайтыны түсінікті.
Қостанайда Қазақстан бойынша жылу маусымы бірінші басталды. Әзірлік жұмыстарын жазда емес, өткен көктемде бастап кеткен өңір жылу қазандықтарын жөндеуді ерте аяқтапты. Күзге дейін 4 шақырымға жуық желі жаңартылып, «Нұрлы жер» бойынша оған 238 миллион теңге жұмсалған. 

Батыс Қазақстанда көмірге де, мазутқа да сұраныс аз екені белгілі. Елді мекендердің басым бөлігі көгілдір отынға қосылған аймақта да жылыту маусымы жылдағыдан ертерек бас­талды. «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісіне берілген ақпарға сенсек, биыл облыс бойынша мекемелердің қажеттілігі 4,4 мың тонна көмір мен 1,4 мың тонна сұйық отынды құрайды. Оның барлығы ашық-жарықта жеткізіліп қойылған. 

– Бүгінгі күні 645 білім беру, 407 денсаулық сақтау, 379 әлеуметтік нысан, 1269 көп қабатты үй қысқа әзір. 7,9 шақырым жылу желісі жөнделді, жылу электр орталығын жөндеуге 154,2 миллион теңге жұмсалды,– дейді БҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бас­қармасының бастығы Ғалым Орынғалиев. 

Бұл жақтағы түйіні шешілмеген түйткіл – кейбір тұрғындардың тұ­тынған қызмет ақысын төлемеуі. Орал қаласының халқы «Жайық­жыл­уқуат» мекемесіне бас-аяғы 300 миллион теңге берешек екен. Борышкерлердің кейбірінің пәтерінен жылу батарея­ларын кесіп алып тастауға дейінгі қа­дамдар жасалыпты. Тіпті олардың мүл­кін тұтқындау, банктегі есепшотын бұғаттау, шетелге шығуын шектеу, табысының бір бөлігін ұстап қалу сын­ды қатал шараларды да қолдануға тура келуде. 

Биылғы қыста мектептер мен ба­ла­бақшаларда балдырғандар бүрсең қақ­пайды, сабақта сырт киіммен отыр­майды. Білім және ғылым ми­нистрлігінің есебіне қарап осындай бай­лам жасауға болатын сыңайлы. Жылыту маусымына дайындық барысы пысықталған Үкімет отырысын­да Ерлан Сағадиев елімізде 2 617 мем­лекеттік балабақша, 7 094 мектеп, 473 колледж бен 130 жоғары оқу орны жылыту маусымына толық дайын екенін айтқаны есімізде. 

Денсаулық сақтау министрі Елжан Бір­танов та жылыту маусымына дай­ын­дық коммуналдық қызметтер бекіт­кен кестеге сай жүргізіліп жат­қанын айтады. Республика бойынша арен­да­лық және жекеменшік нысандарды есеп­ке алмағанда, 5 774 денсаулық сақ­тау нысаны бар екен. Оның 822-сі ор­талықтан жылытылса, 312-сі электр­мен, 3 815-і қатты әрі сұйық отынмен, қалған 825-і газ жабдықтарымен жылытылады. Қыс­тың аяз-боранына барлығы са­қа­дай-сай. 

Инвестициялар және даму минис­тр­лігінің хабарлауынша, биыл елі­міз­дегі дербес жылу көздерін отынмен қамтуда ешқандай қиындық туын­дамауға тиіс. Алты ай қыста оларға 277 мың тонна көмір және 122 мың тонна мазут жеткізілетін болады. Жергілікті атқарушы органдар жос­парлаған 10 мыңнан астам жылу қазан­дығы түгелге жуық жөндеуден өт­кізілген. Алматы, Атырау және Сол­түстік Қазақстан облыстарының жылу желілерін жөндеу жұмыстары жоспарға сай жүргізіліпті. 

Дәл қазір республика бойынша кө­мір тапшылығы жоқ. Тасымалға қатысты туындаған мәселелердің бәрі шешімін тапты. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың Үкімет басшысына берген есебіне сүйенсек, көмір өндіруші кәсіпорындардың жұмысы тұрақты. 

«Қазгидрометтің» болжамынша, биыл қыс кеш түскенімен, кәрі қат­ты болатын түрі бар. Алты ай қыс­тың ақ бораны мен сары шұнақ аязы бейқамдықты көтермейтіні түсінікті. Өңірлердің басшылары мен тиісті министрліктердің есебіне құлақ түрсек, «кәрі құданы» лайықты күтіп алу үшін көңіл көншітерліктей жұмыс атқарылған көрінеді. Ол жұмыстың нақты нәтижесі қаңтар мен ақпанға қарай белгілі болады.   

Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»