17 Қараша, 2017

Зардабын қателіктің тартқан білер

542 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кез келген адам шешімі күрде­леніп, бірнеше сот процестеріне ұласатын дауға басын сұға қой­май­ды. Одан өзіне пайда жоқ екенін де біледі. 

Зардабын қателіктің тартқан білер

Нағыз жәбірленуші ғана жа­нын ауыртқан жағдайдың оң ше­шіміне жетуі үшін соттан сотқа жүгіреді. Бірақ бұл оңайлықпен келе салатын жеңіс емес. Соны білетін көптеген адам даудан қашып, сотқа шағымданбай, шамасы келгенінше тыныш жүргенді  қалайды.

Алайда заңды барлық адам біл­генімен, соның заңдылығын көбі ұс­тана бермейді ғой. Соның салдарынан біреу баспанасына, біреу қызметіне, біреу кәсібіне, біреу жылжымайтын мүлікке, біреу алатын жәрдемақысына қатысты іске амалсыздан араласады. Қайсыбір сала қызметкерлерінің бірі абайсызда жіберген кемшілік соңы осылайша кейде бітпес дауға айналады. Содан о баста бұрмаланған іс небір соттан сотқа жетсе де қайнар көзін таба алмай ақыры өшеді. Ал кейде сол сот бір шешім шығарғанымен шындыққа жете алмадым деген жәбірленушінің тартқан азабын таразыға тартсаңыз, расында, шындықтың ауылы бұлтарыста қалғаны да байқалады. Сосын бұл жолда түбі бір шындыққа жетем деп бар өмірін соттасуға арнайтын, не сол өмірін қиып жіберуге де баратын адамдар табылады.

Бірақ осы бағытта ең оңай да, әді­летті жол сол бұрмаланған істің кө­зін тауып, ашып жіберу ғой. Аржа­ғында мөп-мөлдір бұлақ суындай шын­дықтың өзі де қайнап шығып, бой бермей ағып ала жөнелері сөзсіз. Өйткені нақты ақиқат көрініп тұрған соң жәбірленуші де, дауласушы да тоқтамға келеді. Бұрынғы билеріміздің қара қылды қақ жарған қасиеті, мейлі кім болса да, осы шындықпен көз жеткізуде болған ғой. Ал бүгінде мұндай берекелі іс құқық қорғаушылар мен соттардың ғана қолынан келеді дейміз. Мәселен, Атырау облысы, Жылыой ауданындағы Құлсары қаласының тұрғыны Епбол Өтегенов өзін 1931 жылы дүниеге кел­дім деп есептейді. Бірақ бар мәселе, же­ке куәлігінде оны 1938 жылы туған деп жазылыпты. Содан осы уақытқа дейін Епбол Тасымұлы 1931 жылы туылғанын дәлелдей алмай келеді. Неге? Өйткені облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болған Қ. Ризуанов: «Арызданушы әкесінің қашан қайтқаны жөнінде архивтен дерек таба алмай жүр. Егер заң орындары шындап айналысса, мұндай дерек те, басқа да оның сөзін дәлелдер деректер әбден табылуы мүмкін. Е.Өте­генов сәби ке­зінде әкесінен айы­рылған. Жас анасы екінші рет тұр­мысқа шыққанымен, көп ұзамай ол да дүниеден өткен. Сөйтіп Е.Өтегенов өгей әке қолында жетім болып қиын тұрмыс кешкен. Өгей әкесі оны өз шаруасына жегу үшін оқуға да, армияға да алмасын деп кейін жасын шегеріп, 1938 жылы туған деп жаздыртқан. Ал оның бала кезінен бірге өскен ауылдастары бар. Солар Епбол Тасымұлының қай жылы туғанын нақты көрсетіп қолхат жазып, нотариуспен куәландырып берген», дейді.

Ал енді көкейде тұрған сұрақ: «Еп­бол Тасымұлы неге арызданады?», дейсіз ғой. Себебі тиісті сала қыз­мет­керлерінің жіті араласпауынан әлі күнге анықталмай қалған нақты туған жыл мәселесі, өзін бүгінде 85-ке келдім деп есептейтін Епбол Та­сы­м­ұлының тыл ардагері ретінде танылуы­на кедергі келтіріп отырған көрінеді. Сөйтіп соғыс жылдарында тылда бала болып еңбек етсе де, бар жеңілдіктен құр қалып отырған жайы бар екен. Әрине бұл мәселенің соңғы нүктесін сот қана қоя алатыны белгілі. Бірақ ол үшін бір дерек керек. Е.Өтегеновтің жоғарыда айтылған архивті аралауға шамасы келмесе де, өзі медициналық сараптамадан өтіп, соның қағазы мен өзінің туған жылын білетін куәгерлерді алға тартады. Куәгерлер оның сөзін растап отыр. Бірнеше дәрігер қол қойған сот-медициналық сараптама да: «Комиссиялық сот-медициналық сараптама барысында азамат Өтегенов Епбол Тасымұлының жас шамасы 08.05.2015 жылы комьютерлік томографиялық түсіруімнің негізінде 75-85 жас аралығына сәйкес келеді», деп­ қорытынды шығарылыпты.

Алайда қария қанша жерден өзінің айтқаны, дәлелі дұрыс деп тапса да, кезінде жазылып кеткен туған жыл дерегі бой берер емес. Алдағы уақытта да бой бермейтін секілді. Өйткені оның дұрыс, бұрыстығына қариядан басқа ешкім шын жанашырлықпен алаңдап отырған жоқ. Ал қарияның мұның растығын толығымен дәлелдеп шығуға шамасы жоқ. Сөйтіп Епбол Тасымұлының бұл ғұмыры дау қуа­лаумен өтетін де секілді көрінеді. Ақи­­қатқа көз жеткізері де неғайбыл. Қа­рап отырсаңыз, бұл өмірде жалғыз бұл қарияның өтініші ғана емес, талай жан­ның ақиқат ісі бұлтарыста қалып, ашы­лмай жатады-ау.

Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»