Аймақтар • 17 Қараша, 2017

Ақтөбеде лаңкестердің қолынан қаза тапқан жауынгерге арналған кеш өтті

441 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қысқа ғұмыр кешкенімен артында өшпестей із қалдырды. Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанған Досбол Сапар Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөлімде жауынгерлік қызмет атқа­ра жүріп, 2016 жылдың 6 маусы­мында болған лаңкестермен ұрыс­та қаза тапты. 

Ақтөбеде лаңкестердің қолынан қаза тапқан жауынгерге арналған кеш өтті

Бұл оқиға ел есін­де. Аман-сау жүргенде Досбол 20 жас­қа толатын еді. Шардара ауда­нын­дағы Көксу ауылдық округіне қарасты Айдарқұл-Қашар елді мекенінде өмірге келген батыр ұлды туған-туыстары мен дос-жарандары, ұстаздары мен ауыл­дас­тары жақында С.Ерубаев атын­дағы жалпы орта мектебінде өткен іс-шара барысында еске алды.

«Бейбіт күннің батыры» тақы­­­рыбымен өткізілген кеште Досбол туралы арнайы фильм көр­­сетілді. Мектеп директоры Бибі­­мәриям Қарсақбаева алдымен қонақ­­тар­ды Досбол Сапарға арнап жасал­­ған бұрышпен таныстырды. Ұстаз­дары үнемі жымиып жүретін, тапсырмаларды тындырымды орындайтын тілалғыш шәкіртін тебірене еске алды. Жүректен шыққан жыр шумақтарын арнады. Қыршын кет­кен ұлына деген сағынышын анасы Жұлдыз Құдабаева да жыр шумақ­тарымен жеткізді. Әкесі Еркін­бек Әбдіқадыров мектеп ұжы­мына ал­ғыс айта отырып, Ақ­төбе қа­ла­сын­дағы №6655 әске­ри бө­лім шы­ғарған кітапты сыйға тартты. 

– Біз Досболды неліктен батыр деп айтамыз? Себебі ол қара ниетті қаскөйлердің алғашқы шабуылына тойтарыс берді. Егер Дос­бол мен қасындағы серіктері жау­ға қарсы тұрмағанда олар қару-жарақ бөлмесіне басып кіріп, мың­даған адамның өмірін қиятын еді. Сондықтан да бүгінгі іс-шара­ның маңызы өте зор. Алдағы уақыт­та мұндай еске алу кешін аудан­дық деңгейде ұйымдастырса, жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні жо­ға­ры болады деп ойлаймын, – деді ауыл тұрғыны Тұрсынқұл Байтұрғанов.

Жиын соңында Досбол Сапар­ды еске алуға арналған волейбол жарысы ұйымдастырылып, арнайы ас берілді.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»