Қазақстан • 17 Қараша, 2017

Шерікбай Ұнатұлы - сөнбес сәуле

1443 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Алтайдың ауылынан, Тар­баға­тай­дың тамырынан, Іленің іргесінен, Баян-Өлгейдің баурайынан жеткен қаны бір қандастарды көргенде көненің көзін, көнерген сөзін естіп, алты ғасыр артқа шегінгендей күй кешетініміз бар. 

Шерікбай Ұнатұлы - сөнбес сәуле

Салтына салғырт қарамай, дәстүрінің дәрежесін көтере біл­ген олар үшін өнер де, өлеңде өгей емес екені анық.Бесігінің өзін «Бес ғасыр жырлайдымен» тербететін асыл ана­­­ла­р­­ымыз бен қазына кеуде қарт­тардың да қатары сире­меге­ніне сенімдімін. Сондай сапалы қазақтың сапын түзеп, ше­караның шетінен шыққан дара дауысы қалың қазақтың құла­ғы­на кіріп, сүйегіне сіңіп бекзат өнердің беделін биіктеткен асыл­дарымыздың бірі Шерікбай Ұнатұлы еді. 

Ол мамыражай Моңғолия мемлекеті, Баян-Өлгей аймағының Қызылқайың елді­ мекенінде отбасының тұңғышы болып дүниеге келген. Әкесі Ұнат Қай­саұлы өнерге жақын, әртүрлі музы­калық аспапта шебер ойнайтын. Әрі сол кездегі ауыл мәдениет үйінде жұ­мыс жасаған. Шерікбай немеренің тұң­ғышы болғандықтан, екі әженің қолында тәрбиеленген. Анасы Бағдат үй шаруашылығында болған. Шерікбайдан басқа алты баланың анасы. Шерікбай 1975 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1983 жылы 8-сыныпты бітірген. Сол мектеп жасында халыққа көзайым болып, Құдай берген талантымен халық ықыласына бөленген бозбала Шерікбай мектеп бітіре сала, ауыл мәдениет үйіне әнші болып қабылданып, өнер жолындағы алғашқы екі жылын сонда өткізеді. 

Әскерде жүргеннің өзінде де әскери ансамбльге араласып, әртүрлі аспаптарды үйренген. Әскерден оралған соң орталық драма театрындағы «Мұрагер» фольклорлық ансамбліне әнші болып жұмысқа орналасады. 90-жылдары Жәнібек Кәрменов Өлгей қаласына сапарға барады. Сол кезде өнерімен ерекше көзге түскен Шерікбайды Жәнібек Алматыға шақырады. Осы шақырумен Алматыға келіп, Т.Жүргенов атындағы өнер колледжіне қабылданады. Сөйтіп Қайрат Байбосыновтың шәкірті болады. Мейіздей мінезі мейірім төгіп тұратын әншіге дарынын дамытып, талабын ұштаған ұстазы Қайрат Әукенұлы былай деп баға берді: 

«Шерікбай кім еді? Ол қандай ән­ші еді? Ол қайдан келді? Ол не істеді? Ән­шінің өміріне қызыққан әрбір адамның алдынан шығатын сұрақтар осы. Ше­рікбай менен тәлім алды, ән үйренді, шә­кіртім болды. Ол сондай ұғымтал өнер­паз еді. Әннің, сөзі мен әнін қағазға тү­сірмей, жазбай бірден жаттап алатын зерек болды. Мен ондай адамды бірінші рет көрдім. Шерікбай өте үлкен өнер иесі еді. Оның тынысы кең болатын. «Қоңыр қаздың қаңқылдағанындай» жағымды үні жаныңа тыныштық сыйлайтын», дей­ді ол.

1993 жылы Өнер колледжін бітірген Шерікбай Баян-Өлгейге оралады. Көп жылдар бойы аймақтық драма театрында жұмыс жасаған. Ол Байөлкедегі көп адам бара бермейтін дәстүрлі әнді жандандырды. Тіптен, сол кезде Моңғолия қазақтарының арасында сиреп, азайып кеткен «беташар» дәстүрін басқаша сипатта елге қайта ұсынған. Ол кісімен ән әлемінде әріптес, сабақтас болған, қанаттас қонған күйші Жанғали Жүзбай да жүрек сырымен бөлісті.

«Өткен ғасырдың 90-жылдары қазақ­тың ән өнерінде үлкен бір серпіліс бол­ғаны бәрімізге белгілі. Сол жылдары қазақтың қазіргі белгілі әншілері Ра­мазан Стамғазиев, Бекболат Тілеухан, мар­құм боп кеткен Саламат Қазақбаев сияқты жігіттер, Берік Жүсіпов секілді жыраулар, Сәуле Жанпейісова сияқты жезтаңдай әншілер толқыны өсіп шықты. Осы толқынмен қатар, қазақта «сирек дауысты, қоңыр дауысты, ал қоңыр дауысты» Шерікбай деген әнші жігіттің даңқы ерекше болып тұрды. Ол жас болса да үлкен сахналарға шығып бой үйреткен бозбала еді. Ел аралады. Мен консерваторияда оқып жүргенімде, ол эстрада студиясында оқып жүрді. Алқалы топтарда, өнерлі жиындарда бірге кездесіп отырдық. Көптеген әндерін тыңдадым. Оның сирек кездесетін даусына қайран қалдым», дейді күйші.

Иә, ел ағаларының ерекше пікірі Ше­рік­байдың шебер әнші екенін дә­лел­десе керек. Бірақ, тәмам жұртты там­сандырған талантты тұлғаның тағдыры аяқ астынан қиылғаны аянышты. 2004 жылдың қарашасында жеткен қаралы хабар жезтаңдай жігіттің жерлестеріне де, тума-туыс, тамыр-таныстарына да кү­йікке толы күй кештірді. Отыз жеті жасында орыны ойсырап қалған оның артында үш ұл мен екі қызы қалды. Ше­рікбай марқұм: «Жәнібек, Қайрат ағаларымның әнін радиодан естіп, еліктеп өстім, сол кісілердің көзін көріп, шәкірті болсам деп армандаушы едім, арманыма жеттім» деп айтып отыратын дейді жары. 

«Атасы өлгенмен, ботасы бар» дегендей тұлпардың ізін жалғар тұяғы бар екен. Осыған орай ақын Ұларбек Нұрғалымұлының өлеңінен үзінді кел­тіре кетейік:

Байырғы баба сөзі сияқтанған,
Әннен де, әуеннен де ұят тамған.
Аузынан аумай түскен саф алтындай
Артында әнін жалғар тұяқ қалған.

Маңдайға жазған екен маржан әнді
Таңдайда Тәңір басқан таңба қалды.
Өзгеріс жалғайды енді ғасырларға,
Шер кеуде Шерікбайдан қалған әнді.

Өзгеріс деп отырғаны осы Шерік­бай­дың ұлы. «Жауһардың сынығы да жау­һар» демекші, әкеден қалған ән дәстүрін әспеттеп, ерекше үнімен ел ықыласына бөленіп жүрген өнерпаз бүгінгі таңда Қайрат Байбосыновтың немере шәкірті болып жүр. Өзгерістің Өлгейден Отанға оралуын Рамазан Стамғазиев мына оқиғамен жеткізді.

«Бізден бір-екі жыл төмен оқыған шә­кірт­тердің қатарында Шерікбай деген бас дауысты әнші бар дегенді естіп, оны өзім іздеп барып танысқан едім. Ақылбайдың, Бүркітбайдың әнін орындағанда ерекше тың­дайтынбыз. Шерікбай оқуын бітірер тұс­та Қайрат ағам «осы жақта қал, оқ­уың­ды жалғас­тыр» деп кеңесін айтты. Бі­рақ, әркімге туған жері ыстық екен. «Мен сол елге барайын, елдегі мектепті жалғастырайын, сондағы жастарды оқы­тайын» деп ол Қайрат ағамыздан рұқсат сұ­рап, елге кеткен болатын. Тағдырдың аты тағдыр. «Жазмыштан озмыш жоқ» деп жан жұбатамыз. Қайбір жылдары ән сапарымен Баян-Өлгейге барып екі кеш бердім. Кештен кейін Ше­рік­байдың шаңырағына барып Құран ба­ғыштадық. Сол кезде кішкентай бір ба­ла ән салды. «Тұлпарды тағасынан, ша­панды жағасынан» таныған қазақпыз ғой сол баланың көзінен от көріп, Ше­рікбайдың әкесінен рұқсат алып, не­мересі Өзгеріске ен салып кетіп едім. Со­дан кейін Қазақстанға келіп үш жылдай Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде менен тәлім алды, қазір Қайрат ағасының қасында. Өзімнің кештерімнен қалдырмадым. Өзгерістің өнер өрісі кеңейіп, Шерікбайдың шық­паған шыңына шығарына сенімдімін», де­ді әнші.

Өзгерістің өзгеше дауысы талай­дың таңдайын қақтырды. Ән әлемінде бол­ған айтулы аламандардан қанжығасы құр қайтпаған. Әсет Найманбаев, Әмі­ре Қашаубаев атындағы дәстүрлі орын­даушылар байқауында бағы жа­нып, талай жүлдені тақымдаған. Жа­­қында ғана Павлодар қаласында өт­кен Естай Беркімбайұлы атындағы V республикалық дәстүрлі әншілер бай­қауында бас жүлдені иеленген болатын.

Қасиетті өнер қанында болғасын тыным бермей, тыңдаушысын табары хақ. Шекарадан шен емес, шекпен емес, ән іздеп келген Шерікбайдың ұрпағы шетінен әнге әуес, өнерге құштар екен. Өзгерістен кейінгі өзге балалары да сол соқпақтың соңына ерген. Ендеше, ерте өшкен жұлдыздың соңында сөнбес сәуле қалғанын көрейік. 

Айтпақшы, Өзгеріс қазір «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында жүріп жатқан «Мен қа­зақпын» мегажобасына қатысуда. Өзгерістің өнеріне тәнті болған Мыр­затай Жолдасбеков: «Рамазан Стам­ғазиевтерден кейін қазақ әнін биік дең­гейде шырқайтын бір әнші енді Өзгеріс болайын деп тұр екен, жолың болсын!», деп бағалап, батасын берді. Әумин, солай болғай!
 

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»