Басқосудың салтанатты ашылу рәсімінде «ТКШ Қазорталығы» АҚ басқарма төрағасы Нұрсұлтан Жиенбаев сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталды. Ол жақын арада Германиядағы әріптестерімен бірлесіп тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына инновацияларды енгізуге келісім жасалғанын еске салды. Ол меморандумға сәйкес компаниялар ТКШ-ның жалпы стратегиясы, тұрғын үй қорын басқару саласындағы Қазақстан заңнамасын, энергияны үнемдеудегі қанатқақты жобаларды жетілдіру және бірлесіп іске асыру, сонымен бірге инвестициялар, гранттар тарту секілді бірнеше бағыттар бойынша ынтымақтастық орнамақ.
Жиында Ресей Федерациясының Қазақстандағы сауда өкілдігінің кеңесшісі Владимир Бендерский екі ел арасындағы байланыстардың тиімділігін, алыс-берістің ауқымдылығын әңгімеледі. «Әр саладағы тәжірибе алмасуларымыз, сауда-саттық қатынастарымыз қос мемлекеттің ілгерілеуіне үлес қосады. Біздің достығымыз, татулығымыз үлкен жетістіктерге бастауда. Осы жиын да екі ел кәсіпорындарының бірлесе жұмыс атқаруына ықпал етері сөзсіз», деді ол.
Форум барысында көрме ұйымдастырылып, ТҮКШ және құрылыс саласындағы жаңалықтар көпшілік назарына ұсынылды. Онда Астана, Алматы, Степногор, Павлодар, Қарағанды, Қостанай, Шымкент, Орал, Көкшетау, Ақтөбе, Атырау, Өскемен қалаларының кәсіпорындары құрылыс технологияларын, жабдықтарын, суды дайындау, кәріздендіру, тазарту құрылғыларын, жобалау, жылыту жүйелерін, есепке алу аспаптарын, электр құралдарын көрсетті. Сонымен қатар Ресей, Беларусь, Украина, Германия, Түркия, Бельгия, Қытай, Польша өнімдері де бар.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»