Бүгінгі күні ондайлардың бетін бері қаратудың сан алуан әдістері мен тәсілдері қолданылып жүр. Бұл ретте теолог-мамандардың да тындырып жүрген істерін жоққа шығаруға болмайды. Біз таяуда о баста теріс діни экстремистік жолға түсіп, алайда кейін өзінің адасқанын түсініп, дәстүрлі ислам дініне бет бұрған сүліктей жігітпен кездесіп қалған болатынбыз.
– Қателеспесем, ІІ курста оқып жүрген кезім еді. Осы тұста дінге деген қызығушылығым оянып, өз бетімше ислам жайлы уағыздарды тыңдауға әуестігім ауа берді. Кейін қаладағы «Нұрдәулет» мешітіне таяу дүңгіршектердің бірінен «Намаз оқып үйренейік!» деген кітапша сатып алып, онда айтылған талаптарды бұлжытпай орындай бастадым. Әуел баста осы кітаптан көңілге түйгенім бойынша намаз оқып жүрдім. Бірақ кейін бірер намазхан бауырларым бұлай оқу дұрыс емес деді. Сөйтті де, өздерінің оқылу тәртібін үйретті. Солардың айтуы бойынша, намазды қайта-қайта қол көтеріп оқуға әдеттендім. Әминді дауыстап айтатын болдым. Сақал қойып, балақты қысқарттым. Әйелім де арнайы ниқаб кимесе де, орамалының шетімен бетін жауып, бүркеніп жүрді. Қазір ойлап отырсам, бастапқыда біздерде сыртқы келбетке деген еліктеушілік басым болған сияқ-
ты. Солар не жасаса, соны қайталадық. Діннің дұрысы осы деп ойладық. Бір жағынан, исламды енді тани бастағаныңда кез келген ақпаратты тез қабылдауға бейім тұрасың ғой. Әрі ол кезде діни сауатымыздың деңгейі де өте төмен еді.
Рас, білім алуымызға ешқандай кедергі болған жоқ. Басында діни кітаптарды сатып алып ондағы неке, исламдағы отбасы және сахабалардың өмірі жайлы тарауларды оқитынмын. Бірақ мешіттегі имамдардан арнайы сабақ алған емеспін. Мүмкін оған бұған дейінгі ортам әсер еткен шығар. Себебі олар имамдарды тыңдамаңдар деп үнемі айтып отырушы еді.
Әлгі өзіңіз айтқан ортаның бұрыс жолда екендігіне қалай көз жеткіздіңіз деп сауал қойдық біз оған дәл осы арада.
– Былтыр күзде Ақтөбеге біраз теолог мамандар келіп, жамағат арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонда Бауыржан Әлиұлы есімді ұстаз менімен жеке сөйлесті. Намазды қалай оқисың, дәретті қалай аласың деп сұрады. Бәрін жасырмай айттым, қарсылық танытқан жоқпын. Кейін ол мәзһаб ұстану керектігін айтты. Маған бұрын намаз үйреткен жігіттер адасып жүр деді. Олардың тек намазда емес, Алланы тануда да қателіктері бар екен. Алланы адамға ұқсатады. Оған ағза, мекен береді дегендей. Шыны керек, бұл мәселеде менің білімім аз. Осы уақытқа дейін ол туралы ешкіммен тартысып та көрмеппін. Ал Бауыржан деген ұстаз маған осының бәрін түсіндірді. Алла ешбір жаратылысқа ұқсамайтындығын, Оған ағза беру дұрыс еместігін айтты. Алдағы уақытта сауал туындаған жағдайда хабарлас, деп өз телефон нөмірін қалдырды.
Осы кездесуден кейін көп ойландым. Онсыз да соңғы кезде намазхан таныстарымның кейбір істері маған ерсілеу болып көрінетін. Суннамен жүреміз дейді, бірақ екі сөзінің бірі былапыт-боғауыз. Кейбіреуі анаша шегеді деп те еститінмін. Қарыз алса, қайтармайды. Көздерінде түк мейірім жоқ, адамға оп-оңай жала жаба салады. Естуімше, Ақтөбе, Алматы қалаларындағы террорлық іс-әрекеттерді ұйымдастырғандар осылардың уағызын тыңдаған екен. Шыны керек, осыдан кейін олардан жиреніп кеттім. Істері мұсылманшылыққа мүлдем жат көрінді. Суннамен жүреміз дегендері бос сөз екеніне әбден көзім жетті.
Қазіргі таңда да теологпен байланысымды үзген жоқпын. Оның үстіне қазір өзіме керек ақпаратты мешіт имамдарынан сұрап-біліп жүрмін. Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкіл имамы Төлеби Оспанның қабылдауында болдым. Екеуміз біршама әңгімелестік. Сол кезде көкейімде жүрген көптеген сауалдардың жауабын тапқандай күй кештім. «Браттар» айтқандай, имамдар жаман адам емес екен. Керісінше, ол кісіден жанашырлық пен достық ілтипатты көрдім. Өңірдің бас имамы мені діни сауатымның деңгейін көтеруге шақырды. Қазіргі таңда «Нұр ғасыр» мешітіндегі діни сауат ашу курсына барып, ұстаздардан сабақ алып жүрмін. Негізі қалада тұрмаймын. Жеке көлігім болғандықтан, ауылдан қатынаймын. Өйткені діни білімнің қажеттілігі мен маңыздылығын түсіндім.
Үйде төрт ағайындымыз. Анам мен жұбайым ғана намаз оқиды. Екеуі де мәзһабты ұстанып жүр. Әйелім қазір бұрынғыдай бетін бүркемейді.
Қазір дәстүрлі дінімізге жаңадан бет бұрып жүрген жастарға тиіп-қашпай, жүйелі түрде білім алу керек дегім келеді. Мешіт имамдары мен тео-
логтардың айтқандарына көңіл қойғанның ешқандай артықшылығы жоқ деген түйінге табан тірегім келеді. Елімізде дін, ар-ождан бостандығына Ата Заңымыз бойынша толық рұқсат пен еркіндік берілген. Әрі ешкім де намаз оқыма, дінді ұстама демейді, соның қадір-қасиетін түсіне білуіміз керек деп аяқтады ол өз әңгімесін.
«Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деген халықтық қағида осындайда айтылса керек. Сондықтан өзінің қателескенін түсініп, оны өзгелердің қайталамауын өтінген өрімдей жігіттің басынан кешкен шырғалаң жайттар өзгелерге де ой салсын деген ниетпен оны газет оқырмандарының назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ