Атырау облысында бүгінге дейін 23 кооператив құрылды, оның біреуі – сүт, қалғандары ет бағытында. Аз уақыт ішінде табысты еңбегімен танылып үлгергендердің бірі – «Құлагер Т» кооперативі.
Атырау облысындағы Жылыой ауданы – мал шаруашылығына қолайлы өңір. Шалғай өңірдегі кооператив биыл жұмысын бастады. Бүгінде кооператив құрамында 20 мүше бар. «Мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсіп бастап, нәсіп табамын дейтін азаматтарға мүмкіндіктер қарастырылған, – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Гүлзада Шалағұлова. – Әсіресе фермерлерге ауылшаруашылық кооперативі арқылы жақсы жетістіктерге жетуге болады. Бұл құрылымның артықшылығы – мемлекеттің қолдау шараларына, жеңілдетілген несиелерге қол жеткізіп, шағын шаруашылықтардың техника мен технологияларды бірігіп пайдалануда және бұл тәсілмен ауылшаруашылық өнімі көлемін арттырып, оның өз құнын төмендетуде, одан мол табыс алуда».
Әрине тың бастаманы жолға қою үлкен жауапкершілікті қажет етеді. «Құлагер Т» кооперативін басқаратын Жылыой ауданының тұрғыны Жұмаш Тасу «Біздің жұмысымызды көріп, қатарымызға қосылуға ниеттілер күн санап көбеюде «Береке» бағдарламасының аясында кооператив мүшелері қаржыландырылып, 40 ірі қара мал басын сатып алды», дейді.
Өндірістік кооперативтерге мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек аз емес. Мысалы, кооператив «Ынтымақ» бағдарламасы арқылы құны 15 млн теңге тұратын модульді мал сою бекетін сатып алған. Технологиялық тұрғыда тоңазытқыш жабдықтармен қамтылған, ветеринар дәрігердің арнайы бөлмесі қарастырылған бекет барлық талапқа сай. Нысан құнының елу пайызын мемлекет өз мойнына алды. Кооперативке 7,5 млн теңгені инвестициялық субсидия ретінде төлеу жолымен кері қайтарады. Ал қалған бөлігін жеті жыл ішінде төлеуі тиіс. Сонымен қатар кепілдік ретінде осы бекеттің өзі қойылды.
«Жаңадан іс бастаймын деген азаматтарға бұл үлкен жеңілдік, – дейді Жұмаш Тасу. – Кооперативке әр мал басы үшін мемлекет тарапынан 20 мың теңге субсидия төленеді. Кооперативтің бір мүшесі орта есеппен 20 ірі қара мал алуды жоспарлап отыр, демек шаруа оңтайлы болып, табыс та молаяды деген сөз».
Тағы бір тиімді тұсы – бағдарламаға қатысушылар несиені алған уақытынан тоғыз айдан кейін төлеуіне болады әрі пайыздық үстемесі төмен. Ал кооператив 50 млн теңгеге дейін несие ала алады. Оның көмегі көп. Мысалы, сойылған етті талапқа сай сақтап, сапалы күйінде тасымалдау үшін рефрижератор қажет. «Құлагер Т» АӨК ұжымы бұл жабдықты да несиемен алды. Есесіне техника құнының жартысын ғана төлеп, кепілге өзін қояды.
Мемлекет басшысының агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жайлы тапсырмасы аймақтарда лайықты жүзеге асып жатқанын осындай өндірістік кооперативтердің жұмыстарынан көре аламыз. Ауылда дайындалған ет өнімдері, шұжық пен жартылай фабрикаттар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Күн санап өрісі кеңейіп, ай санап шаруасы оңтайланып келе жатқан ұжымның алар асуы алда. Ауыл халқын бір істің басына бірігуге шақырып жүрген кооператив басшысының еңбегі елеусіз емес. Ауыл тұрғындары кәсіп табуға мол мүмкіндік барын сезініп, кооперативке мүше ретінде қатысуға өтініштерін білдіруде.
«Біздің аудан мал өсіруге қолайлы болғанымен, қорасында бір қарасы жоқтар да бар. Ата-бабамыз осы жерді мыңғырған малға толтырды, енді сол кәсіпті жалғауымыз керек, – дейді «Құлагер Т» өндірістік кооперативінің басшысы Жұмаш Тасу. – Ең бастысы, мемлекет тарапынан қамқорлық та, қолдау да бар. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ қашанда көмекке дайын. Жаңа бағдарламалар, тың бастамалар енгізіліп жатыр. Жақсылыққа жақсылықпен жауап беру – парыз. Мал өсіргеннің пайдасы көл-көсір екенін сеніммен айта аламын».
Кооператив құру бағдарламасы ауыл-елдегі бірқатар мәселелердің шешімін табуына септігін тигізеді. Жұмыссыздықтың азаюына да қосар үлесі зор. Әсіресе ауыл жастарының атакәсіпке қызығушылық танытып, кооперативке мүше болуға талаптанып жатқандары көңіл қуантады. «Құлагер Т-ға» қатысушылар қатары да жастармен толығуда. Бұл – жақсы үрдіс.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ