Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5 млрд. теңгеге артық. Сонымен қатар, диқандар 64 906 гектар жерге егілген дәнді-дақылдан гектарына 18,5 центнерден, ал мақсарыдан 12,5 центнерден өнім алды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі ұйымдастырған пресс-тур барысында журналистер осындай игі істің куәсі болды. БАҚ өкілдері аудандағы ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан шаруалармен танысып, бірқатар кәсіпорындарды аралап көрді.
Ала жаздай еткен еңбектің жемісін көрген шаруалар «Алтын күз» ауыл шаруашылығы мерекесінде бас қосып, нәтижелі көрсеткішке қол жеткізген бірқатар шаруалар марапатталды. Салтанатты жиында түлкібастық тұрғындарға киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдардан ас мәзірлері ұсынылды. Сонымен қатар, төменгі бағада ауыл шаруашылығының өнімдері жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Аймақтың тыныс-тіршілігімен таныстырған аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков биылғы жылды шаруалар жемісті аяқтап отырғанын атап өтті.
«Аудан көлеміндегі 571,8 шақырымды құрайтын 111 канал коммуналдық меншіктен Республикалық меншіктің теңгеріміне қабылданды. Ауданымызда биылғы жылы жаңадан 31 өндірістік кооперативі ашылып, 385 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар 261 бірлік мал бордақылау алаңы, 82 бірлік шағын сүт фермасы ашылды», - деді Нұрбол Тұрашбеков.
Сонымен бірге аудан басшысы ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы әр түрлі бағдарлама шеңберінде жыл басынан бері 237 млн. теңге болатын 71 жоба, ал, ауыл азаматтарын ынталандыру үшін «Ырыс» қаржы ұйымы арқылы 218 млн. теңге көлемінде 55 жоба қаржыландырылғанын айтты.
Осындай мемлекеттік бағдарлама аясында қаржылай қолдау тапқан жобалардың бірі «Қазақбай» өндірістік кооперативі. Мал бордақылау ісімен айналысатын кооперативтің бүгінде үш мүшесі бар. Олар кооперативке бірігудің арқасында жұмыстарын жүйелеп, мемлкеттен жеңілдетілген 3 млн. теңге көлемінде несие алған. Алдағы уақытта жұмысын кеңейтіп, қосымша субсидия иеленуді жоспарлап отыр.