20 Қараша, 2017

Мұнай және баға

4114 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мұнай – байлық, мұнай – саясат, мұнай – билік. Қалай болғанда да, әзірге жаһандық экономика ертеңін мұнайсыз елестету мүмкін емес. ХХ ғасырда дәуірлеген мұнай беделі ХХІ ғасырда да шарықтай көтерілмесе төмендейтін түрі жоқ. Бүгінге дейін мәлім болып отырған жаңғырмалы энергия көздерінің таяу болашақта мұнайға балама болып жарытпайтынын білікті сарапшылар ашық айтуда.

Мұнай және баға

Мәселен, қазіргі кезеңде жаһандық электр энергиясына деген сұраныстың 86,8 пайызы мұнай, көмір, табиғи газ және уран шикізаты арқылы қамтамасыз етіледі. Сарапшылардың нақты дерек­тері бойынша, 2018 жылы әлемдегі мұнай­ға деген сұраныс тәулігіне 100 миллион баррельге жететін көрінеді. Ал осыдан тура он жыл ғана бұрын, планетамыздағы тәуліктік мұнай тұтыну көрсеткіші 90 миллион баррельге жетіп тоқтайды, одан әрі мұнайға деген сұраныс күрт төмендейді деген болжам үстемдік құр­ған болатын. Ендеше адамзаттың таяу бола­шақта мұнайға деген тәуелділіктен құтыла алмайтындығы айнадай ақиқатқа айналды. Олай болса, тәуелсіз Қазақстан үшін бүгінгі даму үрдісінде, болашақ гүлдену дәуірінде еліміздің аумағындағы игерілетін және әлі де зерттелетін мұнай қорының өмірлік өлшеусіз мәні бар.

Соңғы кезеңде тұрақтанған және биылғы жылдың соңғы айларында біршама көтеріле бастаған жаһандық мұнай бағасы еліміз экономикасының тамырларына қан жүгіртіп, биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің 4 пайызға дейін өсуіне мүмкіндік берді. Сондықтан дәл қазіргі кезеңде біздің еліміз үшін әлем­дік нарықтағы мұнай бағасының стра­тегиялық тағдыршешті маңызы зор. ОПЕК-тің бұрынғы бас хатшысы Рене Ортистің айтуынша, енді ОПЕК+ келі­сі­міне кіретін елдердің мұнай өндіру көле­мін қысқарту шараларын қол­дан­бауына да болады. Өйткені 2015 жылдан бері алғаш рет жаһандық мұнай рыногындағы шикі мұнайға деген сұра­ныс пен оны өндіру көлемінің балансы ретке келді. Мұнай бағасының өсуіне Еуропалық одақ елдері мен Азия елдері экономикасының көтерілуі ерекше ықпал етуде. Болжам бойынша, таяу болашақта бұл елдердің экономикасындағы даму үрдісі артпаса, төмендемейтін көрінеді.

Соңғы аптада әлемдік нарықтағы мұнайдың бір баррелінің бағасы психоло­гиялық 60 АҚШ долларынан асып жығыл­ды. Бүгінгі күні мұнай рыногын­дағы Brent маркалы мұнайдың баррелі 62 доллардан бағаланса, WTI маркалы мұнайдың бір баррелі 55,38 доллардан бағалануда. Сарапшылардың бір ауызды пікірі бойынша, 2018 жылы әлемдік рыноктағы мұнай бағасының бір баррелі 55-70 доллар көлемінде болады. Тіпті кейбір дуа­лы ауыз сарапшылар мұнай бағасы үсті­міздегі жылдың соңында 70 доллар межені алып, жаңа жылда өсу үрдісін одан әрі жалғастырады деген пікірді алға тартуда.

Өткен жылы ғана қара алтынның бағасы 40 долларға дейін құлдырап, мұнай шикізатын экспорттаушы елдер бюджетінің бүйірі бүрісіп шыға келген еді. Әлемдік рынокта мұнай бағасының күрт төмендегеніне қарап, еліміз жыл басында экономикамызды дамытудың базалық мүмкіндігін мұнай бағасының жылдық көрсеткішінің бір баррельге 45 доллардан айналатын бағамын алған болатын. Ал биылғы жылдың өткен айларында әлемдік рыноктағы мұнай бағасы 50 доллардан төмендеген жоқ. Соңғы апталарда 60 доллар межесіндегі асуларды да алып отыр. Жылдың аяғында мұнай бағасы 70 доллардан айналатын болса, бюджетке түсетін табыс одан әрі еселенетін болады. Сондықтан «жыртық үйдің құдайы бар» демекші, елдің ырысына келген бұл таза табыс­ты қарапайым халықтың игілігі үшін пайдалануға толық мүмкіндік туып тұр. Олай болса, ел Үкіметі мен халық сенімін арқалаған Парламент бюджеттік сала еңбеккерлерінің жалақыларын, зейнеткерлердің зейнетақыларын, аз қамтамасыз етілген отандастарымыздың жәрдемақыларын өсіруге бағытталған шараларды ойластырады деген үміттеміз.

Жақында жаһандық рыноктағы ең беделді сарапшы ұйым саналатын Халықаралық энергетикалық агенттік (ХЭА) әлемдік рыноктағы мұнай бағасы туралы өзінің бұрын жарияланған болжамын жаңартты. ХЭА 2025 жылға арналған мұнай бағасы туралы болжамын 18 пайызға төмендетіп, сол жылы жаһандық рыноктағы мұнайдың бір баррелінің бағасы 83 АҚШ долларына тең болады деген болжамын жарыққа шығарып отыр. Сонымен бірге ХЭА 2040 жылға арналған мұнай бағасы туралы болжамын 11 пайызға төмендетіп, сол жылдарға таман мұнай баррелінің бағасы 111 АҚШ доллары көлемінде болатындығын айтады. Міне, жаһандық ең беделді сарапшы ұйымның болжамынан көрініп отырғанындай, таяу болашақта мұнай бағасы қымбаттамаса, арзандамайтын көрінеді. Бұл экономикасы шикізат экспортына тәуелді дамушы елдер үшін, оның ішінде экономикасын индустрияландыру бағытына бұрған біздің еліміз үшін де «аспаннан сұрағанын жерден бергендей» жағымды жаңалық. Халық игілігі үшін қасиетті қазақ жерінің қойнауына толған қара алтынның бағасы баянды болсын!

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»