Кеңес дәуірінен мұра болып қалған бұқаралық-көпшілік кітаптардың да, ғылыми арнаулы әдебиеттердің де орыс тіліндегі нұсқалары сөрелерде сіресіп тұрып, қазақ тіліндегі ақпарат қат болған кезде, өзіміз мұғалімдердің де, студенттердің де «Ғабитовтың кітабы» деп іздеп жүретінінің талай куәсі болғанбыз. Кеңес Одағы ыдырап, тоталитарлық жүйе құлдырап, идеологиялық шектеулер алынып тасталғаннан кейін қалыптасқан дүниетанымдық вакуумның орны құндылықтарды қайта қарау барысында бүкіл ТМД кеңістігінде қол жеткен саяси тәуелсіздікпен қатар, мәдени-рухани егемендікке ұмтылу талпыныстарымен толтырылды.
Өркениеттіліктің әлемдік озық үлгілеріне ілесу мен ұлттық мәдениетті замана талаптарына сай жаңғырту қоғамдық-әлеуметтік ғылымдар жүйесіне, оның ішінде мәдениеттану саласына да келелі міндеттер жүктейді. Өтпелі кезеңдегі Қазақстан үшін бұл міндеттер төмендегіше сипатталды: ұзақ уақыт бойы бодандықтың құрсауында болған республикадағы тұрғылықты халық – қазақтардың дәстүрлі этномәдениетінің басты архетипін анықтау. Осыған сәйкес дәстүрлі дүниетанымның, ұлттық сипаттамалары мен ділдік өзгешеліктерінің, рухани салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының бітімдік ерекшеліктерін айқындау; замана талаптарымен қатар ішкі-сыртқы ықпалдардың нәтижесіндегі мәдениеттің өзгерістік кезеңдерін сипаттау.
Қазақ мәдениетіндегі дәстүр сабақтастығы мен жаңашылдық арақатынасын талдау; өтпелі қоғам тұсында жаппай батыстық ықпал мен бұқаралық мәдениет тегеурінінің төл мәдениетке әсерін, оның салдарларын анықтау; қазіргі қазақстандық мәдениеттің ерекшеліктері мен қайшылықтарын, оның себеп-салдарларын сараптау; қазақстандық қоғамның мәдени әртекті сипатына орай мемлекеттік мәдени саясаттың таяу және стратегиялық бағдарларын анықтау, оның мәдениеттанымдық негіздерін даярлау; жаңа постиндустриалды ақпараттық қоғамның заңдылықтарын ескере отырып, ұлттық мәдениетті дамытудың келешектері мен бағдарларын сараптау.
Бұл міндеттер елімізде мәдениеттану пәні мен ғылымын кеңінен дамытудың өзектілігін алға тартады. Осыған орай мәдениеттану пәні орта арнаулы және жоғары оқу орындарының бағдарламаларына енгізілді. Қашанда жаңаны бастау, бірден іліп әкетіп, оған тез төселіп кету қиын. Дүниетанымдық бағдарлардың алмасып, еліміз өтпелі кезеңнің қызығы мен шыжығын бастан кешіп жатқан тұста оқу орындарында қоғамдық пәндерді жүргізетін қарапайым оқытушылардың айқын бағыттан айырылып, біраз абдырап қалғаны рас.
Гуманитарлық пәндердің, оның ішінде жеке пән ретінде жаңадан енгізілген мәдениеттанудың да бұрынғыдай үйреншікті тәртіпке сай стандарттық үлгісі де, типтік бағдарламасы да болмады. Бар ауыртпалық, бір жағынан нарықтың қыспағына ұшыраса да, қалаған кәсібін жалғастырған оқытушыларға түсті. Мәдениеттанудың ғылыми негізін жасау қажеттілігі қатты сезілді. Осы кездері кейбір отандық қоғамтанушы ғалымдар бұл мұқтаждықты өтеуді өз қолдарына алды.
Қазақстанда мәдениеттанудың пәндік ерекшеліктерін зерттеу 1990 жылдардан басталды. Т.Ғабитовтың, Б.Нұржановтың, С.Темірбековтің, В.Тимошиновтың оқулықтары мен оқу құралдарында мәдениеттанудың пәндік анықтамасы беріліп, ол синтетикалық ілім ретінде қарастырылады.Қазақ мәдениетінің тарихы мен теориясына деген қызығушылық аталмыш ғылым саласының елімізде жедел қарқынмен дамып, осы уақытқа дейін әртүрлі бағыттағы бірқатар мектептердің қалыптасып үлгеруіне әкелді.
Қазақстанда мәдениеттанудың осы мектептері мен бағыттарының қалыптасуының бел ортасында бүгінгі күні жетпіс жасқа келсе де, шығармашылық шабыт пен ғылыми жасампаздықтың, белсенділік пен қажымас қайраттың үлгісін көрсетіп жүрген бірімізге ардақты аға, бірімізге ілтипатты іні, ұлағатты ұстаз, философия ғылымдарының докторы, мәдениеттану профессоры Тұрсын Хафизұлы Ғабитов жүрді десек, жаңсақ айтпаған болар едік.
1990 жылдары оның авторлығымен шыққан «Мәдениеттануға кіріспе» оқулығы, «Мәдениеттанудың типтік бағдарламасы» оқытудың осы саласындағы олқылықтың орнын толтырып, әдістемелік жетекшілік ретінде көпшіліктің кәдесіне жарады. Білім мен ғылым саласындағы оқырман қауымның арасындағы бұл танымалдық пен бедел бекерден бекер келген жоқ. Оның негізі мен дәлелін бүгінгі мерейтой иесінің жүріп өткен шығармашылық жолынан табуға болады.
1971 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін философия мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірісімен Тұрсын Хафизұлы республикадағы маңдайалды осы оқу ордасында, 1986-1988 жылдарда Кабул (Ауғанстан) университетінде оқытушылық қызметте болғанымен, күні бүгінге дейін үздіксіз қызмет етіп келеді.
Ғылымдардың төресі – философияға деген құштарлық оны 1977 жылы философиялық білімдердің ішіндегі шоқтығы биігі – таным теориясы саласынан «Мақсаттылық мәселесінің логикалық талдануы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғауға жетелеген сыңайлы. 200-ден астам ғылыми және әдістемелік мақалалар, 50 шақты монографиялар, оқулықтар мен оқу құралдары авторының қалам қарымы философия, мәдениеттану, логика, этика, қазақ және түркі философиясының тарихын және т.б. гуманитарлық білім салаларын қамтыды.
Бұл еңбектердің ішінде, әсіресе, «Мәдениеттануға кіріспе» (Алматы: Санат, 1996), «Философия: оқулық» (Алматы: Раритет, 2000-2005), «Мәдениеттану» (Алматы: Раритет, 2000-2005), «Культура и цивилизация» (Алматы: КазНУ, 2006), «Қазақ мәдениетінің типологиясы» (Алматы: ҚазҰУ, 1998), «Ежелгі көшпенділердің дүниетанымы» (Астана: Аударма, 2005), «Тюркская философия: десять вопросов и ответов» (Алматы: Қайнар, 2006), «Этика және нарық» (түрік тілінде, Анкара: Иепа, 1997), «Мәдени-философиялық энциклопедия. Оқу құралы» (Алматы: Раритет, 2007, «Ғылым философиясы мен тарихы» (Алматы: Раритет, 2008 «Қазақ философиясы» (Алматы: Раритет, 2010) және т.б. ерекше атап өтуге болады.
Оның ішінде «Қазақ мәдениетінің типологиясы» монографиясы соны әдістеме қолданылып жазылған өзінің эвристикалық жаңашылдығымен, терең ғылыми мазмұнымен зиялы қауым арасында кең танымал болды және олардың тарапынан лайықты бағасын алды. Профессор Т.Х. Ғабитовтың қатысуымен және тікелей жетекшілігімен бірнеше жобалар әртүрлі қоғамдық қорлардың грантына ие болды: «Мәдениеттанудың энциклопедиялық сөздігі» (Сорос Қорының зерттеушілік гранты, 2001), «Культура мира» (ЮНЕСКО Қорының бейбіт мәдениетті қолдау жөніндегі гранты, 2000), «Ашық қоғам және оның жаулары» («Зерде» қорының аударма мен редакциялау гранты), «Азаматтық білім беру» (СЕП Қорының гранты, 2003).
Оқырмандар мен студенттердің сұранысына ие болған бұл еңбектер марапаттаудан да кенде қалған жоқ. Тұрсекеңнің 2001 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қазақстан Республикасы онжылдығының үздік кітабы» байқауының лауреаты, 2003 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ахмет Байтұрсынов атындағы «Озат автор» медалінің лауреаты атануы соның куәсі іспетті. Еңбегі еленіп «Қазақстан Республикасы Білім беру саласының құрметті қызметкері» (2008), «Қазақстан Республикасы ғылым саласына қосқан үлесі үшін» (2007), А. Байтұрсынов атындағы (2004) медальдардың иегері атанды.
Өзге тілді білу сол халықтың мәдениетін де білуді аңғартады. Мәдениеттанушы ғалымның бойындағы қабілеттің тағы бір қыры тілдерді меңгеруінен де көрінеді. Бірнеше тілдерді игерген (қазақ, орыс, дари, түрік) Тұрсекең аударма ісіне де өзінің үлкен үлесін қосты. Ол елімізде қолға алынған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының Философия секциясының жұмысына белсене атсалысып, 20 томдық «Әлемдік философиялық мұра» және 20 томдық «Көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі қазақ философиясы» сериялары бойынша төрт томның құрастырушысы және көптеген томдарға аудармашы ретінде қатысып, қыруар еңбек атқарды. Оған қоса, Қазақ ұлттық энциклопедиясының (1-8 томдар) «Философия» секциясының төрағасы, «Қазақтардың мәдениеті» энциклопедиясының бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарды.
Байқап отырғанымыздай, Тұрсын Хафизұлының ғылыми шығармашылығының басты бағыты мен оның халыққа танымал еңбектерінің басым көпшілігі мәдениеттану ғылымына, қазақ мәдениетінің тарихы мен теориясына арналған. Отандық ғылымдағы мәдениеттану саласы бойынша алғашқы профессорлардың бірі ретінде ол кезінде мәдениет теориясы және тарихы мамандығынан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы мамандандырылған диссертациялық кеңестің ашылуына және оның жемісті қызмет етуіне атсалысып, ғылыми-ұйымдастырушылық қырынан да танылды.
Профессор Т.Х.Ғабитов Қазақстанда мәдениеттану ғылымының қалыптасуына өзінің қомақты үлесін қосқан ғалым ғана емес, дәл осы салада көптеген жас зерттеушілерге жетекшілік жасап, ғылыми бағыт-бағдар беріп, ауыр да абыройлы осы жолға жөн сілтеген ұлғатты ұстаз. Оның басшылығымен 6 ғылым докторы, 40 ғылым кандидаты диссертациялар қорғап шықты. Тұрсекеңнің бойындағы адамгершілік қасиеттерді – үнемі ғылыми ізденіс үстіндегі белсенділігін, адамды жатырқамайтын ашықтығын, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсете отырып, шәкірттеріне ерекше қамқорлық танытатын абзалдығын ерекше атап өткіміз келеді.
Өмір атты бұралаң жолдың жетінші онжылдығын толтырып отырған мәдениеттанудың майталманы – Тұрсекеңе зор денсаулық, мол бақыт, жеке және шығармашылық өміріне қажымас қайрат, сарқылмас шабыт тілейміз!
Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ,
ҰҒА академигі,
философия ғылымдарының докторы, профессор
Бақытжан САТЕРШИНОВ,
философия ғылымдарының докторы, профессор