Спорттық жарыстардың төресі саналатын Олимпиялық ойындар болса, ондағы жеңіске жиі иек артатынымыз тағы да бокс. Ал біз аталған спорттан биік белестерді бағындырудамыз деп ауыз толтырып айтамыз. Дұрыс. Алайда осы деңгейге жету үшін маңдай тердің төгілетінін қаншалықты білеміз. Осы ретте еліміздегі бокс мектептері мен секцияларында шыңдалып жатқан жастарды іріктеуде облыстық, республикалық турнирлер мен кубоктардың берері мол. Қазақстан бокс федерациясының алдағы кезде дәстүрге енгізілген республикалық арнайы кубогы да республиканың талантты боксшыларын танып, Олимпия ойындарында топ жарғызуға саяды. Таяуда Астанада еліміз бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаевтың төрағалығымен өткен федерацияның атқару комитетінің отырысы да осы төңіректегі тақырыптарға арналды.
Аталмыш отырыста сөз алған бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов ұлттық құраманың бапкерлер кеңесі бекіткен кестеге сәйкес 2012 жылғы Лондон Олимпиадасына дайындық барыстары жайына тоқталды. – Қазіргі таңда «Сарыағаш» шипажайында демалып жүрген боксшылар сауықтыру шараларынан өткеннен кейін Астанаға келіп, шартты жиындарға қатысады. Содан кейін Алматыда медициналық тексеруден өтіп, бұйыртса арнайы дайындыққа кіріспек. Ал желтоқсанның ортасына таман біздің қырандар Бразилияда өтетін оқу-жаттығу жиындарында күш-жігерлерін сынап көреді, – дейді бас бапкер.
– Бокс федерациясының кубогы жарысының негізгі мақсаты – еліміздегі боксқа ден қойған өрендердің таланттарын ашып,оны ары қарай дамыту болып табылады. Федерация президенті Тимур Құлыбаевтың бастамасымен жылда өткізіп тұруды дәстүрге енгізу жолға қойылып отыр. Осылайша біз Азия, Әлем чемпионаттары және Олимпия ойындарында жүлде әперер жастарды тануға мүмкіндік аламыз деп ойлаймын. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай өткізілетін бұл кубокты 16 желтоқсанда Астанада сарапқа салады, – дейді аталған федерацияның төрешілер құрамы бойынша жұмыстарды үйлестірушісі А.Егеубаев. Сондай-ақ, ол төрешілік ету саласындағы жетістіктерді де назардан тыс қалдырмады.- AIBA дәрежесіндегі үш жұлдызды төреші атақтарын бұған дейін бес жерлесіміз алса, былтыр бұған тағы да үш отандасымыз қосылып, мерейімізді үстем етті. Бұл әлемдік деңгейдегі үлкен көрсеткіш!
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, Астана.