Бизнес • 20 Қараша, 2017

Сұраныс көп, сапалы сүт аз

1554 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өңірде сүт өңдеумен оннан астам кәсіпорын айналысады. Олардың арасында «Молсервис» ЖШС, «Зенченко және К» КС-нің өнімдеріне сұраныс жоғары. 

Сұраныс көп, сапалы сүт аз

Алайда, тұтынушыларды сүттің сапасы әркез қанағаттандыра бер­мейтіні рас. Оны жер-жерлерден түсіп жатқан шағымдар да айғақтайды. Проб­леманың бір ұшы жеке сүт өнді­ру­шілерге келіп тіреледі. Сала маман­д­арының мәліметтеріне сүйенс­ек, сүт зауыттары шикізаттың 77 пайызға жуығын қосалқы шаруа­шы­лықтардан сатып алады. Оның 10 пайызы ғана тех­никалық стандарт талаптарына сәйкес. «Біз 2007 жылы 5,7 мың тонна сүт өндірсек, биылғы меже – 18 мың тон­на. 2,5 мыңға жуық сиыр бар, күніне 30 тоннаға дейін сүт сауы­лады. Шикі­зат құрамындағы бактериялардың май­дың мөлшері қалыпты деңгейде. Зертханалар арқылы қатаң тексеруден өтеді. Ал жекеменшік жөнінде бұлай кесіп айту қиын. Оларда гигиеналық таза­лық төмен. Әсіресе мал қоралардың жағ­дайы мен сүттің құрамы сын көтер­мейді. Тығырықтан шығудың бір жолы – сүт жинау жүйесін жетілдіру», дейді «Зенченко және К» командиттік серік­тестігінің директоры Геннадий Зен­ченко. 

Кеден одағы елдерінде бекітілген техникалық регламент бо­йынша шикізаттың әр шаршы сантиметрінде бактериялардың саны 500 мыңнан аспауы тиіс. Ал жергілікті шикізатта бұл көрсеткіш нормадағыдан 2-3 есе жоғары. Өңірде қатты ірімшікке деген сұраныс негізінен импорт есебінен өтеліп жүр. Өйткені ол тек төмен температурада тазартылған шикізаттан дайындалатындықтан, қайнатылған сүт жарамайды. Ал бірнеше мәрте өңделген жергілікті өнімнің құрамында пайдалы заттар азайып кетеді. Өңдеуге шығын көп жұмсалатындықтан бағасы қымбат. Үй шаруашылықтарындағы өнім тазалығы проблемасы түрлі басқосуларға арқау болғанымен, нәтиже шамалы. Тауарлы-сүт фермалары қоян-қолтық жұмыс істеуге мүдделі, бірақ жүрексінеді.

Сүт кооперативінің төрағасы Марат Мусин бүтін ауылдың өніміне бір ғана тұлғаның бекітілуі жауапкершілікті нығайтумен қатар, тасымал мәселесін жеделдетуге де ықпалын тигізетінін алға тартады. Бұрындары тұрғындардан жиналған өнім арнайы көліктермен сүт зауыттарына жеткізілетін. Суытылмаған сүт екі сағаттан кейін бүліне бастайтын. Оның зардабын алыс қашықтықтағы елді мекендер тартатын. Енді шикізат қабылдаумен, жеткізумен кооператив төрағасы тікелей айналысып, сүт салқындататын қондырғымен қамтамасыз етілсе, жағдайдың оңалары анық. 
Биыл ауылшаруашылық кооперацияларын қолдауға 1 миллиард 65 миллион теңге бөлініп, 293 жоба қаржыландырылды. Тұрғындар 3 мыңға жуық сиыр сатып алып, жаңадан 17 сүт қабылдау бекеті құрылды. 

 Қазір шикізаттың тапшы кезі. Осындай «өліара» кезеңде пысықай делдалдарды сапа емес, жеке бастың мүддесі көбірек қызықтырады. Екіншіден, ауылдықтар сүттен жасалатын қаймақ, ірімшік, құрт, тағы басқа өнімдерді сатып, ерен табысқа кенелгенді жөн көреді. Қайта өңдеу зауыттары болса осы олқылықтың орнын толтыру үшін кептірілген сүт ұнтағын пайдалануға мәжбүр, ол болса көбіне шетелден әкелінеді. Соңғы алты жылда сырттан 72 мың тонна кептірілген сүт сатып алынған. Былтыр елімізде 200 миллион доллардың сүт өнімдері импортталса, бестен бір бөлігі құрғақ ұнтаққа тиесілі. Жыл өткен сайын оның үлесі көбейіп бара жатқанын байқауға болады. Өңірге құрғақ сүттің 51 пайызы Украинадан жеткізіледі. Іргедегі Ресейде де бұл шикізаттың тапшылығы байқалып отыр. 

Геннадий Зенченконың пікірінше, шаруашылықтарды көп салаға бейімдемей болмайды. Ол үшін қатаң шараларға дейін қолдану керек. Сонда ғана әбден дәндеп алған құлықсыздық пен немқұрайлылықтың тамырына балта шабылады. Мәселен, облыста үш мыңға жуық серіктестік пен шаруа қожалығы егіншілікпен шұғылданса, үштен бірі ғана мал өсіреді екен. Енді әр 20 гектарға бір ірі қара малын ұстауды міндеттеу қажет. Олай болмаған жағдайда субсидия алу құқынан айырған жөн. Мал шаруашылығы тынымсыз еңбек пен орасан шығынды қажет ететіндіктен, ешкім айналысқысы келмейді. Бұл ұсыныс бір миллион гектар жерді иемденіп отырған алпауыт компанияларға тікелей қатысты. Сонда мал басы күрт көбейер еді. Біз инвестиция құйғаннан кейін тезірек пайда табу пиғылынан әлі арыла алмай келеміз.

Бұл орайдағы ой-пікірлер екіге жарылғанымен, шикізат тапшылығын жою, сүт өнімінің сапасын жақсарту толғақты күйінде қалып отыр. 

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы