Шымкенттен Бадамға қарай шықсаңыз жолдың сол жақ бетінен қайнап жатқан жұмысты көресіз. «Бадам» индустриялық аймағында өнеркәсіп орындарынан бөлек, ауыл шаруашылығы Елбасы айтқандай, экономиканың драйверге айналып келеді. О заманда бұ заман қазекең сиырды роботтар сауады дегенді естіп көріп пе еді. Шетел сөйтеді десе таң құланиектеніп атқаннан шелегі қолынан түспейтін шешелеріміз, «ойпыр-ай, орыс ойындағысын істейді деген осы екен ғой» деп ернін сылп еткізер еді.
Тірі шетелдік көрмегеннен кейін түрі жаттың бәрі орыс көрінеді білем. Сиыр фермалары бар ауылдарға қатты тиер еді. Қыз-келіншектер тізімге алынып, фермаға сауыншылыққа баратын. Бір қолын екі ете алмаған бригадирлер құлқын сәріде әр үйдің терезесін қағып, сауыншыларды асықтырып жүрер еді.
Ал, айтайық. Бүгінде Бадам индустриялық аймағында орналасқан «Бөрте-Милка» кешенді сүт фермасындағы ақылды 6 робот-сауыншы 400-ге жуық сүтті сиырды бір күнде өздері-ақ сауып шығады. Мұнда роботтарға «тұрыңдаршы-әй, сиыр сауатын уақыт болды» деп дегбірді алатын бригадир түгілі, бақташылардың өзі жоламайды.
«Бөрте-Милка» компаниясының құрылтайшысы Нұрәлі Әбіш роботтандырылған тауарлы сүт кешенінің талай қызықтарын айтып берді.
Сиырды сауынға бақташы айдаса қақпайлап, кейде таяқ тигізуі мүмкін. Ондайда сиырдан сүт қашады. Әр сиырдың күндік жем-су рационы бар. Желіні толған сиыр ешкімнің нұсқауынсыз, робот-сауыншы қондырғысына барады. Робот емшектерді залалсыздандырып жуып алады. Қондырғыда сиыр желінінде қанша литр сүт жиналғаны көрсетіліп тұрады. Робот-сауыншы қақтап сауып алғаннан кейін желінді жуып, дәрілеп жібереді. Сиырлардың осыншалықты ақылды болатынының себебі, құлақтарында компьютер қондырғысымен байланыстырылатын «чиптер» бар. Сиыр өз алдындағы жемді түгел жеп, қарны тоймай қалған жағдайда қосымша жем жеу үшін арнаулы орынға барады. Бақташылар сиырларды алыстан бақылап, жем-суын қамдап қойғаны болмаса, жандарына жоламайды. Тіпті сиырдың жатын орнын да тазаламайды, арнайы қондырғы жапалаған сәтте-ақ құрғатып отырады. Жазды күнгі аптапта қора іші ысып кетер болса кешен жабылып, желдеткіштер іске қосылады. Суық су бүркетін қондырғылар да бар.
Жазды күні оқалақ тиген бұзау-торпақтардың жанын қоярға жер таппай тапырақтап шауып жүргенін көргендеріңіз бар ғой. Мұндағы сиырлар да қасынғысы келеді. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, осы кешенде сиырдың үстін қышуы қанғанша қасып беретін қондырғылар да бар.
Н.Әбішев ферма жанынан сүт өңдеумен айналысатын ірі зауыт іске қосылатындығын айтады.
«Бөрте-Милка» сүт өндіру кешенінде бүгінде гольштейн-фриз тұқымды 700 сиыр бар. Оның 400-і сауылады. Әрқайсысы тәулігіне 35 литрден сүт береді. Қалған 300-і көктемде төлдейді. Сонда тәулігіне 25 тоннадай сүт алады. Мұнша сүтті өңдеп сатса, табыс молая түсері анық. Сондықтан тәулігіне 70 тоннаға дейін сүт өңдейтін кешенді іске қоспақ.
– Қазір нарықта түрлі концентраттар қосылған, құрғақ сүттен дайындалған сүт өнімдері бар, – дейді «Бөрте-Милка» сүт зауытының құрылтайшысы Н.Әбішев. –Ал біздікі нағыз табиғи сүт. Былайша айтқанда, сүт 1 аптадан артық сақталмайды. Бұл жерде біз айран, сүт өнімдерін одан кейін барып, қаймақ, ірімшік, балаларға йогурттың 6 түрін шығаратын боламыз.
Тұтынушыға сапалы, балғын өнімді жеткізу – зауыттың алға қойған басты мақсаты.
Сүт өңдеу зауыты кооперацияға біріккен шаруаларға да тиімді болары анық. Арыс, Шардара, Ордабасы аудандарының шаруалары кооперативтің сүтін осында әкеліп өткізуіне болады. Әкелген сүт өңделіп, нарыққа шығарылады. Яғни, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облысының тұрғындарына сатылады.
Осы кешенге тартылған инвестиция көлемі 2,4 млрд теңгеге жетеді.
– Мұндай көлемде қаржы шығару кәсіпкерлерге үлкен салмақ, – дейді зауыт құрылтайшысы. – Зауытқа жұмсалған қаржының едәуір бөлігін Үкімет субсидиялап отыр. Алған несиеміздің жеңілдетілген тұстары көп. Бұл – шаруаларға үлкен мүмкіндік. Әйтпесе тәуекелге бару қиын. Сондықтан, шаруаларға осындай жағдай жасап отырған Елбасына алғысымыз шексіз. Қазақстан – әлемдегі бәсі биік мемлекеттердің қатарына қосылуға бет алған мемлекет, Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында біз бұл мақсатқа жетеміз.
Сиырларын роботтарға сауғызып, Оңтүстіктің ең ірі кешенді сүт фермасына айналдырған, енді зауытты іске қосуға талпынып жатқан жігіт ағасы осылай дейді. Енді Қазақстанның оңтүстік бөлігі ешқандай консерванттарсыз табиғи сүт ішетін болады.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы