21 Қараша, 2017

Жүйелі сөз жүлгесін табады...

3077 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Халқымызда «Жүйелі сөз жүл­гесін табады, жүйесіз сөз иесін табады» деген ұлағатты сөз бар. Бауырлас халықтарға ортақ осы аталы сөз Атамбаевқа қарай айтылғандай көрінеді бұл күнде.

Жүйелі сөз жүлгесін табады...

Бұлай деуіміздің өзіндік себебі бар. Кеше Қырғыз басшысы Алмазбек Атамбаев өзінің президент ретіндегі соңғы баспасөз мәслихатын өткізді. Көпшілік одан осыған дейінгі аңдамай сөйлеген қателігі үшін кешірім сұрауын күткені анық. Алайда өкінішке қарай, ол өзі бүлдірген жағдайды түзетудің орнына бұрынғы әдетіне қайта басты.

Несін жасырайық, соңғы кездері сан ғасырлық тарихы бар өзара ынты­мақ­тастықтың, туыстық жарасымды бай­ланыстардың іргетасына сызат тү­сіргендей болған бұл жайтты қанша жерден санамыздан алыстатуға тырысқанымызбен көршілес елдің ең жоғары мінберінен бастау алып, ақпарат кеңістігін шарлап кеткен жағымсыз хабарлар жүрегімізге шаншудай қадалуда.

Баршаға белгілі, Алмазбек Атамбаев Қырғызстанды соңғы 6 жыл бойы басқарып келді. Сарапшылардың айтуынша, осы уақыт аралығында Қырғызстан президенті экономикалық және әлеуметтік оң көрсеткіштерге қол жеткізе алмады. Бюджет тапшылығы мен сыртқы қарыз рекордтық деңгейге жеткен. Сондықтан болса керек, қоштасып жатқан басшы елді біріктірудің орнына араға жік салып, өзінің тиімсіз ел басқаруын жұрттан көруді әдетке айналдырған сыңайлы.

Елді біріктіріп, сыртқы байланыс­тарды күшейтудің орнына Атамбаев мырза біресе Қазақстанды, енді бірде Өзбекстанды, тіпті шалғайдағы АҚШ-ты айыптаған мәлімдеме жасады. Соңғы кездері Әзербайжан мен Түркия секілді бауырлас елдермен де қарым-қатынасын қиындата түсті. Сыртқы «жауды» түгендеген соң ол өз елінің азаматтарына шүйлікті. Мәселен, биліктің бейбіт жолмен ауысуына бар жағдайды жасап, өзінің президент болуына ықпал еткен Роза Отынбаеваны көрші елдермен туындаған мәселелерді дипломатиялық жолмен шешкені үшін айыптады. Одан қала, өзіне қажетті заңды қабылдамаған Жоғарғы Кеңес депутаттарын қаралап, кәсіпкерлерді елдің жауы етіп көрсеткісі келді. Дерттің асқынғаны сонша, қарапайым ел тұрғындарына – таластық қырғыздарға шүйлігіп, ауыр сөздер айтты. Ашуға булыққан Талас жұртшылығы президенттің бұл сөздері қырғыз азаматтарының шамына тиіп, халық арасына жік салғанын, адамдарды олай бөлуге болмайтынын айтып, кешірім сұрауды талап етті.

Еншісі бөлінбеген айырқалпақты ағайын жұрт та басшыларының оқыс әрекетін түсінбей қалған сияқты. Қыр­ғыз­станның бұрынғы мемлекеттік хат­шысы Осмонакун Ибраимов «Еге­менге» жарияланған мақаласында Атам­баевтың Қазақстанға қатысты пікірін мүлдем орынсыз санап, екі елді бір­лікке шақырады. Сол сияқты «Бүтін Қыр­ғызстан» партиясының басшысы Адахан Мадумаров бауырлас екі елдің арасына ешкім сына қаға алмайтынын айта келіп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа өтінішін білдіргені есімізде.

Жалған – жарға жығады. Басшының бәрі білікті, пайымы кемел, танымы терең, парасаты мол кісі болмауы мүм­кін. Бірақ ел сенімі мен жұрт жауап­кер­шілігін арқалаған адам жалған сөйлемеуі тиіс. Осы уақытқа дейін А.Атамбаевтың Қазақстан Президентіне деген жылы лебіздерін аямай білдіріп келгені мәлім. Мәселен, 2011 жылдың 4 ақпанында Қазақстанға ресми сапарында: «Біз қазақ халқының бауырмалдық көмегін және қолдауын әркез көріп, сезіп келеміз. Әсіресе Қырғыз елі үшін 2010 жылғы ауыр кезеңде оны өте қатты сезіндік» деген болатын. Ал 2014 жылдың 7 қарашасында: «Нұрсұлтан Әбішұлы, мен көп адамды мақтай бермеймін, бірақ Сіз туралы ылғи жақсы дүниелер айтқым келіп тұрады. Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, шын мәнінде, көңілі кең ұлы адамсыз және сол үшін де Құдай Сізді жақсы көретін секілді. Сол үшін де Сізге және Қазақстанға осындай көп жақсылықты төгіп беретін секілді. Осы уақытқа дейін Қазақстанда үлкен даму секірісі жасалды», деген сөзді айтты. Араға бір жыл салып, 2015 жылдың 12 тамызында: «Қырғызстанда Нұрсұлтан Назарбаев сияқты президент болмағандықтан біз дамуда осылай біршама артта қалып қойдық», деп ағынан жарылды. Атамбаевтың Қазақстан Президенті туралы айтқан жылы сөздері мұнымен шектелмегені белгілі. Ал енді мерзімі аяқталып, қызметінен кетер уақыттағы оғаш қылық, қиғаш сөзі мемлекет басшысы тұрмақ, қарапайым адамшылықпен қабыса бермейтіні анық...

Алмазбек Атамбаевтың президенттік мерзімі санаулы күнде аяқталады. Оның жапсарлас жатқан жекжат жұрттың жадында жақсы атпен қалуына мол мүмкіндігі бар еді. Тарихты кері айналдыра алмайсың. Енді жаңа президент Жеенбеков парасаттылық танытып, жағдайды түзейді деп сенеміз.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
«Егемен Қазақстан»