Қазақстан • 21 Қараша, 2017

Елімен етене «Егемен»

646 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстан» респуб­ли­калық газеті қоғамдағы орнын нығайту мақсатында биыл ауқымды реб­рендинг жұмыстарын жүргізді. Га­зеттің келбеті мен мазмұны заман тала­бына сай жаңғыртылып, жаңа ізге түсірілді.

Елімен етене «Егемен»

Жыл басынан бері еуро­пішімде шыға бастаған газет­те сарап­тамалық материалдарға басым­дық берілді, төл авторлары мен колу­м­нистері қалыптасты. Әр салаға ар­нал­ған жаңа айдарлар мен арнайы бет­тер, тың жобалар пайда болды.

Әлбетте, жаңа уақыт – интернет ке­ңістігіндегі мүмкіндіктер кезеңі деп сипатталғанымен сапалы газет контенті әлі де дәстүрлі оқырманның сұ­ранысына ие болып қала бермек. Өйткені қазір технологияның со­ны жетістіктері әркімнің қолына бір-бір камера, қолжетімді интернет жүйесі арқылы ақпарат тарату кеңіс­тігін «сыйлап» отыр. Әрине, талғамға таразы жоқ. Десе де смартфон мен гаджет иелерінің ой-пайымы тұтас редакцияның, қалыптасқан дәс­түрлі ақпарат құралының міндетін арқалауға қауқарсыз. Сондықтан да саналы оқырман сенімді ақпарат көзі ретінде дәстүрлі медианың өнімдерін тұ­тынады. Өйткені дәстүрлі медиа ақ­парат тарату қоғамның назарын аудару ғана емес, журналист алдындағы жа­уапкершілік екенін жіті түсінеді. Осы тұрғыда ғасырға жуық тарихы бар аға газетте ормандай оқырманның ойынан шығу ниетімен кері байланыс тетіктері жүйелене түсті. Бұл үшін оқыр­­мандарға газеттің күнделікті са­ны­ның едел-жедел жетуінің маңызы зор.

«Егемен Қазақстан» газеті осы уа­қытқа дейін оқырман қолына негізінен жазылым арқылы жеткізілді. Айталық, газеттің бөлшек саудадағы үлесі 1 ғана пайы­з­ды құрағандықтан, оқыр­ман­дардың 99 пайызы газетті жазылу арқылы алатын. Ал жеке саты­лым «Қазпошта» бөлімшелері арқы­лы ұйымдастырылып келді. Енді газеттің таралым саясаты қайта қара­лып, күнделікті газет нөмірі тұрақты түрде бөлшек саудаға шығарылатын болды. Яғни редакция мен тарату кәсіпорындары арасында газетті бөлшек саудада сату туралы келісімге қол жеткізілді. Мәселен, алдағы уақытта «Kazakhstan Today» агенттігі» ЖШС-іне қарасты «Караван» дүңгіршектер желісінің 61 нүктесінде «Егемен Қазақстан» газеті сатылымға шығарыла бастайды. Бұл дүңгіршектер Алматы қаласында орналасқан. Алып мегаполистегі газеттің сатылымы халыққа қыз­мет көрсету орталықтарында да жүргі­зілетін болады. Нақты айтқанда, «Эв­­рика пресс» ЖШС-мен бекіткен келісімшартқа сәйкес, газетті Алматы қаласының Бостандық аудандық және Әуезов аудандық ХҚО-дан алуға болады. Бұл мекенжайларға газет 2017 жылдың 26 қарашасынан бастап түсе бастайды. Ал Астана қаласында газет Сарыарқа аудандық және Алматы аудандық ХҚО-да сатылады. Газет сатылымын ұйымдастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Жалпы, өткен ғасырдың тоқсаныншы жыл­дарының ортасынан бастап га­зеттің жеке дүңгіршектерде саты­луы кілт тоқтағандықтан, нарық­тық те­тік­тер жүйесімен сатылымға шыға­ры­луы араға ширек ғасыр салып қайта­дан қолға алынып отыр деуге болады.

Бүгінде әлемдегі дамыған елдер­дің ақпараттағы мәдени кеңістігіне назар аударсаңыз, мерзімді басы­лым­дардың рөлі нығая түскенін аңдау­ға болады. Мәселен, Жапония инновациялық тех­нологияның түрлі буынын дүние­ге алып келіп жатса да мерзімді бас­пасөзден бас тартпаған ел. Айталық, жапонның «Асахи Шимбун» басылымы 6,2 миллион дана таралыммен күніне 2 мәрте жарық көреді. Жапон аралдарында күніне миллиондаған таралыммен оқырманға жол тартатын газеттер туралы көптеп мысал келтіруге болады. Бұл газет оқудың озық мәдениеті. Біздің міндетіміз де елімізде газет оқу мәдениетін нығайта түсу болмақ. Қазір айтулы сарапшылар газетті газет күйінде оқудың электронды нұсқаға қарағанда көз жанарына әсері, жадыға жатталуы ерекше болатынын айтып жүр.

Бас басылым оқырмандарының ау­қымды бөлігі бюджет қызмет­кер­лері, оның ішінде еліміздің түк­пір-түкпірінде еңбек етіп жатқан мұға­лімдер мен дәрігерлер қауымы  екені белгілі. Осы ретте оқырмандар басылым бетінен барлық салаға қатысты ақпаратқа қаныға алатынын айтқымыз келеді. Жыл басынан бері мектеп пен балабақша қызметкерлерінің оқу әдістемесі мен бала тәрбиесіне арналған «Тәлім» беті, жоғары білім беру жүйесіне бағытталған «Білім» беті жарық көреді. Аталған беттер алыс­тағы ауылдар үшін жаңа білім жүйе­сінің жаңалықтары мен әдісте­ме­лерінен хабардар болып отыруға жасалған мүмкіндік ретін­де бағаланып отыр. Сондай-ақ оқу­шыларды жаңа форматтағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге даярлауға кө­лем­ді орын берілді. Осы іспетті орам­ды жобалар әлі жалғасын табады. Бұл ретте редакция ұжымы Қазақ­стан мен жаһандағы өзекті оқиға­ларға бейжай қарамайтын озық ойлы оқырмандармен тығыз әріптестік орнатуға мүдделі екенін естеріңізге саламыз.