Елбасының тапсырмасымен «Нұр Отан» партиясы маңызды мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысына ұдайы бақылау жүргізіп келеді. Партия Төрағасы бірінші орынбасарының аймаққа арнайы келуінің де мақсаты – мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуына көз жеткізу. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 2017 жылы Маңғыстау облысына 80 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бүгінде бұл қаржыға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары жаңғыртылып, мектептер мен балабақшалар салынуда және өңірдің көлік инфрақұрылымы да қарқынды дамуда.
Осындай мемлекеттік қолдаудың жарқын көрінісі ретінде «Каспий» су тұшыту зауытын айтуға болады. Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов зауыттың жұмыс барысымен танысты. Келесі жылы кәсіпорынның өндірістік қуаты тәулігіне 40 мың текше метр су өндіруге жетпек. Осылайша облыс халқы тұтынатын ауызсудың жартысын өндіру мүмкін болмақ.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында Маңғыстау облысында жемісті жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың тағы бірі – «Мағаш нан» ЖШС. Бұл серіктестік тек облыста ғана емес, бүкіл еліміз бойынша ең ірі нан комбинаты болып табылады. Бүгінде мұнда ұннан дайындалатын кондитерлік, нан және макарон өнімдерінің 150-ден астам түрі шығарылады. Кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездескен Мұхтар Құл-Мұхаммед қазіргі заманғы неміс технологиясының жұмысымен танысты.
Маңғыстау облысы еліміздегі ең басты мұнай өндіретін өңірлердің бірі екені белгілі. Сонымен қатар бүгінде облыста қайта өндеу өндірісінің де өсу қарқыны анық байқалады. Тек биылдың өзінде индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша облыста жалпы сомасы 70 миллиард теңгеден асатын жеті ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары өңірдегі өндіріс орындарына білікті мамандар даярлайтын Маңғыстау политехникалық колледжінде болды. Қазіргі таңда бұл білім ошағы еліміздегі ең үздік он орта арнайы оқу орындарының қатарында. Мұнда дәнекерлеуші, токарь, металл өңдеуші сияқты облыста жоғары сұранысқа ие 20 мамандық бойынша мамандар даярлайды. Колледжде 71 оқу кабинеті, 6 шеберхана және 9 лаборатория жұмыс істейді. Барлық кабинет заманауи қондырғылармен жабдықталған. Соның ішінде бұрғылау жұмысының, автомобильдің және дәнекерлеу ісінің виртуалды жаттығу құралдарын ерекше атап өткен жөн. Одан бөлек, фрезер, токарь станоктары мен 7 компьютер сыныбы және интерактивті тақтамен жабдықталған 64 кабинет бар.
Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым жастарға ерекше көңіл бөліп келеді. Таяуда өткен партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жастарға зор сенім артып, олардың қоғамдық сананы жаңғыртудың алдыңғы легінде жүруі керектігін айтқан болатын. Осы тапсырманы басшылыққа алған партия Төрағасының бірінші орынбасары өңірдегі орта және жоғары оқу орындарының оқытушыларымен және студенттерімен кездесті. Өз сөзінде Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасы алдымызға қойып отырған міндеттердің, соның ішінде қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызы мен мәніне назар аударды. Кездесу барысында облыстағы талантты, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген, өз істерінің нағыз майталман мамандары саналатын он жас азамат партия қатарына қабылданып, оларға партиялық билеттері салтанатты жағдайда тапсырылды.
Сонымен қатар Мұхтар Құл-Мұхаммед партияның облыстық активімен кездесіп, онда Мемлекет басшысының Саяси кеңес отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру жөнінде ұйымның алдында тұрған нақты міндеттерді атап өтті.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы