Аймақтар • 21 Қараша, 2017

Қостанайда Корей жастары қозғалысының V форумы өтті

238 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әдетте, жастар шарасы өткенде сырнайлатып-кернейлетіп, даңғаза дабырлап кететіні бар. Сондай дүбірлі шаралардан жастардың ұстап қалатыны тым аз екенін де байқап жүрміз, шалқып, шаттана сөйленген сөздің бәрі сол жерде қа­ла­тындай көрінетін. Ал бұл жолы Корей жастары қозғалысының V форумы олай болған жоқ. Достық үйінің мәжіліс залына жиналған үркердей ғана топ форум өткізді. Оған Қазақстанның бірнеше облыстарынан Корей жас­та­ры қозғалысының жетекшілері келді, сонымен қатар Оңтүстік Кореяның Қазақ­стандағы Төтенше және өкілетті елшісінің орынбасары Хан Ман Чун мен Қазақстан корейлері қауымдастығының төрағасы Сергей Огай қонақ ре­тінде қатысты.

Қостанайда Корей жастары қозғалысының V форумы өтті

Корей жастарының қозғалысы қоғамдық ұйымы жиырма жылдан бері ілкімді де белсенді жұмыстар жүргізіп келеді. Олар қауымдастық жоспарлаған ша­ралардың барлығына қатысып, бас­тама көтеріп, түрлі жобаларды жүзеге асы­рып отырады. Сонымен қатар Корей жас­тары қозғалысы көп ұлтты, интер­на­ционалдық ұйым болып табылады. Олар тек ақылды, креативті, талантты жастардың басын қосып, бір мақсатқа жұмылдырады. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты шет тілдер фа­культетінің І курс студенті Карина Олжабаева осы жастар ұйымының бел­сен­ді мүшесі екен.

–Біздің ұйымда барлық ұлттың өкілдері бар. Біздің мақсатымыз тиім­ді, нақты істер тындырып, Отаны­мыз­дың гүлденуіне үлес қосу, дос­тық­ты, бір­лікті, патриотизмді насихаттау бо­лып табылады. Мысалы, маған корей тілі, музыкасы ұнады, корей ұлтынан достарым бар. Мен сальмунори аспабында ойнауды үйреніп алғанмын, қазір топ­­та ойнаймын. Біз түрлі жобалар­ды жү­зеге асырамыз, Қазақстанның мем­ле­кеттік мерекелерінде түрлі шара өт­кі­­земіз, өзге ұлыстардың ұлттық ме­ре­­ке­лерінен де тыс қалмаймыз, қайы­рым­дылықпен айналысамыз. Мысалы, би­ыл жазда «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасы аясында Торғай өңірінде, об­лыс­тың басқа аудандарында болып, қайырымдылық концертін бердік, – дейді Карина.

Форумда Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төра­ға­сының орынбасары – хатшысы Мә­жит Шүленов, Оңтүстік Кореяның Қазақ­стандағы Төтенше және өкілетті е­л­ші­сінің орынбасары Хан Ман Чун, Қазақстан корейлері қауымдастығының тө­ра­ғасы Сергей Огай, Қостанай облыс­тық корей этно-мәдени қоғамдық бір­лес­­тігінің төрағасы Игорь Ким жастарды құттықтап сөз сөйледі.

– Екі ел арасындағы ынтымақтастық Қазақстан тәуелсіздігін алған жыл­дардан бастап дамып отыр. Жас­тарсыз қай ұлттың да болашағы жоқ. Екі ел арасындағы экономикалық, сая­си, мәдени және спорттық қатынас­тар­ды өрістететін сіздерсіздер, – деді Хан Ман Чун.

Бүгінде Қазақстанда корей ұлты­ның төртінші ұрпағы тұрып жатыр. Биыл корейлердің Қазақстанға зор­лықпен қоныс аударылғанына 80 жыл толады. Қазақстан корейлері қау­ымдастығының төрағасы Сергей Огай жастар қозғалысының тамаша бас­та­маларын көргісі келетінін айтты. Қауымдастық биыл әлеуметтік ро­лик­терге байқау жариялаған болатын. Алты айдың ішінде оған 200-ден аса жұмыс түскен, соның арасынан 30 ролик іріктеліп алынып, байқауға қа­тыстырылды. Онда бірінші және екін­ші орынды қостанайлық жастар жеңіп ал­ды. Форумда олардың жұмысы көр­се­ті­ліп, Батыр Оспанов пен Кирилл Когайға жүлделері тапсырылды.

– Мен роликте жасөспірімдерді суицидке бастайтын психологиялық тығырықтан алып шығу, бақытсыз жағ­дай­дың алдын алу оның орта­сы­ның, ере­сектердің міндет-пары­зы екенін айт­қым келді, – дей­ді «Агро­маш­Холдинг» машина құрас­ты­ру зау­ы­­т­­ында қызмет істейтін Батыр Ос­па­нов. Қазақстан корейлері қауым­дас­­ты­ғы­ның төрағасы Сергей Огай би­ыл бұл әлеу­меттік ролик байқауын тә­жі­рибе ре­тінде бастағанын, алдағы уақыт­та жыл сайын өткізілетінін айтты. Ол фо­румға қатысушы жастармен емен-жар­қын әңгімелесті, олардың сауал, ұсы­ныстарын, пікірлерін тыңдады.

– Қазір әлем өзгеріп отыр. Біз, биз­нес­тегі, басқа да салалардағы аға буын өкіл­дері, топ менеджерлер бірігіп, жас­тармен жұмыс жүргіземіз. Біздің ара­мыздан жаңа лидерлер өсіп шығуы тиіс. Олар алдыңғы буынның соңынан еріп, Қазақстанның игілігіне жұмыс істеуі керек. Елбасы алдымен елу елдің қа­та­рына кіру туралы мақсат қойғанда ол бізге ертегідей көрінген еді. Ал қазір сол елу елдің қатарындамыз, ен­ді Қазақстан озық отыз елдің арасы­нан көрінуі үшін алға ұмтыламыз. Қазақ­стан­ның қалай дамып отырғанын біле­сіз­дер. Даму барлық саладағы озық істер­ден тұрады, ал оны жүзеге асыратын тағы да жастар. «Бүгінгі жастардың мақ­сат-мүддесі қандай?» деген ойды оты­рыстың тақырыбына айналдырғым келеді, – деді Сергей Отай.

Форумға қатысушылар жергілікті жер­лерде жастардың өзімен өзі тома­ға-тұйық қалатынын, орталықпен бай­ла­ныстың нашарлығы туралы, тағы бас­қа көптеген өткір мәселелер мен ойла­рын ортаға салды. Сергей Огай жас­тарды түр­лі бастама көтеріп, қызықты жоба­лар жасауға шақырды. Бұл орайда оларға барлық көмек көрсетілетінін де жеткізді.

Форум аясында тренинг, тәжірибелік жұ­мыстар ұйымдастырылды. Жастар ша­расы әдеттегідей көңілді концертпен аяқталды.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ