«Ақ халатты абзал жан» жерлестер форумына бұрын Тайпақта дүниеге келген және қызмет еткен 32 білікті маман қатысып отыр. Олардың бесеуі көршілес Атырау облысынан келіпті. Дәрігерлермен бірге Орал қаласынан алыстағы ауылға жылжымалы флюрография және мамография автокешендері де жол тартты.
– Шалғай ауылдарда медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында облысымыздың білікті дәрігерлері Тайпақ ауылында болды. Олар тұрғындардың хал-жағдайын тексеріп, консультация берді. Ауыл халқы маман дәрігерлерді іздеп қалаға сабылмай, өз ауылында жүріп денсаулығын түзеуге мүмкіндік алды. Мұндай шара болашақта басқа ауылдарда да жалғасын табады, – деді облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының емдеу ісі бойынша орынбасары Гүлнәр Әбдірахманова.
Ақжайық ауданында халыққа 1 орталық аудандық аурухана, 1 ауылдық аурухана, 11 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік акушерлік пункт, 29 медициналық пункт қызмет көрсетеді. Ақжайық аудандық орталық ауруханасы 1974 жылы салынып, 2016 жылы аудандық аурухана «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен. Ауруханада 120 кереуеттік 2 стационар: хирургия, травматология, гинекология, емдеу, балалар, патология, перзентхана, жұқпалы аурулар бөлімдері, кардиологиялық және неврологиялық оңалту қызмет көрсетеді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлағандай, 2018 жылы стационарда мейірбикелік және палиативтік көмек көрсету жоспарлануда. Аудандық аурухана жоғары медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Аудан бойынша 62 дәрігердің 17-сі, 294 орта буын медицина қызметкерінің 155-сі санатқа ие. Сонымен қатар 13 дәрігер, 25 орта буын қызметкері, 3 психолог маман біліктілігін арттыру курстарына қатысып, білімін жетілдірген.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы